Қазақстан мен Түркия: бекем бауырластық

889
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы іссапармен Түркия Республикасына барды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркия президенттері арасында келіссөз өтті. Кездесуде Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың және сауда-эко­номикалық қатынастарды нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайып Ердоған халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты. Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Сауда-экономикалық байланыстар
ын­тымақтастығымыздың маңызды бөлігі сана­лады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның маңызды инвестициялық әріптестеріміздің бірі екенін айта келе, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту­дың нақты шараларына тоқталды. Өзара ынты­мақтастық мәселелерін шешу үшін Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, инвестициялық әріптестікті дамыту перспективалары туралы әңгімеледі.
– Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңартуда. Біз осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, Орталық Азиядағы жетекші логистикалық хабқа айналуды жоспарлап отырмыз. Осыған бай­ла­ныс­ты, бізге елдеріміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ және әскери-өнеркәсіп салаларындағы қатынастарды нығайту мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде, туристік және ғылыми-техникалық салаларда тиімді байланыстар орнатудың маңызды екенін атап өтті. Кеңес барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше мән берілді.
Екі мемлекет арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық турасында талқы жасау үшін Елбасы көрші елдің кәсіпкерлерімен де кездесті. Атап айтқанда, «Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директоры Сүлеймен Эрдеммен, «Йылдырым групп» компаниясы басқармасының төрағасы Роберт Юксел Йылдырыммен және «Коч Холдинг» компаниясы басқармасының төрағасы Али Йылдырым Кочпен жүздесті.
Президент инвестициялық ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Тәуелсіздік алған тұстан бері елімізге Түркия 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйған. Бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отыр. «Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серік­тестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі ел кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде айтты. «Осы бағдарлама аясында құны 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Кеше екі елдің бизнес өкілдері құны 1,7 миллиард доллардан асатын 24 келісімшартқа қол қойды. Бұл – біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы» деді Елбасы.
Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында – 36-орында. Мемлекетіміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық комитетінің мүшесі екенін де Нұрсұлтан Әбішұлы атап өтті. Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ бар. Олардың жұмысына қатысушылар үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконтиненталь мультимодальды жүк тасымалын белсенді дамытуда. Еліміз арқылы 5 теміржол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Транскаспий мультимо­дальды жүк тасымалын дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ақтау порты жаңғыртылып, оның мүмкіндіктері кеңейтілді.
«Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директоры компанияның жұмысы жөнінде кеңінен әңгімелеп, Қазақстанда бизнесін дамытуға мүдделілік танытты. «Йылдырым групп» ком­паниясы басқармасының төрағасы Роберт Юксел Йылдырыммен өткен кездесуде хром өндіру және химия өндірісі салаларындағы инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы бүгінде Ақтөбе об­лысында түрік компаниясы жұмыс істеп жат­қанын айтып, инвесторлардың екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жоспарларын қолдай­тынын білдірді. «Коч Холдингтің» басқарма төрағасымен сауда-экономикалық ынтымақ­тастықты дамыту және Қазақстанда инвес­тициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Қарсы тарап қорғаныс өнеркәсібіндегі және экономиканың басқа да өндіріс сала­ларындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарын жекешелендіру үдерісіне және агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобаларды іске асыруға шетелдік инвесторлардың қатысу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті түрік бизнесмендерін Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында құрылған инновациялық кластерлердің жұмысына атса­лысып, туристік саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Соңында Қазақстан Президенті екі ел бизнесмен­дерін бүгінгі жасалып отырған мүм­кіндіктің бәрін пайдалана отырып, мем­лекетаралық байланыстарды дамыту және нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*