NEET: жастардың ниеті қалай түзеледі?

881
0
Бөлісу:

Астықты өңірлерімізде орақ науқаны кестеден қалып келеді. Енді оза қимылдап, егін жинауды уақытында аяқтау міндеті тұр. Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында егін ору жұмыстарының барысы қаралды. Сондай-ақ «NEET – жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасы» мен Астананың жинақы құрылысының кешенді жоспары құпталды.

Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев биыл қамбаға қанша астық құйылатынын баяндады.
– Облыстардың ауыл шаруашылығы басқар­маларының алдын ала деректеріне жүгінсек, 2018 жылы дәнді дақылдар 15 мил­лион гектар алқап­тан жиналады. Бұл 2017 жылғыдан 0,3 млн гек­тарға кем. Оның ішінде бидайға 11,1 миллион гектар ғана тиесілі. Яғни, бидай егілген егістік кө­лемі былтырғыдан 0,8 миллион гектарға азай­ды. Майлы дақылдар жиналатын алқап осы жылы 2,8 миллион гектарды құрайды, бұл өткен жылғыдан 0,4 млн гектарға көп, – деді Ө.Шөкеев.
Оның айтуынша, Қазақстан 2018 жылы небары 20 миллион тонна ғана дәнді дақыл жинайды деп болжануда. Бұл бұған дейінгі жыл­дардағыдан төмен, бірақ бәрібір Кеңес кезіндегі жаһанға жар салып жинайтын 1 миллиард пұттан (16 миллион тоннадан) артық.
Бұл ретте еліміз 2,3 миллион тонна май­лы да­қылдар өніміне кенелмек. Нәтижесінде, АШМ басшысының ай­туынша, Қазақстан ішкі нарығын қамта­масыз ету сыр­тын­да, шетелге 9 миллион тонна астық сата алады. Ал майлы тұқым­дардың экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігі болады. Сондай-ақ мал шаруашылығы құрама жеммен, май шығаратын кәсіпорындар шикізатпен толық қамтылатын көрінеді.
Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын қаржыландыруға «ҚазАгро» холдингі бюджеттік кредит түрінде 60 миллиард теңге бағыттады. 3,2 млн гек­тардан астам алқапта ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өсіруді қолдау үшін 1 985 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қар­жыландырылды.
– Егін жинау барысына тоқталсақ, 18 қыр­күйектегі жағдайға сәйкес, дәнді дақылдар 8,9 миллионнан астам гектардан немесе жиналуға жататын алқаптың 59%-ынан жиналды. 11,2 млн тонна астық бас­тырылды. Түсім гектарынан орта­ша есеппен 12,5 центнерден айналды. Бұл жерде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары секілді оңтүстік өңір­лерде – дәнді дақылдардың 86 па­йызы, батыс өңірлерде, яғни Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында – 89 па­йызы, ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қа­ра­ғанды, Қостанай, Павлодар, Солтүс­тік Қазақстан облыстарында 56 пайызы жиналды. Ауа райы жағдайына байланысты егін жинау қарқыны былтырғыдан төмен, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылы осы күнде 12,6 миллион гектар жина­лып болған еді, бұл биылғы деңгейден 1,4 есе артық.
2018 жылғы қыркүйекке арналған ауа райы болжамына сәйкес, орташа ауа температурасы Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыс­тарында нормадан жоғары, өзге аумақта норма шамасында күтілуде.
Айлық жауын-шашын көлемі Батыс Қазақстан облысында нормадан жоғары, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау және Аты­рау облыстарында, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының солтүстік-батыс бөліктерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде норма шамасын­да, қалған аумақта нормадан тө­мен болуы мүмкін.
– Әлі 6,1 миллион гектар алқаптан дәнді да­қыл жиналуы керек. Қолда бар егін жи­найтын комбайндардың тәуліктік өнімділігі 800 ­мың гектарға жуықты құраса және ауа райы қолайлы болса, егін жи­науды қазан айының бірінші онкүн­дігінде аяқтауға мүмкіндік бар, – деді Ө.Шөкеев.
Сонымен бірге, ол бұған дейін жауған жауын-шашындар жас өскіндердің пайда болуына, арамшөптердің қаптауына әкеле­тінін, бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар туды­ратынын ес­кертті.
Осыған байланысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігі облыс әкімдіктеріне «өнімділігі жоғары егін жинау техни­ка­ларын пайдалану, егін жинауға кедергі жасайтын түйінді проблемаларды шешу арқылы егін жинау қарқынын арттыру шараларын қабылдауды» ұсынды.
Жанар-жағармай материалдары жеткілікті болмаса, бар техника қаң­та­рылып тұрып қалаты­ны анық.
