АЛАШТАН АЙЫРА АЛМАС АЙТЫС

1710
1
Бөлісу:

Бұл айтыс – бұрынғыдан өзгерек. Өзгерек болатын да себебі бар. Өйткені Алматының іргесінде отау көтерген Алатау ауданына да биыл 10 жыл толыпты. Әне-міне дегенше, аудан да көркейіп, түрлене түскен. Осыған орай, 15-16 қыркүйек күндері «Алатау» театрында «Алатауым – алтын ұям» атты ақындар айтысы өтті. Айтыс ауданның ғана мұңын мұңдап, жырын жырлаған жоқ. Аламанда «Алматы ақшамы» газетінің де мерейі үстем болды. Жаһандану заманы төрге өтіп, ел интернетке үңілген кезеңде қағаз бен қаламның құдіреті бар ма, жоқ па деген мәселе күн тәртібінен түспей тұрғаны жасырын емес. Алайда «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған газеттің орны бөлек екенін ақындар кестелі сөзімен өрнектеп өтті.

Екі күн бойы сөз бәйгесіне жиналған жұрт айтыс­тан жадырап қайтты. Жүрсіннің жүйріктері Алатау ауданына арнап жырдан мүсін тұрғызып, Алматыны жыр шумақтарымен әлдиледі. Аламанға түскен 20 ақынның арасында көмбені күні бұрын көретін құлагерлер, ауыздығын тістескен бестілер, жаңа жарап қалған құнандар болды. Орта буын, жас демей аталы сөз айтқандары көптің көңілінен шықты. Осындайда құлагерді құлын кезінен тани білетін айтыстың Күреңбай сыншысын айтпай кету әбестік. Әр ақынның баптауын біліп, бабының шабар кезін болжаған Жүрсін ағамыздың да жыр-бәйгесіне көңілі толған сияқты.

БІРІНШІ КҮН 

Айтыстың бірінші күні ақындар Алатау мен Алма­­тыны әспеттеді. Оңтүстік астананың артық­шылығы мен кемшілігін қатар суреттеді. «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдығы тақырыпқа тұздық болып, қазақ газеттерінің бүгінгі жай-күйі де сөз болды. Бәйгенің бірінші күні болғандықтан барлығы дерлік алғашқы 15 шақырымды абыроймен еңсергісі келді. Бір-бірін сөзбен қағытып, түйреген, бауырым деп аспанға көтерген сәттер елдің есінде қалды.
Бұл айтыс бұрынғыларынан өзгеше өтті. Сөз болмаған тақырып, айтылмаған әңгіме қалмады. Билікке ұсыныстар айтылып, ақындар халық сөзін сөйледі. Алматылық айтыссүйерлер жыр-қымызына шөлдегені бірден білінді. Айтыстың жеребе бойынша алғашқы жұбы Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов болды. Шарпысқанда сөздің, айтысқанда әзілдің түбін түсіретін жұптан халық жақсы айтыс күтті. Айтысқа 3 жыл салып оралған Бекарысқа «қош келдіңді» әзілмен тістеп айтқан Мұхтарға, түркістандық тарлан да тойтарыс бере алды. Қос ақын Алатау ауданының өткені мен бүгінін жырға қосып, ертеңін әсем жырмен елестетті. Алматыдағы қытай азаматының мектеп ашқанын айтып, биліктен тоқтау сұрады. Магистратура, доктарантураны ақ­шаның арқасында оқитындарды сынға алып, болашақта бұл мәселеге тоқтам болатынына сенім білдірді.
Бірінші күні 10 жұп өзара сынға түсті. Ақындар­дың Алматы жұртына амандасуының өзін ыстық ықыласпен қабылдады. Әр ақын Алматысын өзінше жақсы көреді. Олардың арасында Рүстем Қайыр­тайдың сөз саптауы ерек көңілден шыққанын айта кетуіміз керек. Рүстем ақын:
– Шіркін, біздің Алматы бай қала ғой,
Дағдарыс-мағдарысқа қарамайтын.
Ауланы бір-ақ күнде ауыстырып,
Тозбаған бартерді де жаңалайтын.
Бөлек жол сап берсе де тәккаппармыз,
Великті көлік қой деп санамайтын.
Бір жазда подземкалар жайнап кетті,
Самса сатқан қазақтар паналайтын.
Автобус авторитет көлік бізде,
Жолағына джиптерде жоламайтын.
Аралдағы адамдай қол бұлғайсың,
Жолаушы аялдама жағалайтын.
Еуропалық стильге көшіп алдық,
Үйлерін қоршауды ешкім қаламайтын.
Елбасы көрген сайын танымай қап,
Бес қойып, басбармақпен бағалайтын, – деп әзілмен көмкеріп, көпшілікке сәлем берді. Шұғайып Сезімхан мен Рүстемнің айтысы аға мен інінің жа­расым тапқан жыр шумақтарына толы болды. «Сөзім бар айтатұғын халайыққа, Қазақпыз, қазақ болып қалайық та» деп жырлаған ақындар Абайды сынға алған блогер жайында да айтып қалды.
– Өткенменен алысып, өлгендермен,
Жақсы боп көрінетін жамандар бар.
Жерді өртеу былай тұрсын атақ үшін,

