Головкинді жеңгеннен кейін Альварес ұлды болды

1030
0
Бөлісу:

Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль «Канело» Альварес үшінші рет әке атанды. Бұл туралы Америкадағы испан тілінде хабар тарататын Univision телеарнасы хабарлап отыр.

Альвареске ұл сыйлаған жарының аты – Нельда Сепульведо. Ол боксшы екеуі біріге отырып балмұздақ бизнесін жүргізеді екен. Өмірге келген сәбиге Сауль Адиэль есімі берілген. Әзірге боксшының өзі бұл жаңалығы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында немесе БАҚ арқылы айтқан жоқ.

Сенімді ақпарат көздерінің дерегіне сүйенсек, Альварестің бұған дейін Эмили Циннамон және былтыр желтоқсан айында туған Мария Фернанда Гомес есімді қыздары бар екені хабарланған еді.

Еске сала кетейік, Сауль Альварес 16 қыркүйек күні қазақстандық Геннадий Головкинмен екінші мәрте жұдырықтасып, жеңіске жетті. Соның нәтижесінде мексикалық боксшы WBC, WBA (Super), IBO және The Ring титулдарын иеленді.

Үш баласының бар екеніне қарамастан, Альварес ешқашан заңды некеде тұрмаған. Онымен салыстырғанда Головкин – үлгілі отбасын құра алып отыр. Қазақстандық спортшы 2007 жылы Алина есімді арумен шаңырақ көтерді. Қазір олардың бір ұл, бір қызы бар. Ұлы Вадим шайбалы хоккеймен кәсіби түрде айналысады.

Головкин мен «Канело» арасындағы бірінші жекпе-жек былтыр 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өтіп, 12 раундқа созылған болатын. Одан кейін қос боксшы 2018 жылдың 5 мамырында жұдырықтасуға келіскен. Алайда мексикалық боксшы допинг дауына ұрынып, Головкин шұғыл түрде Ванес Мартиросянмен кездесуге мәжбүр болды. Айта кетейік, бұл жолғы сәтсіздік – Головкиннің карьерасындағы алғашқы жеңіліс ретінде тіркелді. Қос боксшы да енді рингке келер жылдың көктемінде оралады деп болжануда.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*