Елбасының бағдарламасы бойынша 23 жоба қолға алынған

986
0
Бөлісу:

Қарағанды облысына Елбасының бес әлеуметтік бастамасын қадағалайтын Республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері, мәжілісмендер Жамбыл Ахметбеков пен Азат Перуашев келді. Іссапар барысында  олар «Нұрлы жер», «7 – 20 – 25» бағдарламалары бойынша салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмысымен танысты.

Жалпы аумағы  280,2  мың шаршы метрді құрайтын 23 жоба қолға алынған. 2017 жылы Қарағанды облысы бойынша жекеменшік құрылыс компанияларының көмегімен 91,7 мың шаршы метр тұрғын үй игерілді. Ағымдағы жылы 46,5 мың шаршы метрді құрайтын 9 жоба жүзеге аспақшы. Қазір құрылыс компаниялары 12,7 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысына кірісіп кетті.

Бүгінде банктермен «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй беру жүйесі бірізге қойылған. Дегенмен аймақта тұрғын үйге деген сұраныс жоғары болғандықтан, коммерциялық тұрғын үй көлемі 20 пайызға өсуі мүмкін.

Сондай-ақ депутаттар Осакаровкадағы «Тарасюк» ЖК наубайханасының жұмысымен танысып, кездесу барысында бірнеше мәселе қозғалып, шағын несие беру түсіндірілді. Тіпті ауылдық жерлерде жас кәсіпкерлер бұл бағдарламаның жемісін көруде. Өйткені 1500 ауыл кәсіпкері өз кәсібін бастауда.

Артынан «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облысындағы филиалында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын қадағалайтын Республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.

– Бес әлеуметтік бастамасы ел дамуында әлеуметтік мәселенің көтерілуі – басты тетік екені белгілі. Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық кеңесті құру жұмысын қолға алып, құрамына елдің саяси партия жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясы, көрнекті қоғам қайраткерлері, азаматтық белсенділер және сарапшылар кіріп отыр. Осы бастаманы жақсы орындап шығуымыз керек, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Депутаттар Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру барысында Қоғамдық кеңестің жұмысын жүйелі түрде атқару керегін атап, республикалық, аймақтық Қоғамдық кеңес арасындағы байланыс бірізге қойылып, нығая түсуі керектігін жеткізді Жамбыл Ахметбеков.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров бастаманың басты тармақтарына тоқталып,  2019 жылы магистралды газ құбыры құрылысының басталатынын хабарлады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА

Қарағанды облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*