Жуалыда Баркуаб қалашығының орны аршылуда

940
0
Бөлісу:

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде, Жуалы аудандық сотының судьялары мен сот қызметкерлері қазіргі уақытта тарихи қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан Жамбыл облысындағы ежелгі қала аумағында болды.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жамбыл облысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ерте замандағы қалалардың орындары, ежелгі мазарлар сияқты тарихи орындар көп. Жуалы ауданындағы археологтардың жүргізген қазба жұмыстары кезінде биыл жазда «Барқуаб» деп аталған ежелгі қаланың орны табылған болатын. Қазір сол жерде А.Марғұлан атындағы археологиялық институттың қызметкерлері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе бастады. Археологтардың жер астынан тапқан жәдігерлерін көру үшін арнайы атбасын бұрып, сот төрағасы Бақытжан Мүлкібаев бастап келген аудандық сот ұжымын өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Даулетжан Байдалиев қарсы алып, ежелгі қаланың пайда болу тарихы мен оның жоғалып кету себебі, қала тұрғындарының өмірі, олардың қолөнер кәсібімен айналысқаны және археологтардың табылған көне заттары туралы ақпарат берді.

Қазақстан археологтарының барлау экспедициясы араб жазбаларына сай – «Баркуаб» ежелгі қаласының шаруашылық бөлігін тауыпты. Бұл қала стратегиялық маңызы бар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. А.Марғұлан атындағы археология институтының бас қызметкері Дукей Талиевтың айтуынша, Жібек жолындағы ата-бабаларымыздың ежелгі іздері барлық жерде кездесіп жатыр. Ежелгі заманда жасалған керамикалардың фрагменттері, су құбырлары, тұрмыстықзаттардың ескі қалдықтарды бұл жерден көптеп шығады, оларды ауыл тұрғындары шаруашылық жұмыстарын жүргізу барысында жер астынан тауып жатыр. Ауыл тұрғындары өздерінің ауласынан ежелгі заманда жасалған қыш құмыралар, жазуы, өрнегі бар тақтайшаларды жиі тауып алатын көрінеді. Ауыл ақсақалдары жер асты жолдарын көргендерін және бұл жерде жер асты қаласы бар екенін айтып отыр. Болжам бойынша бұл жерде 3-4 метр тереңдігінде біздің дәуірге дейінгі І-ІІ ғасырлар мен біздің дәуірдегі І-ІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген халықтардың ерте заманғы мәдениетіне жататын археологиялық қабаттар бар.

Жуалы ауданы басшылығы осы жерде аспан астындағы мұражай ашуды жоспарлап отыр. Жуалы аудандық соттың төрағасы Бақытжан Мүлкібаев, мемлекеттің ерекше назар аударып отырған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде мәдени мұраларды көрудегі осындай экскурсиялардың маңызы зор екенін айтты.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

суретті түсірген Айтжан МҰРЗАНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*