Мемлекеттік архив мерейтойын атап өтті

1998
0
Бөлісу:

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Шара аясында «ҚР Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» атты конференция жүзеге асты.

Жиынның ашылу салтанаты кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты тапсырылды. Онда «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру бағытын «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасына» балады. Архив саласы – өрелі өткеніміз бен кемел келешегімізді нақты деректермен байланыстырушы алтын көпір. Сондықтан ел халқының тарихи санасын жаңғыртуда, рухани құндылықтарды жұртшылыққа жеткізуде ұлттық архивтер жүйесі елеулі үлес қосып келеді. Сіздер республикамыздың кешегісі мен бүгінін баян ететін Қазақстанның сан-салалы тарихын, аудиовизуалды құжат түрінде Отанымыздың бейнелі шежіресін көздің қарашығындай сақтап келесіздер» делінген.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының орынбасары Ә.Мұстафина, Алматы облысы мемлекеттік архивінің бас директоры Г.Кұлмұханбетова, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің директоры А.Ботанов, Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы А.Исатаева, Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Тұрсынова, Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің директоры М.Төлебай, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры А.Шажалықызы, Қырғызстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар архиві директорының орынбасары М.Суваналиева, А.Тазабекова мен ғалымдар, ұстаздар, архив саласының мамандары қатысты.

Конференцияда  қазіргі кездегі архив ісінің дамуы мен болашағы, отандық аудиовизуалды архив саласының жетістіктері, оларды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілдері, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында архивтердің сандық жүйеге көшуі,  ақпараттық жүйеде ретроспективті құжаттармен қамтамасыз етудің маңыздылығы, мемлекеттік архивтерді сандық жүйеге келтіру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің 75 жылдығына арналған «Тарих – тамырың, болашаққа тағылым» атты көп сериялы альбом кітаптың тұсаукесері өтті. Альбомға революцияға дейінгі Қазақстан тарихынан сыр шертетін, бұрын-соңды жарияланбаған архив қорындағы маңызды деген суреттер ғана енгізілген. Алдағы уақытта альбом кітапты Қазақстан тарихын тарихи кезеңдерге бөле отырып шығару көзделіп отыр.

Архивтің киноқорында ең бірінші «Востоккино» студиясы және «Межрабпром» кинотресінің операторлары түсірген деректі очерктері жинастырылған. Сол жылдардағы түсірілген фильмдердің ішіндегі аса құнды таспалары мыналар: «Қазақтардың өмірі мен тұрмысы» (1927 ж.), «Алма-Ата – Қазақстанның астанасы» (1929 ж.), «Түрксіб» (1930 ж.) және т.б. Азаматтық және отан соғысына қатысқандар, еңбек ерлері жайлы, ғылым және өнер қайраткерлерінің: «Тұрар Рысқұлов», «Әлия», «Дина», «Амангелді Иманов», «Мәншүк», «Высокое небо Талгата», «Мәжит Бегалин», «Сәкен Сейфуллин» сынды және басқа да көптеген атақты адамдардың деректі фильм-портреттері Республика тарихының жеке дара парақтары десек те болады.

2012 жылы архив бірегей жаңа жабдыққа ие болды. Франция мемлекетінен әкелінген құрылғылар арқылы киноқұжаттарды ультрадыбыс арқылы тазартуға, сканерлеуге, құжаттың көшірмесін серверде сақтап, оны көрсетуге, HD форматында көшірмесін жасауға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда құнды деген дүниелердің барлығы тазалаудан, өңдеуден өткізіліп, заманауи сақтағыштарға көшірілуде. Бүгінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві заманауи техникалармен жабдықталған әрі қолданушылардың архивтік ақпараттарға кең көлемде қолжетімділігі қамтамасыз етілген.

