Бизнес банктерге сене ме?

1160
0
Бөлісу:

Ұлттық банк «Астана Банкін» банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырды. Енді қаржылық реттеуші «Астана Банкінің» жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтату жөнінде сотқа жүгінбек. Тамыздың соңында Эксимбанк пен Qazaq bankiне қатысты осындай шешім шығарған еді. Ұлттық банктің хабарлауынша, «Астана банкінің» лицензиясынан айырылуына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 48-бабында көзделген негіздер бойынша төлем және аудару операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін, пруденциялық нормативтерді және орындалуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзғаны, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны себеп болды.

Сондай-ақ лицензиясынан айы­рыл­ған банкке уақытша әкімшілік та­ғайындалып, оған банктің барлық бас­қару органының өкілеттігі өткен. Банк­­тің уақытша әкімшілігі өз қыз­ме­тін банкті тарату комиссиясы тағайын­дал­ғанға дейінгі кезеңде жүзеге асыра­ды. Уәкілетті органның нормативтік құ­­қықтық актілерінде көзделген шы­ғыстарды, банкке түскен ақшаны есеп­ке алуға байланысты жағдайларды қос­пағанда, клиенттердің және банктің өзі­нің банктік шоттары бойынша бар­лық операция 2018 жылғы 19 қыр­күйек­тен тоқтатылды.
«Астана банкі» жеке тұлғалар депо­зит­терін міндетті кепілдендіру жүйе­сі­нің қатысушысы болғандықтан, салым­шы­лардың ақшалары белгіленген тәр­тіппен қайтарылатын болады. Тең­гемен салынған салымдар бойынша – 10 миллион, ал шетел валютасымен ашыл­ған депозиттер бойынша – 5 мил­лион теңгеге дейінгі соманы Қазақ­станның депозиттерге кепілдік беру қоры төлейді. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, аталған банкте жеке тұл­ғалар­дың 41 млрд теңге көлеміндегі де­­позиті бар. Кепілдендірілген сомадан да көп депозиті бар тұлғалардың қатары 0,1 пайыздан аспайды. Банктің жұмы­сын мәжбүрлі түрде тоқтату туралы сот шешімі шыққан соң, 14 күн ішінде Қа­зақ­станның депозиттерге кепілдік беру қоры ЕДБ-дің біреуін төлем жүргізетін агент ретінде таңдап, салымшылардың қаржысын төлей бастайды.
Ұлттық банк таратқан мәлімдемеде бұл банктің қаржы жүйесіндегі актив­тері мен міндеттемелері 1 пайыз ғана бол­­ғандықтан, лицензиясынан айы­рылуы­нан басқа қаржы ұйымдары үшін тәуекелі болмайды делінген. Яғни, Қа­зақстанның банк секторындағы ұсақ банктің біреуі өз жұмысын тоқтатқан­нан, жүйеде елеулі өзгеріс бола қой­майды. Дегенмен соңғы екі жылда ірі банктер бі­рігіп, ұсақ банктер нарықтан кетіп жат­қаны айқын. Банктердің басына қа­ра бұлттың қайта-қайта үйірілуі ха­лықтың күдігін туғызып, бизнестің сені­міне селкеу түсірмек.
Мәселен, ranking.kz сарапшы­ла­рының тұжырымдауынша, қазақ­стан­дық бизнес банктерге сенбейді. Банк секторындағы соңғы өзгерістерге сәй­кес, заңды тұлғалар депозиттерінің кө­ле­мі кеміген. Сектордағы ірі-ірі ойын­шы­­лардың ішінде тек бесеуі ғана кор­­­поративтік салымдар бойынша порт­­фелін ұлғайта алған. Бизнес өз қар­­жысын банкке салуға құлшыныс та­­нытпай отыр. Оған кейбір банктердің ли­цензиясынан айырылуы, екіншісінің мәжбүрлі түрде таратылып, ірі банк­тер­дің бірігуі себеп болып тұр.
Қазіргі кезде бүкіл банк секто­рын­дағы заңды тұлғалар депозиттерінің көлемі – 8,72 трлн теңге. Өткен жылмен са­­лыстарғанда, бұл көрсеткіш 1,6 пайыз­­ға төмен. Корпоративтік салым­дар­­дың көлемі үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді. ranking.kz келтірген мәліметтерге сүйенсек, олардың қор­ландырудағы көлемі да жылдан-жылға азаюда. Мәселен, қазіргі кезде заңды тұлғалар салымы банк депозиттерінің тең жартысын құрап тұр. Ал осыдан 5 жыл бұрын оның көлемі 62,5 пайыздан кем болмаған.
Оның үстіне екінші деңгейлі банк­тердің көпшілігі жеке тұлғалардың са­лымдарына басымдық беруге көш­кен­діктен, кей банктер корпоративтік салымдар бойынша өз позицияларын жо­ғалтып жатыр. Банк секторындағы ірі 7 қаржы ұйымының ішінде тек бе­сеуін­де ғана бизнес салған салымның көлемі көбейген. Соның ішінде Forte­Bank-тегі заңды тұлғалардың депозиті 16,1 пайызға көбейсе, тек корпоративтік сектормен жұмыс істейтін Ситибанкте 35,6 пайызға артқан. Бұлардың қа­тарында Қазкоммерцбанк-пен бірігуі­нің арқасында Халық банк те тұр.
Ал корпоративтік салымдар Сбер­банк пен Цеснабанкте азайған. Заңды тұл­ғалар депозиттерінің жылдық пайыз­­дық мөлшерлемесі жеке тұлға­лар­дыкімен салыстырғанда, аздау. Мә­селен, 1 жылдық мерзімге ашылған де­по­зитке ForteBank 8,25 пайыздық мөл­шерлеме қойған. Жалпы, ірі-рі банк­тердің заңғы тұлғаларға арналған түр­лі ұсыныстары болғанымен, соңғы көр­сеткіштер бизнестің банк жүйесіне деген сенімінің төмендегенін байқа­тады.

Самал МӘКЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*