КИНО ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҒЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙ МЕ?

1122
0
Бөлісу:

Айтты-айтпады, соңғы кездері қазақ киносының қадірі қашып, көрермен сапалы дүниеге шөлдеп қалды. Әлі күнге алға тартатын алтын қорымыздағы киноларымыздан кейін жарқ еткен дүние болмаған соң, көпшілік сапасы сын көтермейтін киноларды көруге мәжбүр болды. Осы тұста кино түсіргіш әуесқойлардың дәуірі жүрді. Әнші де, әзілкеш те кино түсіріп кетті. Ал кино өнерінің нағыз майталмандарына мүмкіндік болған жоқ. Көрерменін аш қалдырған бұл мәселе тек заңның шеңберінде ғана орындалардай көрінді. Кино саласына қатысты мамандардың бәрі тек осы заң қолданысқа енгенде ғана түйткілдің түйіні тарқатылады деп сенді. Енді міне, он жылдай ойландырған құнды құжатымыздың алғашқы жобасы мақұлданды. Бұл заң енді, шынында да, біздің жоғымызды түгелдей ме? Гәп – сонда.

«НОЛЛИВУДТЫ» ДА, «ГОЛЛИВУДТЫ» ДА БАСЫП ОЗУЫМЫЗ МҮМКІН 

Бұл енді сапа жағынан емес, сан жағынан айтқан болжамымыз. Өйткені күніне бір кино түсіре салатын Нигерия мемлекетіндегі «Нолливуд» деп аталатын кино­өндіріс орталықтарынан кем емеспіз. Отандық өнім деп біз де күнде бір киноны әлеуметтік желі­лерге салып жатырмыз, салып жатырмыз…Біздегі кино­нарықтың осы деңгейге жетуіне себеп көп. Ол туралы сәл кейі­нірек. Сан жағынан, тіпті жылы­на …. кино шығаратын Голливудты да басып оза жаздаппыз. Кине­матография саласына түбегейлі өзгеріс әкелуі тиіс заң жобасы енді бұған тоқтау салып, саннан сапаға көшуге жағдай жасамақ. Бұл қандай жағдай?

ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҮЛЕСІ ОН-ақ ПАЙЫЗ 

Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл саланың тынысын ашатын алғашқы заңның қабылдануын маңызды оқиғаға балап отыр. «Бұл – өте күрделі де ауқымды заң. Ол ұлттық киноның ары қарай дамуы жолында түбегейлі өзгерістер алып келеді. Оның үш бағыты бар. Жаңа заң, біріншіден – ұлттық фильмдер өндірісін қолдаса, екіншіден – ұлттық ки­ноның кең таралуын қамтамасыз етеді. Ал үшіншіден – қазақ­стандық киноның халықаралық нарыққа шығуы, оның ішінде бірлескен кинофильмдер және әлемнің жетекші киноком­панияларымен бірлескен өнімдер жасауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Елімізге жыл сайын орта есеппен 300-ге тарта шетелдік өнім кірсе, оның 10 пайызы ғана өзіміз өндіріп отырған туындылар екен. «Өзіміз жылда өндіретін 30-40 фильмнің 20 пайызы Қазақ­фильмнің, қалған 80 пайызы – жекеменшік студиялардың туын­дылары. Демек, бізде жеке­меншік студиялардың әлеуеті бар. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылып, прокат мәселесі шешілетін болса, отан­дық фильмдер лап ете қалғалы тұр» дейді депутат Бекболат Тілеу­хан. «Кім біледі?» деп мысықтілеу болмай-ақ қоялық. Осыған сенейік. Қалай болған күнде де отандық өнімдеріміздің үлесі 90 пайызға жететін күнді көруге біздің де қақымыз бар. Бізде бұл саланы дамытып, өр­кендететін мықты майталман­дардың барына сенетін депутаттар бірауыздан «Кинематография туралы заң еліміздің мәдениетіне, өнеріне, идеологиясына ғана емес, қала берді, экономикасына да айтарлықтай ықпалы болған­дықтан, ел өмірі, ұлт тағдырына бейжай қарай алмайтын кез келген азамат үшін бұл маңызды құжат. Түйткілді жағдайлар осы заң жобасында шешімін тапқан. Әбден иіні қанып қарастырылған заңдардың бірі болды. Өйткені бұған қоғамда осы салаға қатысы бар адамдардың біразы қатысты» деп отыр.

АНИМАЦИЯ НЕГЕ АҚСАП ТҰР?

