Жылыту маусымына дайынбыз ба?

812
0
Бөлісу:

Күңіренген күздің қара суығы баста­латын уақыт алыс емес. Еліміздің кей ай­мақтарында ауа температурасы нөлден төмендеп те үлгерді. Осы маусымда еліміз­дегі Төтенше жағдай комитеті мен оның аймақтардағы өкілдіктеріне артылатын жүк ауыр, өйткені міндет көп. Келесі айдың 15-інен бастап, орталықтандырылған жылу жүйесі іске қосылатыны баршаға мәлім. Десек те, бұл уақытқа дейін қара суықтың бетін қайтармаққа бекініп, жер үйдегілер от жағу маусымын, көпқабатты пәтерде тұратындар түрлі жылыту құрылғыларын пайдалана бастайды. Өкінішке қарай, азаматтардың қамсыздығы, жылыту құралдарын пайдалануға салғырт қарауы көбіне өртке душар етіп жататынын айтады мамандар. Былтырғы статистикаға сүйенсек, республика бойынша орын алған өрт жағдайларының басым бөлігі ел тұрғындарының қателігінен болған. Осы орайда еліміздің Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің тікелей тапсырмасымен республика бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы басталды.

Өрт пен оның салдарынан адам­дар­дың қаза болуының алдын алу мақ­сатында Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарын қа­тыс­ты­ра отырып түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу, облыстың тұрғын үй секто­рын­да өрт пен улы газбен улану оқиға­ла­ры­ның алдын алу мен оларды бол­дырмауға бағытталған үгіт­­теу-на­сихаттау жұмыстарын атқа­рып оты­рады. Өткен аптада Жамбыл облысы әкі­мінің бірінші орынбасары 14 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тұрғын үй секторы, жем-шөп сақтау орындары мен автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу жоспарын бекітті. Осы жоспар шеңберінде де­партамент қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсізгі шараларын түсіндіріп, оның алдын алу жұмыстары жүргізбек. Бұл іс-шаралар жоспары БАҚ бет­терінде мақала жариялау, жергілікті теледидар және радио арнасы арқылы хабарламалар тарату, кино, теле және бейнефильмдер көрсету арқылы жү­зеге асады. Сондай-ақ тұрғын үй аулаларында, көшелерде, елдіме­кен­дерде, әлеуметтік қамсыздандыру объектілерінде, көлік және байланыс кәсіпорындарында, емдеу және білім беру мекемелерінде конферен­ция өткізу, кеңес беру және оқушылар және студенттерге өрт техникалық орта­лық базасында тақырыптық лекция оқу, білім беру мекемелерінде интерактивті сабақтар жүргізу, конкурстар мен вик­ториналар өткізу және ашық есік күнін ұйымдастыру арқылы іске асады.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіп­сіздігі саласындағы профилактикалық бақылау басқармасы қызметкерлері­нің айтуынша, тұрғын үйлердегі өрт элек­тр сымдарының, электр құрал­дарының және жылыту пештерінің дұрыс жұмыс істемеуінен немесе оларды дұрыс пай­да­ланбаудан, отқа абайсыз қараудан немесе балалардың тентектігінен туын­дайды. Жылытуға арналған құрал­­дарды дұрыс пайдалан­баудан туын­дайтын өрт салдары қорқыныш­ты, олардан адамдар түрлі жарақат алады, кейде тіпті адам өлімі болады. Өкінішке қарай, адамдар