ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ, ӨЗГЕРЕДІ ШАМАСЫ…

1443
0
Бөлісу:

Дәрі-дәрмек бағасы тағы да қымбаттады. Әй дейтін ажа жоқ болған соң ба, бұл өзі ай сайын тіркелетін үдеріске айналып барады. Көктемде дәрі-дәрмек бағасы 7 пайызға қымбаттады деп бір шулап алған едік. Тамыз айында да баға, өткен жылмен салыстырғанда, 7 пайызға өсіпті. Осыдан соң 7 санын қасиетті деп айтып көр. Фармацевтикалық өңір саналатын Алматы облысындағы препараттар бағасы тіпті 16 пайызға шарықтаған. Елімізде шығарылатын дәрінің 30 пайызын өндіретін өңірде бұл неғылған қымбатшылық дерсіз, «ұста темірге жарымайды» дегенді де айтарсыз, бірақ оған асықпаңыз. Жауабын бірге іздейік.

Дәрі-дәрмек бағасының өсуін тең­генің құлдырауымен түсіндіруге болар, алайда ол да нақты жауап емес екен. Парламент Сенатының депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы­ның айтуынша, отандық фармацевтика дамымай қымбатшылықты шідерлеу мүмкін болмайды.
«Биылдың өзінде дәрі-дәрмек мәселесі Мәжілісте де, Сенатта да қаралды. Соңғы үш жылда тегін берілетін дәрілер бағасы 5 есе қымбаттап кеткен жайы бар. Оның негізгі себебі, «СК фармация» дәрілерді өзге елдерден шетел валютасына сатып алады. Сондықтан да доллардың бағасы өскен сайын шеттен алынатын дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттай береді. Бұл – бір себебі. Екінші себебі, бізде осы дәрі-дәрмекті сататын дәріханалар өз баға­ларын өздері қояды және оған құқылы. Бір дәріханада 500 теңге тұратын дәрі екінші дәріханада 800 теңгеге сатылып жатады. Дәл қазір оларды осы қылығы үшін жазғыра алмайсыз. Ол үшін тиісті заңнама керек. Бізде осы мәселені реттеу үшін арнайы нормативтік құ­қықтық актілер дайындалып жатыр. Сол кезде дәрілердің шекті бағасы белгіленеді. Мұның өзі нарық заңына қайшы, бірақ амал жоқ. Сондықтан өзіміздегі отандық дәрі-дәрмек өнді­рісін жолға қоймай, бұл мәселе алды­мыздан шыға береді». – дейді сенатор.
Оның айтуынша, көп дәрі шөптен жасалады, ол шөптер Қазақстанда бар. Ал қазіргі күні отандық фармацевтика­лық компаниялар дәрі-дәрмектің не­гізгі шикізатын сырттан – Ресей, Украина, Қытай, Үндістан, Еуропадан алып келеді. Сол шикізат Қазақстанда да жеткілікті. Оны дамыту үшін маман­дар керек. Үкімет осы бағытта жұмысты жан­дандыруы тиіс-ақ.
Әдетте, дәрі-дәрмектің бағасы өссе, «СК-Фармация» компаниясына хабарласатын әдетіміз бар. Аталған компанияның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, бұл компания науқастарға мемлекет тарапынан тек тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізуге ғана жауап­ты. Соған қарамастан, препараттар бағасының өсу себебін түсіндіруге ты­рысты.
«Жекеменшік фармацевтикалық компаниялар жергілікті жерде дәріха­налар ашады. Ол дәріханалар қандай баға қояды, өзі шешеді. Олар нарық заңына сәйкес әрекет етеді. Сұранысқа қарай ұсыныс жасайды. Жергілікті жерде дәріханалар аз болса, сәйкесінше бәсеке болмайды да, фармацевтикалық компания бағаны жоғары қояды.
Ал бә­секелес дәріхана көп болса, бір-бірін зерт­тей отырып, бағаны төмен­детеді», – дейді ол. Егер осы қисынға салсақ, онда ауыл-аймақтың барлығына дәріхана салып тастау керек болады. Бұл логикаға келе ме?
Қалай десек те, жаңа жылға дейін дәрі-дәрмек бағасын реттеу мүмкін болмайтын түрі бар. Себебі, дәрі-дәр­мек бағаларының ала-құласын рет­тейтін заң жобасы қабылданғанша біршама уақыт керек. Ал егер жаңа құжат күшіне енсе, дәрі-дәрмектің отандық немесе шетелдік болғанына қарамастан, бәріне бірдей талап қойылады-мыс. Ал оған дейін дәрі-дәрмек бағасын өсіріп жіберген дәрі­хана қожайындары мен тасымалдаушы компаниялардың құлағын шулатудан басқа амал жоқ. Себебі, жуырда ғана дәл осы дәрі-дәрмек мәселесіне арнал­ған жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой дәрі-дәрмек тасымал­даушылардың 70 пайызы жауапты әрі әділ деп бағалаған.
«Көп жағдайда олар бағаны көтер­мейді. Бірақ, нарықтың өз «тентектері» де бар. Біз әзірлеп жатқан ережелер соларды тыюды көздейді», – деген бола­тын. Алайда бұл тәртіп келесі жыл­дың 1 қаңтарынан бастап енгізілетінін ескерсек, соған дейін ауырмайтын жол іздеуден басқа амал қалмайды.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*