«Кинематография туралы» заң отандық фильмдерді кө­рерменге еркін жеткізу жүйесін жасап беру үшін әзірленіп отыр­ған дүние. Министрліктің мә­ліметінше, бірнеше жыл ішінде прокаттағы ұлттық киноның үлесі 2014 жылғы 6 пайыздан 12,5 пайызға екі есе өскен. Соңғы үш жылда министрліктің тапсырысы бойынша 20 көркем, 67 деректі, 4 анимациялық картина шыға­рылыпты. Олардың барлығы еліміз­дің тарихы, мәдениеті, дәстүрі, қазіргі жетістіктері, та­рихи тұлғалары, «біздің заманы­мыздың қаһармандары» сияқты тақырыптарды қамтыған. Бұл кинолардың дені еліміздің барлық кинотеатрында таратылып, халықтың барлығы көрді деп те айта да алмаймыз. Оның да өзін­дік себептері бар. Ал енді үш жыл бойы тек төрт анимациялық картина жасау министрліктің атына сын екені рас. Анимация аз болған соң да болар, бүгінде екі­нің бірі осы бағытта жұмыс істеп кетті. Бірақ олардың арасын­да елдің есінде қалып, талайдың таң­дайында жүргені жоқ. Сондықтан әсіресе, анимацияның алдағы тағдырын талқылап, сапалы өнімді өндіруді талқыға салудың да артықтығы болмас.

АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР 

Тағы айта кетерлігі, жаңа заң бойынша Үкімет қазақ киносына бөлінген қазына қаржысын түсірілім аяқталған соң қайтарып алатын болады. Осыған дейін «Қазақфильмге» жылына бөлініп келген 4 млрд теңгені ешкім сұрамапты. Жаңа заң күшіне енсе, мемлекет есебінен түсірілген киноның шығынын режиссерлер қайтарады. Алмақтың да салмағы болған кезде, сапалы дүниені шығаруға болады. Кино қанша­лықты құнды? Ол көрерменге ұнай ма? Сапасы қандай? Міне, осы сұрақтардың жауабын бере алатын болғанда ғана режиссер ғана кино түсіруге барады. Енді заң бойынша әлеуметтік немесе балаларға арналған киноның авторлары жұмсалған ақшаның 20 пайызын, ал өзге фильмдер 100 пайызын мемлекетке тапсырады.

КОМПАНИЯЛАР ҚАЗАҚ КИНОСТУДИЯСЫН МЕНСІНБЕЙ МЕ?

Осыған дейін прокаттық компаниялар көп жағдайда қазақ киностудиясына көз жұма қарап келді. Ондағы сылтауларының дені «аргументтерінің көбі голливудтық стандартқа сай емес, жарық, дыбыс сияқты компонент­тер талапқа сәйкес келмейдіге» саяды. Алайда өздері көреткен қанашама кино сапалы болғаны­мен оны қазақ киносының көр­сеткіші деп те айта алмайсың. «Бір кино табысты болды деп, қазақ киносын голливудтық бәсе­кеге жібере салуға болмайды. Отандық кино мемлекеттің қам­қорлығында, қарауында болуы керек. Оны «Қазақфильм» өндіре ме, жекеменшік киностудия өн­діре ме, бәрібір. Кейде бокс-офис­тің көрсеткіші жалпы, про­каттағы отандық фильмдердің беталысы қандай болатынын біз білмейміз. Яғни, бізге отандық өнімдерге қатысты нақты жүйелі болжам, анализ керек, ақпараттық жүйе керек» деп айтты Бекболат Тілеухан.
Депутаттың айтуынша, аталған заңмен мониторинг жүр­гізетін дәл осындай ақпараттық жүйе құрылатын болады.

ҚАЗАҚ ТІЛІ – КИНОНЫҢ ТІЛІ БОЛА АЛА МА? 

Кинематография туралы жаңа заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне айрықша мән беріліпті. Осыған дейін елге келген 300-ге жуық шетелдік фильм­дердің барлығының прока­ты қазақ тіліндегі нұсқасыз жаса­лынған. Осының әсерінен, тіпті қазағы көп деген Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында да фильмдердің қазақша нұсқасы көрсетілмей келді. Мәселен Қытайда, АҚШ-та барлық фильмдерді түпнұсқа тілінен аудиторияның тіліне субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті шарт болып табылады. Осы шартты біздің билік те заңға енгізбек. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Министрлік бүгінде фильм тілін қазақ тіліне аудару­дың үш нұсқасын ұсынып отыр. Дубляж, субтитрлеу және фильм­дерге кадрдан тыс аударма жасау.


P.S.

Қалай десек те, бүгінгі күні қазақ кинематографиясы туралы заңның қарауға шығарылып, қабылданып отырғанының өзі кино саласы үшін үлкен бір жетістік екені рас. Енді осы жетістіктің тезірек жеміс бергені керек.


Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*