өз қауіпсіз­діктері туралы көп ойлана бер­мейтін көрінеді: оқшаулануына зақым келген электр сымын қолданады, элек­тр құрал­­дарын оңай балқитын заттар­дың қасына жақын қояды, үтіктерін қосулы күйінде қалдырады және та­ғысын тағы­лары. Жылыту маусы­мының қарсаңында БҚО ТЖД облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Бірінші кезекте, Департамент қызметкерлері жылыту құралдарын қолдану кезінде оқшаулануына зақым келген электрсымын (өткізгішті) қол­дануға тыйым салуда. Электржы­лыт­қыш құралдарды жанатын зат­тардың қасына жақын қоюға бол­майтынын айтады. Үйден шығарда бар­лық электр жылытқыш құралдарды өшіруді ұмытпау міндетті. Пешті тұтату үшін бензин, керосин және басқа тез тұтанатын сұйықтықтарды қол­данбауды өтінеді. Пеш түтігінен жи­һазға, төсекке және басқа жанғыш құралдарға дейінгі қашықтықты қадағалау да аса маңызды. Бұл қа­шықтық 1,25 см-ден кем болмауы тиіс. Жылыту маусымы­ның басталуына дейін және жылу беру маусымы кезінде үш айда бір мезгілде құбырларды күйеден тазалауды ұмытпаңыз. Жарықтары, дұрыс істемейтін оттық есіктері бар, түтін құбырларынан қабырғалардың ағаш конструкция­ларына, жабын қалқанда­рына дейінгі аралығы жеткіліксіз пештер­ді қол­данбаңыз. Жанып жатқан пештерді, жанып тұрған керосиндерді, керогаз­дарды, примустарды, қосылып тұрған электржылытқыштар мен газ құ­ралдарын қараусыз қалдырмаңыз. Электр желісінің артық жүгін ту­дыратын электр желісіне бірнеше электр энергиясын қуатты тарта­тын құрылғыларды (электрпеші, элек­тркамин, шәйнек және б.) бір мезгілде қосуға жол бермеңіз. Қолдан жасалған стандартты емес жылыту құралдарын пайдалану қатаң қауіптілік тудырады. Барлық тұрмыстық электр құрал­дарының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын қадағалаңыз. Қосылып тұрған газ құралдарын қараусыз күйде қалдыруға жол берілмейді. Газ плитасының үстіне киімді құрғатуға болмайды. Бұл – қара­пайым ереже сияқты көрін­генімен, әдетте, тұрғын­дардың мүлкін ғана емес, өміріңіз бен жақында­рыңыздың өмірін сақтайды.
Жылыту маусымының алдында Астана қаласы ТЖД «Сарыарқа» ауданы төтенше жағдайлар басқар­масының инженерлік-инспекторлық құрамы тұрғындар ара­сында өрттің алдын алу бойынша үгіттеу-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ха­лықты барынша қамту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беруден бөлек, күнделікті жеке тұрғын сек­торларын аралап, тұрғындармен нұсқаулық жүргізіліп, жадынамалар таратылмақ. «Сарыарқа» ауданы ТЖБ пештің түтін мұржасында жарық­тардың пайда болуына және балқуына түтінді құбырларда жиналатын қара күйенің жануы себеп болатынын ескертеді. Ес­теріңізге сала кетейік, пешті жағу кезінде, оны қараусыз қалдырған жағдайда өрт шығу жиі орын алады. Қатты аяз кезінде пеш ұзақ мерзім бойына жанып тұрады, соның салдарынан пештің бөлік­терінде жарықтар пайда болады. Егер сол бөліктер үйдің ағаш құрылым­дарымен жанасса, өрттің болуы сөзсіз. Сондықтан да, пешті күніне 2-3 рет 1,5 сағаттан артық жақ­пауды ұсынады.
Павлодар облысының ауылдық ау­дандарында да өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Железин ауданында әрбір үйге кірісімен, қызметкерлер жады­намалар таратты және өрт, үй жай­лардың түтін­денуі немесе газдың шығуы кезінде іс-әрекеттерді түсін­дірді. Ерекше назар қарт адамдарға және балаларға аударылды, өйткені төтенше жағдайлар болған кезде дәл осы адамдар үрейге жақын келеді екен. «Тұрғындардан шұғыл жағдай кезінде қандай нөмірге қоңырау шалу керек­тігін сұрады. Көбі сасқанынан 101 немесе 112 телефонын еске түсіре алмады. Ал мектеп жастағы балалар еш кедергісіз осы телефондарды айтып берді, бұл мектептегі жақсы және сапалы жұмыс деген сөз» дейді бас­қарма өкілдері. Успен ауданында Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті полиция қызметімен бірге аз қам­тылған отбасыларға және әлеуметтік бейімделмеген азаматтар бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейд ба­рысында азаматтардың жеке үйлерінде жылыту пештерінің дайындығын, тұр­мыстық газды және электр құралдарын пайдалану бойынша профилактикалық жұмыстар жасалды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар дайын­далып, осы тақырыпта бүкте­мелер және жадынамалар таратылды. Павлодар қала­сының ауылдық айма­ғында жылу беру маусымына дайын­дық кезеңінде тұрғын үйлерде өртті алдын алу мақсатында Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқар­масы өртті мемлекеттік бақылау бөлімінің инспекторлары демалыс күндері Ленин кентіндегі жеке тұрғын үй иелеріне жылыту пештерін ұстау және уақытылы қолдану бойынша өрт қауіп­сіздігі қағидаларын түсіндірді. Рейд барысында қалалық басқарма қызметкер­лері осы кентте орналасқан өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен бірге тұрғын­дармен пеш жылытуын және электр жылыту құралдарын ұстау және пайдалану бойынша өрт қауіп­сіздігі қағидаларына нұсқаулықтар және әңгімелер жүргізді. Өртке қарсы қызмет бойынша барлық 204 үйдің иесіне жадынамалар және бүкте­мелер таратылды. Жылыту маусымы бас­талуының алдында мамандар мұр­жаларды күйеден, күлден тазалауды, сонымен қа­тар пеште жарықтарды анықтаған кезде, оларды құрылыс ерітіндісімен бітеуді өтінді.
Жылыту маусымын дайындау және өткізу кезінде өрт және соның сал­дарынан адамдардың қазасының алдын алу үшін Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті 14 қыркүйек пен 13 қазан аралығында тұр­ғын үйдегі өрт қауіпсіздік айлығы өт­кізбек. Облыстық ведомствомен тұр­­мыстық өрттің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді, себебі тұрғын үйлердегі әртүрлі төтенше жағдайларда жа­рақаттар алынады және адамдар қайтыс болады, жылдар бойы жинаған мүлкі отқа ора­нады. Іс-шара Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтың 2018 жылғы 29 тамыздағы №396 Қау­лы­сына сәйкес ұйымдастырылады. Қабыл­данған шараларға және өртте адам­дардың қаза болуына жол бер­меуге бағытталған жұмыстарға қара­мас­тан, жағдай күрделі болып қалуда. Тал­дау көрсеткендей, өрттің көп бөлігі тұр­ғын үйлерде тұтанады. Биыл тұр­мыс­тық өрттердің саны олардың жал­пы санының 64 пайызын құрады. Соны­мен бірге, 14 адам қаза тауып, облыс тұрғындарына 5 млн 250 мың теңгеден астам залал келтірілген. Әлі күнге дейін өрттің негізгі себебі, отты абай­сыз пайдалану (358), қыс мез­гі­лінде жылыту жүйелері мен пеш­тердің жарамсыздық­тары мен монтаж­далуын бұзу (96) болуда. Көріп отыр­ғаныңыз­дай, құрғақ статис­тика көрсеткіш­те­рінің артында өрт сал­дары­нан кел­тіріл­ген залал және ең бастысы аза­­мат­­­тардың өмірі мен ден­саулығы тұр. Осы іс-шара шеңберінде ТЖД қыз­­­мет­керлерімен өрт қауіпсіздік шара­­­ла­рына халықты оқыту және ақ­парат­­тан­дыру мақса­ты­мен үгіт-наси­хат жұмысы ұйымдас­ты­ры­­лады. Мектеп оқушылары, ЖОО мен кол­ледж­дер студенттері арасында ашық сабақтар, викториналар, дәрістер жүргізуі­мен қатар, жеке секторлар мен көпқабатты үйлердің тұрғындарына рейдтер мен жиналыстар жоспарланды. Адамдар­дың жаппай шоғырланатын орын­да­рын­да билбордтар, баннерлер, стенд­тер, көрнекі үгіттеу материалдары орна­ты­лады. Өрт жағдайын ақпарат­тан­дыруға БАҚ өкілдері де қосылады, одан басқа облыстық теле­арналар мен көшедегі LID-экрандарда өрт тақыры­бы бойынша бейнероликтер көрсе­тілмек.

Aйдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*