USAID-пен ынтымақтастық ілгерілейді

718
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов USAID-тің Орталық Азия бойынша Өңірлік миссиясының директоры Кристофер Эдвардспен кездесті. Жүздесу кезінде тараптар серіктестер дәрежесінде бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықтың даму динамикасына өзара қанағаттанатындарын білдірді.

Сот процестерін аудио және бейнетіркеуді ендіру, жас судья­ларды даярлау және біліктілігін арттыру, оқу және ақпараттық материалдарды әзірлеу мен басу, конференциялар мен семинарлар өткізу бойынша бірлескен тиімді қызметтің жүзеге асырылғаны атап өтілді.
Қонақтарға Жобалық офистің қызметі, сондай-ақ сот төрелігіне деген сенімді арттыру және құқық­тың үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесін жаңғыртудың негізгі жеті бағыты бойынша құрылған жобалық командалар таныстырылды.
Жоғарғы сот төрағасы сот жүйесінің толғантатын мәселе­лерінің бірі ретінде судья­ларға үлкен жүктеменің түсуін атады. Жақып Асановтың байламынша, бұл бір жағынан, азаматтардың соттарға деген жоғары сенімін айғақтайды, екінші жағынан – азаматтардың төмен құқықтық мәдениетін, қоғамдағы қақты­ғысқа бейімділіктің жоғарылығын және бітістіруші медиацияның жеткілікті дәрежеде дамымағанын паш етеді. Жоғарғы соттың жеті басымдықты бағдар­ламасы да осы теріс факторларды еңсеруге бағытталған екен.
Бұдан бөлек, Ж.Асанов Әкім­шілік рәсімдік-процестік ко­декстің жобасы әзірленіп жатқа­ны, жұмыс тобының сот жүйе­сін ары қарай жаңғырту бойынша ұсыныстары және басқалары жөнінде мәртебелі мейманын құлағдар етті.
Жоғарғы соттың ашықтығы ерекше атап өтілді. Оның іс-шара­лары туралы ақпарат ресми сай­тында жарияланады, Жоғарғы сот органының барлық маңызды кеңес­тері ғаламтор арқылы онлайн-режимде таратылады.
Өз кезегінде К.Эдвардс жоба­лар­дың жүзеге асырылу мерзімдері туралы сұрастырды, бұл ары қа­райғы ынтымақтастық аясындағы іс-шараларды жоспарлау үшін қажет көрінеді.
Кездесу қорытындысында Қазақ­­станның құқықтық өрісіне шетелдік тәжірибені кіріктіруге екі тарап та мүдделілік білдірді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*