Құрақ көрпенің құдіреті

871
0
Бөлісу:

Алматыда қала күні ерекше тойланды. Ежелден тігін өнері мен зергерліктің ордасына айналған қазақ даласының қолөнер шеберлері мен ұсталары атаулы датаға орай, тамаша тарту жасады. Олар жер шарындағы ең ұзын құрақ көрпені тігу арқылы әлемдік рекордты жаңартты.

Тұңғыш Президент саябағында ең ұзын құрақ көрпе тігіліп, Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына енді. Ұзындығы 10 900 метр болатын жамылғы саябақты жағалай төселді. Қолөнер шеберлері құрақ көрпе тігуді биылғы Наурыз меркесі қарсаңында бастағанын білеміз, енді, міне, қала күнінде аяқтап отыр. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қабиева: «Мұның бәрі – осы бес айда тез тігіле қалған дүние емес. Қанша адамның еңбегінің жемісі бүгін ақталып жатыр. Сондықтан да бүкіл қалалықтарды үлкен жеңіспен құттықтағым келеді.
Бұл – қаланың жеңісі. Әлемдегі ең ұзын көрпені Гиннестің рекордтар кітабына кіргізу үшін арнайы мамандар келіп, оның сапасын тексерді. Олар хас шеберлердің ұжымдық еңбегін жоғары бағалады», – деп атап өтті.
Осылайша, мегаполис ең ұзын көрпе тігуден Португалия орнатқан рекордты жаңартты. 2000 жылы Португалияның Порто қаласында ауданы 25100 шаршы метр болатын Manta da Cultura көрпесі тігілген.
«Гиннесс рекордтар кітабы» бас кеңсесінің өкілі Джона Брент: «Қазақ­стандық құрақ көрпені көріп, бағасын беру үшін қала күні мерекесіне арнайы келдік. Бұл шынымен де, таңқаларлық дүние екен. Мұны дәлелдейтін ресми құжатты табыстадық. Енді құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд жаңарды», – деп мәлімдеді.
Ресми құжатын алған көрпе құрақтары алдағы уақытта түрлі көрмелерге қо­йылмақ. Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапханасында көрпе элементтері қабылданған. «Құрақ көрпенің» әр бөлшегі отанымыздың саналуандығын: даласын, тауы мен өзенін көрсетеді, ал басты символы – халық бірлігі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Көрпе құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді» дейді ұйым­дастырушылар.

Асыл ТҰМАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*