Көрді өртеп жіберетін адамдар бар,– деп халық шулаған жайтқа әдемі нүкте қойды. Рүстем Қайыртай газеттің қазіргі күнгі еңбегі мен маңызын жырға қосып, келісті мысалмен ойын жалғады.
– Газеттің қадірін мен кейін ұқтым,
Бала күнгі ақылым шолақ екен
Жапырып жаза алатын журналистің,
Қаламы – қалам емес, орақ екен.
Жолдан тая бастаған дөкейлерді,
Дүрелеп, жариялап сояды екен.
Шыбын ғана емес-ау – газетпенен,
Шенеулік өлтіруге болады екен, – дегеніне үстемелеп:
– Интернет – ол қаланың қызы сынды,
Жалт-жұлт етіп өзіне тартып тұрған.
Ал газетім – ауылдың қара қызы,
Сиыр сауып, қаймағын қалқып тұрған.
Қазақтыққа келгенде қалаң емес,
Даланың қызы емес пе артық тұрған.
Боянбай, сыланбай-ақ маңдайынан,
Атасының иісі аңқып тұрған, – деп айшықты жырмен сөзін түйіндеп берді. Талғат Мықи мен Бір­жан Байтуов та салиқалы пікір білдірді. Байтуовтың білім туралы сөз қозғағаны көптің көкірегіндегі шемен боп қалған біраз жайттың басын ашып көрсетті.
– Біздегі білім жайын сөз етейін,
Қалың ел былығына қанық болсын.
Сағадиев басқарған министрлік,
Басынан шіріп жатқан балық дерсің,
Қамқорлық жасайтұғын бұл саланы,
Жемқорлық жайлағаны анық дерсің.
Мектепке параменен кірген ұстаз,
Балаға қандай түзу бағыт берсін.
Ауыр сөмке арқалап бара жатқан,
Жеткіншектің жағдайын ғаріп дерсің, – деп халық көкейіндегі түйткіл­дің түйінін ағытты. Талғат Мықи да кеткен қате­ліктердің орны толу керегін, өсеміз десек әр нәрседен қоры­тынды шығару қажетін жырға қосты. Қос ақын елге мәнді де мағыналы ай­тыс сыйлады.
Сахнаға жаңа шығып жүрген жас ақын Саягүлдің де аяқ алысы жаман емес. Мінезі мен әуені үйлескен әсем ару Сара апаларындай даралықтың, даналықтың келбетін көрсете білді.


ҰТЫМДЫ ТІРКЕСТЕР 

Адамдар бар тұратын пәтері жоқ,
Пәтерлер бар тұратын адамы жоқ. (Е.Қ.)

Жапырып жаза алатын журналистің,
Қаламы – қалам емес, орақ екен. (Р.Қ.)

Сағынай да өледі бай болғанмен,
Құлагер де құлайды бәйге алғанмен. (Е.Қ.)

Айтысты қазақтан ешкім айыра алмас.
Батыстан күн шығатын күнге дейін. (М.Н.)

Байтұрсынның баласы тірі болса,
Сағадиев сандалып жүрмес еді. (Б.Б.)

Алматым, мәдениеттің мектебісің,
Өнер мен әдебиетке Меккемісің? (Р.Қ.)

Қазақ баспасөздерін қолдамасаң,
Телмірген телефоннан пайдаң құрсын.
Қазақтың тарихының газетпенен,
Жазылып жатқандығын қайдан білсін? (Т.Ж.)


ЕКІНШІ КҮН

Аламанның екінші күні тартыспен өтетіні белгілі. Құлагердің бәрі сүрін­бей, бәйгеге бірінші жетуді аңсап тұра­ды. Финалға шыққан 12 ақынның да ешқайсысы осал емес. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» кіл мықтылар. 6 жұп аламанға түсті. 6 жұптан шын мықтыны анықтау әділқазыларға да оңай болмаған секілді.
Алғашқы болып сахнаға Біржан Бай­туов пен Аспанбек Шұғатаев шықты. Тіл-қылыштарымен бір-бірін жанай өтіп, астарлы әзілмен Үкімет жайын сөз етті. Келесі болып сахнаға көтерілген Төлеген Жаманов пен Саягүл Бірлесбек аға мен қарындастың ажарын кіргізер, әдемі айтыс жасады. Сыйластық пен татулық жарасым тапқан сөз додасына ел сүйсінді. Бекарыс Шойбеков пен Жансая Мусина болса, әзіл-қалжыңы аралас шоу-айтыс жасады. Хазірет Бердіхан мен Ершат Қайболдин газет пен Алатау ауданы туралы біраз жыр өрді. Нағыз айтыстың көрігін қыздырған Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов болды. Екеуі де – шаппа-шап айтыстың жүйрігі. Құр­дастардың қалжыңы да орынды. Бір-бірін сөзбен шымшылап, іліп әкетіп қайым айтыс жасады.
– Битлз деген бір топ бар ағылшында,
Төрт жігіттен құралған жаршылардай.
Солар біздің тұр екен Көктөбеде,
Етектен төрге шықса мәнісі қандай?
Жамбыл атам жерде отыр керісінше,
Өмір бойы мал баққан жалшылардай.
Битлздан үлгі алса балаларың,
Шығады олардан әнші қандай?!.
Ақшамның айтысында тым құрыса,
Бір ұсыныс айтайын қан шығармай.
Көкке өрлемес қазақтың ән өнері–
Көктөбенің басына Шәмші бармай, – деп Рүстем ақын Мұхтармен әзілдесе отырып, оқшау ой тас­тады. Қанат Мырзахан мен Ержан Әміров те аға­ла­рының жолымен келісті айтыстың кезегін көрсетті. Қайсы айтысты алып қарасаңыз да, жырымен хал­қына зарын білдіргісі келген ақын мен ұсынысын әкімдікке жеткізгісі келетін сөз майталманын көресіз.
Екі күндік додада құлақ құрышын қандырған мергендердің сөз сайысын тамашаладық. Арасында кейбір қалжыңдар тым «дөрекі» айтылып кеткені болмаса, сөз додасының бір-бірінен кем түскені болған жоқ. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» дейтін жүй­ріктер. Расында, өнерді, айтыс қадірін түсінетін қауым сөз маржанын қалауынша тергендей болды. Кіл мықтыдан шын жүйрікті анықтау да оңай емес. Қазылар алқасының төрағасы – белгілі публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп. Қазылар құрамындағы белгілі ғалым, ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушы, мың жасаған шаһардың бас газеті «Алматы ақша­мының» бас редакторы Қали Сәрсенбай, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанның қазылық етуімен ақындардың жүйріктері анық­талды.

КІЛ ЖҮЙРІКТЕ КІМ ЖҮЙРІК

Айтыс соңында қазылар алқасының төрағасы Нұртөре Жүсіп айтыстың қорытындысын жария­лады. Айтысты ұзақ жылдар арқалап келе жатқан Жүрсін Ерманға алғысын білдіре отырып, жыр бәйгесінің ұтымды тұстарын тілге тиек етті. Жүрсін Ерман болса, айтысқа келгендерге алғысын білдіріп, демеушілерді кезек пе кезек сахнаға шығарды. Дулат Тастекеев жігерлендіру сыйлығына ие болған 7 ақынға 100 мың теңгеден ақшалай тарту жасады. 3-орынға ие болған Біржан Байтуов пен Жансая Мусинаға, Саягүл Бірлесбекке 300 мың теңгеден жүлде тапсырылды. 2-орынды иемденген Бекарыс Шойбеков пен Рүстем Қайыртайұлына 500 мың теңге көлемінде жүлде бұйырды. 1-орын алған Мұхтар Ниязовқа 1 миллион теңге сыйақы берді. Соны­мен қатар Алатау ауданы әкімі Шахмардан Рыспаев 300 мың теңгеден арнайы екі жүлде алып келді. Қанат Мырзахан мен Ершат Қайболдин аталған жүлделерге ие болды. «Алматы ақшамы» газеті ұсынған 300 мың теңгелік жүлдені Қали Сәрсенбай Ержан Әміровке тапсырды. «Тойmart» және «Сабыржан» дүкендер желісінің басшысы Сабыржан Молдаханов Хазірет Бердіханға арнайы жүлде табыс етті. «Зейнолла Сәнік атындағы мәде­ниет қоры» жеке қорының жүлдесіне Шұғайып Сезімхан ие болды.
Қарағандыдағы «Қазгасэнерго» ЖШС-ның басшысы Бекболат Абдырайымов Аспанбек Шұғатаевқа 500 мың теңге ақша мен құндыз бөрік пен шапан жапты. Айтыстың бас жүлдесі – автокөлік кілтін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Төлеген Жамановқа тапсырды. «Айтыс өнерін әр қазақ сүйетінін, арда өнерге бас иетінін жеткізген» Арман Оразбайұлы Алматы тойының шымылдығын айтыс ашқанына ризашылығын білдірді. Жүрсін Ерман мен жүйріктерінің алдағы айтыстарда да халық көңілінен шығатынына сенім білдірді.
Әрине, әр айтыстың өз ерекшелігі болады. «Алатауын» жырлаған ақындардың да кешегі жыр додасы – ертеңгі тарих. Кестелі сөз, оралымды ой айтылды бұл жыр бәйгесінде. Өйткені оларға «айт­сын деп ақиқатты тілді берген». Ақын да, айтысқа келген әлеумет те жыр додасынан масайрап қалады. Көптің көңілінде жүрген түйткілдер айтылады. Ақындар сөз маржанын тереді. Сөзден кесте өріледі. Ақындар сөзбен көркем сурет салады.

Гүлзина БЕКТАС,

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Ауыл қазағы 19 Қыркүйек, 2018 at 17:20 Жауап

    Алаштың мүддесін жік-жігімен ұғынықты етіп жеткізетін айтыскердің жоқтығынанда, айтыс өнеріміз көптен бері ақсап тұр. Деңгейі жоғары айтысты көретін күн алыс емес шығар.

Пікір жазу


*