Тасқын Тойбаев – Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры:

ТАРИХ ТАМЫРЫ – АРХИВТЕ

Әрбір мемлекет өзінің дамуы барысында ең алдымен мемлекеттің тарихына ерекше көңіл бөледі. Елімізде де тарихтың нағыз қайнар көзі – архив қызметі бүгінде қоғамдық-мәдени өмірдің алдыңғы қатарына көтерілді. Өйткені отан тарихы ұлттық сананың іргетасы. Архивтердің негізгі мақсаты – төл тарихымызды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, өскелең ұрпақтың тарихи танымдарын дамыта отырып ұлттық рухта тәрбиелеу болса, ғылыми ізденушілерге, ғалымдарға, халыққа олардың сұранысын қанағаттандырарлықтай жан-жақты мәлімет беру, білікті архив қызметкерлерінің құзырында тұр.

Бүгінде бүкіл әлем елдері үшін материалдық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қаншалықты маңызды болса, рухани жаңару да соншалықты маңызды. Себебі ел халқының рухани сапаларының ұшталуы сол елдің экономикасының қарыштап дамуын қамтамасыз етеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы материалдық сфера мен руханяттың өзара тәуелділігі мен күрделі байланысы дөп көрсетілген.

Мәселен, Қазақстан археологтары Жер шары халқын таңдандарған ондаған көне ескерткіштер мен «алтын адамдарды» тапты. Демек, қазақ тарихы тым әріде, біздің заманға дейін де ата-бабаларымыз, әлемдегі ең озық мемлекеттермен сан ғасыр иық теңестіріп өмір сүре алған. Нағыз бәсекеге қабілетті халық болған. Олардың ұлы істерін жалғастыру, осыншама құнды қазыналарды кейінгі ұрпаққа аманаттау біздің тарихи миссиямыз десек те болады.

Тез әрі қарқынды түрде өзгеріп отырған мына әлемде архив саласындағы қызметкерлер үшін де, жалпы архив қызметі үшін де «Архив қызметін қалай жақсартамыз?» және де екінші, «Тарихи құндылықтардың мұрты бұзылмаған күйінде кейінгі ұрпаққа аманаттаудың жолы қандай?» деген сұрақтың өзінде заман талабы өзгерісті қажет ететіндігі көрініп тұр. Сондықтан ХХI ғасырда білікті архивист болудың маңызы зор. Негізгі мақсат – жаңа замандағы архив қызметіндегі мәселелерді айқындау, жетекші орнын белгілеу, сонымен бірге осы сала бойынша әлемдік тәжірибеге зер салу.

Қазіргі заманғы архивтердің сандық жүйесін құру, жұмыс істеудің инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу архив саласы қызметкерлерінің кәсіптік құзыреттілігіне жоғарғы талаптар қоюда. Жаңа технологиялармен жұмыс істеуде, оны меңгеруде архив қызметкерлерінің жан жақты білімі қажет. Қазіргі архивист жүйелі түрде өнімді жұмыс жүргізе алатын, техникалық өзгерістерге тез төселетін, архив қызметін пайдаланушылармен ортақ тіл табыса алатын, білімді, іскер, шебер болуы керек. Архив саласына енгізіліп жатқан сандық жүйе сынды жаңа технологияның ерекшеліктері халықты өз тарихымен сусындату, өсіп келе жатқан жас тұлғаның бойына елжандылықты сіңіру.

Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы архив саласының заңнамалық базасын жетілдіруге, архив ісінің жекелеген бағыттарының тиімділігін арттыруға, қызметін кеңейтуге бағытталған. Аталған заңда ұғымдық аппарат кеңейтілді, мемлекеттік архивтер ақылы негізде көрсететін қызметтер тізбесі нақты көрсетілген. Ақылы қызметтердің қатарына атап айтар болсақ, тақырыптық, генеалогиялық сұраулар, архив құжаттарының депозитарлық сақталуы және де тағы басқа көптеген қызмет түрлері жатады. Ақылы қызметтен түскен қаражат архивтердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға әрі осы салада қызмет атқарып келе жатқан мамандардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл өз кезегінде осы салаға қызығушылығы бар мамандарды ынталандырады әрі олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасалмақ. Ақылы қызметтен түсетін қаржының тағы бір бөлігі осы архивті заманауи техникамен жабдықтауға жұмсалатын болады. Яғни көгерген, бүлінген зақымданулармен күресуге, материалдардың техникалық жай-күйін үнемі бақылауға бағытталады. Қазіргі уақытта архив қорының 80% қайта қалпына келтіріліп, сақталып, заманауи тасығыштарға ауыстырылды. Қолжетімділікті арттыру мақсатында сандық жүйеге көшу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жыл сайын 5 мыңға жуық кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс.

