КӨЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ ҚОНАҚҮЙ

Мемлекет басшысының Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту және көл жағалауындағы Ақши елдімекеніне жазда демалуға келушілер үшін қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасы ретімен жүзеге асырылуда. Конституция күні қарсаңында осы Ақши ауылында көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешенінің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылды.
Жылына 30 мың адамды қабылдауға лайықталынған жобаны Falcon Petroleum ЖШС жүзеге асырыпты. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4 млрд теңгені құрайды.
Кешеннің ашылуына арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту жөнінде ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқандығын жеткізді. Өңір басшысы атап өткендей, жергілікті бюджет есебінен Ақши ауылынан көл жағалауында орналасқан демалыс орындарына дейінгі жалпы ұзындығы 23,8 шақырым болатын жолдар қалпына келтіріліп, оған 3 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Қазіргі кезде «Үшарал – Достық», «Талдықорған – Достық» бағытындағы автомобиль жолдарын қайта төсеу жұмыстары басталды. Демалушыларды Алакөл жағалауына шаршатпай жеткізу мақсатында облыс әкімдігінің субсидидиялауы арқасында «Жетіген – Достық – Жетіген» бағыты бойынша теміржол және «Алматы – Үшарал – Алматы», «Астана – Үшарал – Астана», «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша әуе қатынастары қызмет көрсетуде. Келесі жылдан бастап, Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қалпына келтіру және көлдің жағасын бекіту жұмыстары жоспарланған.
– Баршаңызды заманауи көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Алакөлге жұмыс сапарымен келген кезінде көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, бұл бағыттағы жұмысты алда да жалғастыру қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан да бүгінгі ашылып отырған бес жұлдызды заманауи қонақжай кешенін – Елбасы тапсырмасын орындау жолында жасалған маңызды қадамның бірі деп санауға болады. Осынау ауқымды жобаны жүзеге асырғаны үшін кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін, – деді өңір басшысы.
Кәсіпкер Мұрат Әділханов өз кезегінде аудан тұрғындарын алда келе жатқан мерекемен құттықтап, жобаны жүзеге асыруда облыс басшылығының көрсеткен қолдауына алғысын білдірді. Алдағы кезде кешенді кеңейтіп, қызмет сапасын жетілдіре түсу де ойында барын жеткізді.
Көп салада қонақжай кешеніндегі 107 бөлмеге 450 адам жайғаса алады. Бөлмелердің 97-сі стандартты, 4-уі люкс және 1-уі президенттік люкс санатында. Кешеннің жалпы аумағы 16 гектар болса, оның 10 гектары саябаққа арналған. Қонақжай кешені 5 қабаттан тұрады. Қонақжай кешенінде 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда демалушыларға арналып жазғы терассасы бар кафе, монша, караоке клубы, дүкен, балалардың ойын алаңқайы, волейбол және үстел теннисінің алаңы, кітапхана, автотұрақ пен өзге де жайлы жағдайлар қарастырылған.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы