Депутаттар ұсыныс жасады

623
0
Бөлісу:

Көліктік бақылау қызметін қысқарту керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясы жанындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның отырысында депутат Сәкен Өтебаев мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Көліктік бақылауды сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары қызмет ретінде мүмкін қысқарту керек шығар немесе оны мамандандырылған органның қарамағына берген жөн болар. Осы орайда көліктік бақылауды мемлекеттік кіріс, не болмаса жол полициясына ауыстырған дұрыс шығар. Бұл ұсынысты Үкіметтің қарауына жіберіп, талқылау керек. Атап айтқанда, бүгінде министрлік (Инвестициялар және даму министрлігі)  жолдарды өздері салады, оны өздері қадағалайды. Жолдардың сапасыз салынуына мүмкін олар мүдделі шығар, себебі 99 млрд теңге жыл сайын жолдарды қайта салу мен жөндеуге бөлінеді. Неге? Өйткені көліктік бақылау жұмыс істемейді», – деп тоқталды С. Өтебаев.

Оның пайымынша, жолдың сапасының нашарлауы үрдісі қарқынды, бұл тұрғыда көліктік бақылау қызметі өздерінің жұмысын лайықты деңгейде атқармай отыр. «Осыған байланысты аталған ұсыныстарды міндетті түрде жеткізу керек. Тиісті қадағалау болмаса, онда біздің жұмыстан ешқандай нәтиже шықпайды», – деді депутат комиссия отырысында.

Өз кезегінде депутат Бейбіт Мамраев жолдарға шамадан тыс салмақ түсіретін өте ауыр жүк көліктерін еліміздің аумағына кіргізбеу керектігін алға тартты. «Стандарттар бойынша аталған ауыр көліктердің салмағын жолдар көтермейді. Сондықтан осы жүк көліктерін ел аумағына кіргізуге тыйым салу керек болар. Осыған дейін оң рульді жеңіл көліктерді Қазақстанға алып кіруге тыйым салдық қой, енді бұл мәселеде де тиісті шешім қабылдау керек», – Б. Мамраев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Алматы облысында өңірлік көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*