Астанада 200 адам ұсталды

695
0
Бөлісу:

Астанада «Астана ЛРТ» ЖШС мен жергілікті полиция қызметкерлерінің бірлескен рейді барысында екі күнде 200 адамның билетсіз жүргені белгілі болған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Астана ЛРТ» ЖШС баспасөз хатшысы Науат Азанбаева хабарлады. 

Рейд жұмыстарына «Астана ЛРТ» компаниясы тарапынан 94 қызметкер жұмылдырылды. «Дүйсенбі мен сейсенбі күндері  билетсіз жүрген 200 жолаушы ұсталды. Билетсіз ұсталған жолаушыларға 2 АЕК (4 810 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал билетсіз жүргізу турасында қателік автобус ішіндегі кеңесшілерден кетсе, біз оларға 5 АЕК (12205 теңге) көлемінде айыппұл саламыз. Ал кеңесшісі жоқ автобустағы жүргізуші билет бермесе оған да 5 АЕК айыппұл салынады», – дейді компания өкілі.

Науат Азанбаева сараланған тариф енгізілгелі бері (қолма-қол ақшамен 180 теңге) кейбір кеңесшілер жұмыстан босатылғанын айтады. «Бұл жерде айта кететіні, «билетсіз тасымалдау» деген бар. Яғни, ол айыпқа жүргізуші немесе кеңесші (кондуктор) ілігуі мүмкін. Сонымен бірге, «жол ақысын төлеуден жалтару» деген бар. Ол айыпқа жолаушылар тап болуы ықтимал.  «2018 жылдың 1 қаңтарынан 12 қыркүйекке дейін жол ақысын төлеуден жалтарған 2 мыңнан астам жолаушыға жалпы сомасы 10 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар, аталған аралықта бақылаушылар кондукторлар тарапынан 2 мыңға тарта бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, 47 жүргізушінің жұмысында кемшілік анықталды», – дейді ол.

Науат Азанбаеваның айтуынша, өз ісіне жауапты кондукторлар жұмыссыз қалған емес. «Билет бермеген немесе жолаушыларға дауыс көтерген, бір сөзбен жұмысында кемшіліктер анықталған кондукторлар жұмыстан босатылды. Бірақ, көптеген кондукторлар өзінің автопаркінде жұмыс орнында қалғанын айтқым келеді. Мәселен, әрбір автопарктің өзінде бақылау-желілік қызметі бар. Кондукторлардың кейбірі Көліктік бақылау департаментіне ауысса, кейбірі өз автопаркінде қалды. Яғни, жауапты қызметкерлердің ешқайсысы жұмыссыз қалған жоқ.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*