Әлемде жаңа технологиялар бір орында тұрмай әрқашанда қарқынды даму үстінде. Елбасымыз өзінің мақаласындағы сөзін келтірсек «көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын» білу үшін қазіргі уақытта жаңа технологияларды игеру негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Болашақта қоғам және жалпы адамзат өмірі талай өзгерістерге ұшырайды. Өмір салтымыз, тұрмысымыз, адам арасындағы қатынас тәсілдері барлығы дерлік түбегейлі өзгереді. Бұл барлығы жаңа технологиялар ағынының алып келетін өзгерістеріне байланысты болады.

Айта кетейік, 2012 жылы архивіміз бірегей жаңа жабдыққа ие болды. Франция мемлекетінен әкелінген құрылғылар арқылы киноқұжаттарды ультрадыбыс арқылы тазартуға, сканерлеуге, құжаттың көшірмесін серверде сақтап, оны көрсетуге, HD форматында көшірмесін жасауға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда құнды деген дүниелердің барлығын тазалаудан, өңдеуден өткізіп, заманауи сақтағыштарға көшірудеміз.

Қазақстандық танымал ғалымдар мен зерттеушілерді біріктірген бас қосуда «Қазақстан Республикасының Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» тақырыбы бүгінгі күнде өте маңызды тақырыптардың бірі болып отыр. Архив ұрпақ тәрбиесінде, мемлекеттің саяси мәдениетінде, қоғамда ерекше орын алады. Қазіргі заманда архив қызметін пайдалану – ұлттық бірлікті және өркениеттің өзіндік құндылықтарын қалыптастырудың негізгі зияткерлік және мәдени ресурстарының бірі. Осыған байланысты қазақстандық архив саласын жаңғыртудың қазіргі кезеңінде пайда болған мәселелерді шешу талап етіледі, ал уақыттың талабымен туындаған жаңа мақсаттар Қазақстанның архив саласы мен ғылым үшін өзекті.

Қазіргі таңда елімізде ұлттық тарих және архив саласындағы зерттеулерді кеңейту мен тереңдету жөнінде ауқымды міндеттер іске асырылып жатыр. Мәселен, еліміздің ғалымдарының шетелдерге жүргізілген жұмыс сапарларының арқасында, сондай-ақ ел ішіндегі жергілікті азаматтардан қазақ тарихына қатысты құнды деректер табылып, жинақталып, ел игілігіне айналып отыр. Ел азаматтарының құнды жәдігерлерді бізге тапсыруын үгіт-насихат жұмыстарының қарқынды жүргізілуімен түсіндіреміз. Архивіміз жылдан-жылға өз қызметін жандандырып, тарихқа сусаған халықтың шөлін басуға өз қызметін арнап келеді. Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде сақталған құнды құжаттар – еліміздің әрі бүкіләлемдік тарихтың бөлшегі. Архив өз кезегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев алға қойған мақсаттарға сәйкес, «Жаһандану әлеміндегі замануи Қазақстанның мәдениеті» бағдарламасын дәріптеу мақсатында жұмыстарды жалғастыруда. Архив «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» тақырыбындағы стационарлық және виртуалдық фотокөрмелердің тұтастай серияларының авторы болды.