– Шілде-қазан аралығында егін жинау жұ­мыс­тарын жүргізу үшін шаруалардың дизель оты­­нына деген қажеттігі 394 мың тоннаны құрай­ды. Энергетика министр­лігімен бірлесіп құп­талған облыстарды мұ­най өңдеу зауыттарына бекіту кестесінде де осынша қажеттілік анықтал­ған. 14 қыр­күйектегі жағдай бойынша егін орағын өткізуге 268 мың тонна дизель немесе барлық көлемнің 68 пайызы жөнелтілді. Өңірлердегі шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы қыркүйек айында литріне 165 теңгені құрайды. Салыстыра кетсек, ЖЖҚ стансаларында дизельдің әр литрі 191 теңге тұрады, яғни арзандатылған түрінің құны – нарықтық бағадан 14 пайызға төмен, – деді АШМ басшысы.
Алайда оның мәлімдеуінше, жауын-шашын­ның көп жаууы салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары болуда, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кеп­тіруді және тиісінше, астық қабылдау кә­сіпорын­дарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді. Ылғал қалыпты жағ­дайда 13,5 пайыздан аспауы тиіс. Ал облыс әкім­діктерінің хабарла­уынша, басты­рылған астықтың 50%-ынан астамының ылғал­дылығы 20 пайыздан жоғары.
Бүгінде 6 облыстан қазан-қараша кезеңіне астықты кептіруге 85 мың тонна қосымша дизель отынын бөлуге өтінімдер түсіпті. Сондықтан вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев Энер­гетика министрлігінен қыркү­йекте бекітіл­ген баға деңгейінде, яғни тоннасына 181 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу за­уыттарынан дәнді және майлы дақыл­дарды кеп­тіру үшін әлгі алты облысқа қосымша дизель оты­нын бөлу мәселесін қарастыруды өтінді. Тиісті өтінімді ми­нистрлік энерге­тика ведомство­сына 11 қыркүйекте жіберді.
Кешеуілдеген орақ науқанының қазір күрт қарқын алуына байланысты ауыл шаруашылығы өндірушілерінен керуен-керуен болып ағылатын астықтың мол көлемін қабылдауға элеваторлар күші жете ме?
– Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы сыйым­дылығы 13,6 миллион тоннаны құ­райтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс жасауда. Олар әкімдіктер беретін лицензия негізінде астық қолхат­тарын шығара отырып, қоймалау қызме­тімен де айналысады. Астық қабылдау кә­сіпорындарының материалдық-техникалық базаларын жаңа астықты қабылдауға да­йындау жұмыстары жоспарлы түрде жүр­гізілуде. 17 қыр­күйектегі жағдай бойынша 160 АҚК немесе 82 пайызы біліктілік талаптарына сәйкестікке тексерілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздерінде 13,1 млн тонна астық сақтауға арналған қоймалары бар. Осылайша, астық сақтау орындарының жалпы көлемі 26,7 млн тоннаны құрайды, бұл күтілетін жаңа тү­сімді ескергенде, астық сақтауға жеткі­лікті, – деп сендірді Ө.Шөкеев.
Ол жаңа астықты экспортқа шығаруға дайын­дық жұмыстары жүргізіліп жат­қанын айтты. Былтыр астық тасымал­дайтын вагон­дардың тапшылығы жаппай орын алған болатын, ал биыл АШМ өзге мемор­гандармен бірлесіп, оның алдын алу және логистика мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде екен. Сондай-ақ қа­зақстандық тауарлар транзиттік елдер, соның ішінде, әсіресе, Ресей арқылы тасы­малдау кезінде қымбат тарифтерге жолығуда. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін мұндай тарифтерді төмендету жұмыстары жүргізілуде және жаңа балама бағыттар пысықталуда.
Үкімет отырысында астықты өңір­лердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі М.Мыр­залин, СҚО әкімі Қ.Ақсақа­лов, Қостанай облы­сының әкімі А.Мұ­хамбетов баяндады.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет бас­шысы Бақытжан Сағынтаев қазіргі қолайлы ауа-райын пайдаланып, егін жинау жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Ол жауын-ша­шын­ның әсерінен негізгі астықты өңірлер кесте­ден кешігіп әрі былтырғы деңгейден 20-25 пайызға қалып келе жатқанын атап өтті.
Премьер Энергетика министрлігіне өңірлерге қосымша дизель отынын бөлу мәселелерін қарас­тыруды, бұған қоса Ақмола облысы әкім­дігінің қазан айында берілуге тиіс жанар-жағармайын қыр­кү­йекке ауыстыру туралы ұсынысын пы­сық­тауды жүктеді. Бұл тапсырмалардың орын­далуын бақылауға Үкімет жетек­шісінің бірінші орынбасары А.Мамин жауапты. Ал егін жинау жұмысын үйлестіру және оған күнделікті мониторинг жүргізу вице-премьер – АШМ басшысы Ө.Шөкеевке тапсырылды.
Үкімет осы отырысында «оқымайтын және еңбек етпейтін жастарды әлеу­мет­тендіру және жұмыспен қамту жөнін­дегі жол картасының» (NEET) жобасын ма­құлдады.
