ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТҮРКІСТАНҒА ҚАРАЙДЫ

843
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Астанада өткен алқалы жиында «Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс» деді. Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екенін айтты. Елбасы Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма берді.

Президенттің Жарлығына сәйкес Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту үшін халықаралық байқау жарияланған. Осы байқауға Түр­кияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстан­ның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Жап-жақсы жобалар бар сияқты.
Қазіргі таңдаТүркістан қаласын дамыту­дың кешенді жоспары әзірленіп, нақты 188 іс-шараның тізімі енгізіліпті. Алғашқы 5 жылға 1,3 трлн теңге қаржы қарас­тырылған. Әкімшілік-аумақтық бас­қару органдары жаңа облыс орталығына көшіріліп жатыр. Қазір инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар шешімдер қабылданған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев иісі мұсылманға киелі кентті көркейту ісіне тек бюджет есебінен ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінің, ұлттық компаниялар мен белді кәсіпкерлердің де атсалысуын қалайтынын айтқан еді. Түркістан қаласының туристік әлеуеті аса жоғары.Былтыр 1 миллионнан астам турист келген екен.
Қаланың қақпасы әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал арқылы ашылады. Тұрғындар мен қала қонақтарына сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік мәдени нысандар да бой көтермек. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы аумақта әкімшілік ғимарат, басқармалар мен департаменттер үйі, драма театр, конгресс-холл, филар­мония, кітапхана, мәдениет сарайы, 500 орындық мешіт, спорт кешені, стадион, жүзу бассейні, Назарбаев зияткерлік мектебі, саябақтар, көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, көрме орталығы, мұражай, опера және балет театры, Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті жердегі филиалының ғимараты, денсаулық сақтау нысандары және басқа әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызылады.
Бірінші кезекте қажетті инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды қолға алу қажет. Әсіресе, қаланы ауызсумен қамта­масыз ету – аса маңызды міндеттердің бірі.
Тәу етер Түркістанымыз қайта түлегелі тұр. Кезінде Астана құрылысы аз уақытта, ерекше екпінмен жүргізілгенін білеміз. Енді Түркістан да сондай қарқынмен дамитын болады. «Бұл – түркі халықтары­ның киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бір кезде Қазақ хандығының ордасы болған көне шаһар Тәуелсіздік тұсында ерекше мәртебе алды. 3 миллионнан астам халқы бар оңтүстік облыстың орталығы болды. Түркістанның түлеуі – барша қазақ баласының тілеуі. Демек, қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Мемлекет басшысының бұған қатты мән беріп, қайта-қайта назарға алуы тектен тек емес.
Рухани жаңғыру кезеңінде Түркістанды абаттандырып, гүлдей жайнату – мем­лекеттік маңызы зор мәселе.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*