Агроөнеркәсіптік кешен: Қалай дамып жатыр?

1447
0
Бөлісу:

Қазақстан – аграрлы ел. Территориясының аумағы жағынан әлем бойынша 9-орынды алатын мемлекеттің ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға, азық-түлік өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа шығаруға барлық мүмкіндігі бар. Осы мақсатта азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қолдау, оларға жеңілдетілген несие беру, шығарылған өнімді тарату мен өткізуді ұйымдастыруда мемлекет ауқымды шараларды қолға алып жатыр. Елімізде былтыр қабылданған «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында» саланың барлық кем-кетігі мен артықшылығы талданып, алдағы 5 жылда атқарылуы тиіс шаралар жазылған.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Бағдарлама – осыған дейін салада жүзеге асырылған бағдарламалардың заңды жалғасы. Мәселен, 1993- 2005 жылдар аралығында «Ауыл» әлеуметтік-экономи­калық даму», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдар­ламалары» жүзеге асырылған еді. Кейіннен Ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Агроөнер­кәсіп­тік кешенді орнықты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған және Қазақстан Рес­публикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агро­бизнес – 2017» бағ­­дарламасы да қолға алынған ау­қымды жобалар еді. Соңғы бағдар­ла­мада алдағы 5 жыл­­да орындалуы тиіс 10 мақ­сат қойыл­ды. Бұл: азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету, қар­жы­­ландырудың қолжетімділігі, салықтық жеңілдіктер, жер және су ресурстарын тиімді пай­далану, өткізу нарығы мен экс­портты дамыту, аграрлық ғы­лым мен АӨК субъектілерін да­мыту, өн­дірісті техникалық жаб­дықтау мен жеделдету, мем­лекеттік қызмет көрсету сапа­сын арттыру мен цифрлан­дыру және ауылдық аймақтарды дамыту.

ӨЗГЕРІС НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Алайда биыл бағдарламаға кең көлемді өзгерістер енгізілді. Бағдарла­маны жүзеге асыру барысында оның кем-кетіктері мен осал тұстары анықталған. Мәселен, мал шаруашылығы саласында жақсы нәтиже көрсету үшін 5 жыл деген өте аз мерзім. Ірі қа­раның өсіп-өнуі, мал басының көбеюі үшін кемі 3-4 жыл қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі бағдарламаға өзгерістер енгізіп, «АӨК да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасын» негізгі платформа ретінде қал­дырып, ұзақмерзімді сала­лық бағдарламаларды қабылдады. Мәселен, етті ірі қара өсіру, құс шаруашылығын дамыту, өткізу нарығын қамтамасыз ету, егістік пен суармалы жерлерді дамыту, майлы, етті секторлардың экс­порттық позицияларын кү­шейту, ал астық пен ұн бо­йынша Қазақстан әлемдегі ірі экс­порттаушы елдердің қатарынан көрінуіне басымдық берілмек. Бұндай қадамға барудың басты себебі – аз уақытта елеулі нә­тижеге қол жеткізу мүмкін емес. Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында елдің агроөнеркәсіптік кеше­нінің алдына еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген ауыл ша­руашылық өнімдері экспортын алдағы 5 жылда 2,5 есеге көбейту міндеті қойылғаны белгілі. Осы міндеттің үдесінен шығу үшін саланы дамытуға жаңаша көзқарас қажет еді. Өйткені ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның өзін-өзі ақтау уақыты – кемі он жыл. Соған сәйкес, қаржыландыру көлемін де арттыру қажеттілігі туын­дайды. Айталық, «АӨК дамы­тудың 2017-2021 бағдарламасы» бойынша, 5 жыл ішінде мем­лекет қазынасынан кезең-кезеңімен 2 774,6 миллиард теңге бөлу көзделген. Алайда салалық бағдарламаларды толықтай жүзеге асыру үшін тағы да 1,3 триллион теңгеден артық қаражат қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы бағдарламаның тек бірінші кезеңінің қорытынды­сын көре аламыз деп тұжырым­дайды. Ал негізгі қорытынды 2027 жылы шығарылмақ. Мәселен, мал шаруашылығын дамыту бойынша жылына өн­дірілетін еттің көлемін 1,6 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылған болатын.
Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік саясаттың ұзақ­мерзімді болуы бір жағынан тұрақтылықты да қамтамасыз етеді. Жыл сайын жаңалық енгізілуі фермер үшін тиімсіз. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын кооперативтерді дамытамыз деген еді. Алайда оны ұйым­дастыру мен бөлінген қаржы­ның тиімді пайдаланылуын қадағалау қиындаған соң, кооперативтер құру ісі бәсең­деді. Оның үстіне, құрылға­нының өзі нәтижелі жұмыс істей алмады. Ауыл шаруашы­лығы вице-минстрі Арман Евниев құрылған коопера­тивтердің жартысына жуығы жалған, тек қағаз жүзінде деп мәлімдеген еді: «Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 62 мыңнан аса тұлғаны біріктірген 2849 кооперативтер тіркелген. Президент әкімшілігінің тексерісі нәтижесінде ауыл­шаруашылық кооперативтерін дамытуға кедергі келтіретін бірнеше жүйелік мәселелер анықталған. Олардың 18 пайы­зы жұмыс істемейтін болса, қағаз жүзінде құрылғандарының саны 48 пайызды құрайды».