Заман дамыған сайын архивтің алдынан мынадай келелі мәселе шықты: түпнұсқаларды дер кезінде заманауи тасығыштарға көшіру жұмысы басталмағанда, уақыт өте келе архив пайдаланушыларға керекті құжаттарды бере алмаған болар еді. Соған байланысты «Асыл мұра» жобасы жүзеге асты. «Асыл Мұра» музыкалық сериясының бірінші жинағы ұлы К.Байсейітова шығармашылығына, соңғысы – қазақ опера «атасына» М.Төлебаевқа арналған. Бұл коммерциялық емес жоба болғандықтан, аталған альбомдар сатылымға шығарылмай – барлық даналары кітапхана, мұражай, музыкалық мектептер мен консерватория қорына тапсырылған. Қазіргі таңда отандық телеарналарда көрсетіліп жүрген деректі фильмдердегі халық өнерін дәріптеген – Ғарифолла Құрманғалиев, сазгерлер Ахмет Жұбановтың, Бақытжан Байқадамовтың шығармашылықтары, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өз даусымен оқылған өлеңдері барлығы дерлік, сол сияқты, «1000 күй», «1000 ән» атты жобалардағы домбырада, қобызда әйгілі шеберлердің Д.Нұрпейісованың, Қ.Жантілеуовтың, Ж.Қаламбаевтың, Д.Мықтыбаевтың, Т.Момбековтың, Г.Асқаровтың, У.Бекеновтың, Қ.Ахмедияровтың  орындауындағы күйлер мен халық әндерінің 70%-ы біздің архивіміздің қорынан.

Біз ертеңгі күнге сеніммен қараймыз, алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз, деңгейімізді төмендетпейміз. Бүгінде архив саласында келешегі зор жобалар іске асырылуда, біздің іскерлік байланыстарымыз, оның ішінде түрлі алыс-жақын шетелдік архивтермен халықаралық ынтымақтастығымыз нығаюда. Осының бәрі – біздің ұжымның күн сайынғы жұмысының нәтижесі. Біздің қызметкерлер жаңа білімдерді игеру және озық тәжірибелерді меңгеру мүмкіндіктерін қалт жіберген емес.

Корея, Ресей, Польша, Қырғызстан архивтерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, архивтің қорын одан әрі толықтыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл меморандумдардың мақсаты – архивтік аудиовизуалды құжаттармен алмасу, олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету, архив құжаттарын іздеп табуда, олардың көшірмелерін алу ісінде бір-біріне жәрдемдесу, ақпараттық және теxникалық ресурстарды пайдалану, құнды дүниелердің сақталуын қамтамасыз ету, өзара әдістемелік және консультативтік көмекті ұсыну.

Көненің көзі болған ұлттық әуендерімізді, киноларымызды, сондай-ақ тағылымды тарих жазбаларын сарғайған қағаз беттерінде сақтап келе жатқан біздің архивіміздің орны бөлек. Мыңдаған деректің бастауы болған архивіміз биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Қашан көрсең шаң басқан қағаз астында, елге қызмет көрсетуден тартынбай, көз алдындағы құнды құжаттарды алақанға салып аялап, бас көтермей отыратын архив қызметкерлерінің де еңбегін осы мерейтой айшықтап бергендей. Барлық жұмыстарда өздеріне тапсырылған міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқаратын біздің білікті қызметкеріміз өздерінің ұйымдастырушылық және шығармашылық қабілеттерінің жоғары екендігін көрсетіп келеді. Біз жаһандық бәсекеге қабілетті озық елдермен тең дәрежеде тәжірибе алмаса отырып, жаһандық тарихпен біздің ұлттық тарихымыздың байланысының тереңдігін, кеңдігін, ауқымдылығын көрсету жолында аянбай еңбек ете береміз.

 

Конференция жұмысының соңында архивтік мекемені аралау кезінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Тасқын Нұрбайұлы Тойбаев  архивтік үдерістерді автоматтандыру мен компьютерлендіру саласындағы өнімдер мен сандық жүйеге көшіру жұмыстарының барысымен таныстырып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. 

 

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*