Дарабоз декан атындағы стипендия табыс етілді

884
0
Бөлісу:

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жылдық басқосу  кешінде үш студентке Темірбек Қожекеев атындағы стипендия табыс етті. 
– Өткен аптада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің сырттай бөлімін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жылдықтың құрметіне мәре-сәре, мәз-мейрам болып бас қостық. Алдымен қанатымызды қатайтып, томағамызды сыпырған Білім ордасы—қарашаңырақ ҚазГУ-ге барып, Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияда студенттермен, ұстаздармен ашық-жарқын сырласу бір жарым сағаттан аса бастаған соң аттың басын жіп керіп әрең тоқтаттық.

Курстастар кездесуі дәл Қожакеев атындағы аудиторияда ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес. «Адамның да адамы бар азаматы бір бөлек, жылқының да жылқысы бар қазанаты бір бөлек» дейтін халық даналығына жүгінсек те, «Тоғыз ұлым бір төбе Ер Төстігім бір төбе» деген әйгілі ертегіні еске түсірсек те, қалай десек те Қожакеевтің ҚазГУ-дің тарихында аты алтын әріппен жазылып, әсіресе журналистика факультеті мен шәкірттері, түлектері үшін алар орны, абырой-беделі, сый-құрметі мен болмыс-бітімінің жөні бөлек, жосығы ерек екені талас тудырмайды. Атақты академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес серігін «Мықшегеге» теңеген екен, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин «қайталанбас Нартұлға» санайды, кешегі шәкірті, бүгінгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Дарабоз декан» дейді, тағысын тағылар…Курстастар кездесу жайлы кеңес құрғанымызда осы жағын да ойласа келе, қарашаңыраққа құралақан бармай шәкірттері-түлектер атынан ғажап ғалым, біртуар қайраткер, ұлағатты ұстаз, қазақ сатирасының сардары Темірбек Қожакеев атындағы стипендия тағайындап, үздік үш студентке ұсынуды бірауыздан ұйғардық. Болашақта ақпарат айдынында желкен керуге белдерін бекем буған 1 курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3 курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожакеев туралы тамаша шығарылған жинақты қоса ұстаттық. Олардың стипендия иегері атына лайық болуларын, өзі өлгенмен өшпес ізі қалған Дарабозды жан-жақты дәріптеп, насихаттап жүрулерін өтіндік, үлкен үміт арттық. Үміт ақталар деген ойдамыз. Біздің курстың ғана емес, қазіргі қазақ журналистикасының марғасқасы, мақтанышы болып тұрған десек асыра айтқандық болмас, Бейсекең-Бейсен Құранбек Темірбек Қожакеевтің, Темкеңнің қатал талабының арқасында қалай сабаққа дайындалғанын, «қойған 3-і 5-ке татитын» қызығын баяндап берді. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп босқа айтады дейсіз бе?


Жақында ғана асқаралы 60 жасқа толған ұлтжанды азамат, журфактің қазіргі деканы Сағатбек Медеубекұлы мен сол жылдары кафедра меңгерушісі болған жақсы ағайымыз, жақсы ақын Бауыржан Жақыпты арнайы шақыртып, иықтарына шапан жаптық.

 

Аудиторияларды аралап көріп, факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Әсіресе Сағатхан Әшімбаев атындағы сыныптың өзгеше өрнекпен жабдықталғанына риза болып, Сағатбек Медеубекұлының басшылық қарым-қабілетіне, іскерлігіне сүйсіндік, – дейді курс түлегі, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай.

Бөлісу:

Пікір жазу


*