КҮТІЛЕТІН НӘ ТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Енді етті мал шаруашылығын дамыту салалық бағдарламасы аясында, ірі қара өсіретін фер­мерлер, бордақылау алаңы мен заманауи ет өңдейтін кешеннен тұратын шаруашылықтар құры­лып жатыр. Аталмыш барғдар­ламаға сәйкес, ел бойынша мал шаруашылығымен айналы­сатын 80 мыңнан аса шаруа­шылықты құрып, жайылымдық жер көлемін 58 млн гектардан 100 млн гектарға жеткізу жос­парланған. Соның арқасында ірі қара саны 15 миллионға жетсе, ұсақ малдың саны 30 миллионға көбеймек. Бұл көр­сеткіштерге жету үшін бағ­дар­лама қатысушыларына үлкен қолдау көрсетіледі: қосымша жайылымдық жер беру, мал басын арттыру үшін фермерлік қожалықтарға жеңілдетілген несие беру, қажетті құрал-жабдықтар мен жайылымды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Сонымен қатар сүтті мал шаруашылығын дамыту да якорлық кооперация принци­піне негізделмек. Бұндай шаруа­шылықтарда сүт ферма­лары мен сүт өнімдерін шығара­тын зауыт болады. 2027 жылға дейін осындай отбасылық фермалардың санын 930-ға жеткізу жоспарланған, соның арқасында елімізде жыл сайын 1 млн тоннадан аса сүт өнді­рілмек. Құс шаруашылығында да жұмыс істеп тұрған зауыт­тарды жаңғыртып, құс еті мен жұмыртқа өндіруді арттыру міндеті қойылған.
Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі кезде ішкі нарықта негізі азық-түліктің 30 түрі болса, соның 25 түрімен толық қамта­масыз етілген. Тек құс еті, алма, шұжық өнімдері мен ірімшік, сүт өнімдері, балық бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан осы салаларды дамытуға ба­сымдық беріліп отыр. Ол үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудағы бірталай саларалық мәселелерді шешу қажет. Салықтық жеңілдік, техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жауапты министрліктер бірлесе отырып шешуі тиіс мәселелер.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл бағдарламада субцидия беру мәселесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Аталмыш бағдарла­ма­ға сәйкес, субцидия енді гектарына немесе өнімнің салмағына қарай берілмейді. Өйткені фермерлер субцидия көбірек бөлінетін шаруамен айналысқанды жөн көретіні жасырын емес. Оның шығарған тауары нарықта сұранысқа ие ма, ертең өткізе ала ма деген са­уалдар екінші орынға сыр­ғыған. Сондықтан субцидия берудің бұрынғы механизмінен бас тартып, аграрийлерге немен айналысқысы келетінін өздері анықтауға мүмкіндік беріліп отыр. Мемлекеттік қолдау бірін­шіден, салынған қаржы­ның 25 пайызын инвестицялық субцидиялау болса, екіншіден, екінші деңгейлі банк несиесінің пайыздық үстемақысын субци­диялау. Осы екі құрал саланы қаржыландыру мәселесін оңтай­лы шешпек.

Самал МӘКЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*