NEET (Not in education, employment or training) ұғымы «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арт­тырмайтын» деген мағынаны береді. Мә­селенің маңызын ескере оты­рып, «NEET-жастар» тақырыбы бо­йын­ша жан-жақты зерттеу жасалыпты. Қоғамдық даму министрлігі 18-29 жас аралығындағы NEET-жастарды, соның ішінде 2018 жылғы түлектерді де жұмыспен қамтудың және әлеуметтендірудің жол картасын қабылдау бойынша жұмыстар жүргізді.
Қоғамдық даму министрі Дархан Кәле­таевтың дерегінше, Батыс елдерде, Жапо­нияда NEET – жастар­дың еңбек нарығынан және білім алудан өз еркімен бас тартуын білдіреді. Жастардың қоғам­мен үй­леспейтін мінез-құлыққа бейім тұруы, жылдам ур­банизацияланған әлем­нен қашуға әре­кеттенуі байқалуда. Жастар өз орнын, өзін даралар бірегейлігін табуға ұмтылады, алайда қазіргі әлеуметтік құ­рылымда өздерін қолайлы сезіне бермейді. Осыдан өзіне-өзі қол салу (суицид), ерсі-девиантты мінез-құлық, әлеуметті терең жатсыну секілді проблемалар туындайды. Отбасы құндылықтарының бұзылуы орын алуда.
– Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жыл ішінде әлемдегі жастардың саны 139 млн адамға артқаны, ал жұмыспен қамтудың үлесі керісінше, 35 млн адамға кемігені көрсе­тілген, – деген Д.Кәлетаев жастардың жағ­да­йы мен көңіл-күйлеріне жалпы алғанда, жұмыс орындарының тапшылығы әсер ететінін нықтады.
Әйткенмен, Қоғамдық даму ми­нистрінің ай­туынша, жастарды жұмыспен қамтуда Қазақ­станның жағдайы озық көрінеді. Әлеумет­тен­дірудің ешбір тәсіл­дерімен қамтылмаған 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6 пайыздан 2018 жылғы ІІ тоқсанда 7,7 пайызға дейін кеміпті. Алайда жіті көңіл бөлуді талап ететін бірқатар мәселелер бар.
NEET-жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы 7 бірдей санаттағы қазақстандықтарды, нақтырақ тоқталсақ, асыраудағы адам­дарды (иждивенцы), жас әйелдерді, өзін өзі жұмыспен қамтыған фри­лансерлерді, ауыл жастарын, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, аз қамтылған отбасылардан шыққан­дарды және жастардың бей­әлеуметтік топтарын (бас бостандығынан айыру орында­рынан шық­қан, есірткі және ішімдікке тәуелді, оңалтудан өтіп жат­қандарды) қамтитын шаралардан тұрады.
Бұл ретте үш түрлі жас топтарындағы жастарды қамту жоспарланған. Біріншісі, яғни кіші жас тобына – 18-ден 22 жасқа дейінгілер, орта жаста­ғы қосалқы топқа – 22-ден 24 жасқа дейінгілер, ересек жас­тағы қосалқы топқа 25-тен 29 жасқа дейінгілер жатады.
Жол картасы осылар арасында бірнеше бағытта кешенді жұмыс жүргізуді көздейді. Біріншіден, оларға кәсіптік бағдар берілмек. Бұл үшін кәсіпті таңдау бойынша жастарға арналған кеңес-консультациялық орталық­тар құру, бола­шақта перспективті болар кә­сіптерге жастарды бағдарлау үшін функ­ционалдық шолулар өткізу қарас­тырылған.
Екіншіден, техникалық және кәсіптік білім беру ілгерілетіледі. Қосарлы-дуальды білімнің тиімділігін арттыру, инженерлік кадрларды да­йындау үшін колледждерде құзыреттілік орта­лықтарын құру жоспар­лануда.
Үшіншіден, жастарды мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жан-жақты ақпараттандыру жүргізіледі. Бұл үшін жастардың еңбек нарығындағы сұра­ныс және ұсыныстың картасы түзіледі, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжі­рибесі жалғасады, ақпараттық нау­қандар мен қоғамдық тыңдауларды жүргізіледі.
Төртіншіден, жастар кәсіпкерлігі дамы­тыл­мақ. Осы мақсатта бизнес-жос­парын ұсынған жастардың жобаларын мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесі енгізіл­мек.
Бесіншіден, қоғамдық ұйымдар өз беттерімен ілгерілетіп жатқан әскери-патриоттық тәрбиеге мемлекет мән береді. Жол картасы қолданыстағы Жастар ре­сурстық орталықтарының қызметтерін же­тілдіру, жастардың тұрғын үй коопера­тивтерін құру, өңірлік тұрғын үй бағдар­ламаларын іске қосу арқылы өскелең ұрпақтың тұрғын үй мәсе­лесін шешу, балаларын тастап кетуіне жол бермеу үшін жалғызбасты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлу секілді басқа да бағыттар мен шаралардан құралған.
«Осының арқасында біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, жас ұрпақтың әлеуметтік шеттелуін қысқартуға ықпал ете аламыз» деп түйді Д.Кәлетаев.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*