ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚТАН ТЕРРОРИЗМ ТУЫНДАЙДЫ

865
0
Бөлісу:

Биыл жыл басынан бері Қазақстан арнайы қызметі республика аумағында жасалмақ болған үш терактінің алдын алды, теракт ұйымдастырмақшы болған 13 адамды ұстады. Олардың ішінде шетелдіктер жоқ, барлығы қазақстандық азаматтар деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

ҰҚК арнайы қызметі биыл Астана, Ақтөбе, Орал қалаларында күш қолдану арқылы жасалатын террористік сипаттағы экстремистік акцияға дайындалған радикалдық үш топтың жоспарларын бастапқы кезеңінде анықтап, дер кезінде тосқауыл қойды. Ведомствоның мә­лімдеуінше, радикалдар құқық қорғау, жергілікті атқару органдарының қыз­меткерлері мен ғимараттарына шабуыл жасауды жоспарлаған. Бұл топтардың 13 мүшесі қамауға алыныпты. Қазақстан арнайы қызметі былтырғы жылы 11 терактінің алдын алған екен. 2014-2017 жылдар аралығында Қазақстан аумағында экстремистер 30 рет лаңкестік шараларын ұйымдастырмақшы болған, бірақ олардың барлығы арнайы қызметтің бақылауында болған, дер кезінде әшкереленген.
Террористік актілер ұйымдас­ты­рушылардан басқа жыл басынан бері 40 шақты адам терроризмді уағыздағаны және халықаралық террористік ұйымдарға қатысуға шақырғаны үшін ұсталған. Мысалы, мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-шаралары барысында экстремизмге қатысы бар деген күдікпен облыстың 8 тұрғыны ұсталды. Ұсталған азаматтар облыстың бірқатар ауданында экстремистік идеология туралы аудио және бейнежазбаларды таратқан. Олардың әрекеттеріне қатысты Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. «2018 жылдың басынан бері лаңкестікті уағыздағаны үшін Қазақстанның 26 азаматы және ДАИШ, Хайят Тахрир аш-Шам, Катибад Таухид әл-Жиһад сияқты халықаралық террористік ұйымдардың жұмысын уағыздап, оған қатысуға шақырған 18 қазақстандық ұсталды» деп мәлімдеді ҰҚК.
Лаңкестіктің алдын алу, анықтау жұмыстарына барлық арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары жұмыл­дырылған. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановты қабылдады. Кездесу барысында ведомство басшысы сыртқы барлау қызметінің биылғы 6 айда атқарған жұмысының негізгі нәтижелері және бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев көрші мемлекеттермен достық қатынас­тарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті. «Шет елдердің арнаулы органдарындағы әріптестермен тығыз ынтымақтастықта болу қажет. Террористік идеяларды ұстанатындарды, соның ішінде Сириядан оралатындарды ұдайы бақылауда ұстау керек. Бұл сіздер атқаратын жұмыстың негізгі бағыты саналады» деп Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
Қазіргі кезде Ислам дініндегі әртүрлі ағымдар елімізге көптеп енді. Олардың қайсысы қандай бағытты ұстанатынын қарапайым халық біле бермейді. Өйткені көпшілігіміздің діни сауатымыз жоқтың қасы. Сондықтан кейбіреулер адасып жаугершілікке шақыратын ағымдарға түсіп кетуі мүмкін. Осыдан келіп лаңкестік әрекеттерге баратындар шығады. Бұл бағытта дінтанушылар жақсы жұмыс істеп жатыр, діни сауат ашамын дегендерге де барлық жағдай жасалған. Халықты ақпараттандыру, мемлекеттің дін сала­сындағы саясатын түсіндіру мақсатында елімізде 250 арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Олардың құрамында 3500-ге жуық адам бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 2017 жылы баспа өнімдерін шығаратын 2925 нысанға талдама жұмыстарын жүргізіп, оның ішінде 136 нысанның заңға қайшы әрекетін анықтады. Қазір радикалды бағыт ұстанатын тұлғаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Нұр-Мүбәрак» университетінің жанында экстремизмге қарсы іс-қимыл саласы бойынша теологтарды дайындайтын институт құрылды. Осы жерде жүзден астам имам қайта даярлау курсынан өтті. Дін саласы бойынша туындайтын сауалдар үшін «Қауырт желі – 114» байланысы жұмыс істейді.
– Еліміздегі діни ахуалдың тұрақ­тылығы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас, конфессиялар ара­сындағы өзара әрекеттестік, азаматтардың ар-ождан бостандығының деңгейі, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуы, азаматтар­дың дін саласындағы саясатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы сияқ­ты көп қатпарлы өлшемдердің нәтижесі­нен құралады. Қазіргі кезде Қазақстан қоғамы рухани келісім мен өзара ынтымақтастық жағдайында дамып келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі үлкен жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, сонымен қатар конфессия өкілдерінің заң аясында қызмет етуі. Өкінішке қарай, дінді біржақты түсінетін радикалды ағымдар идеяларын ұстанушылар тарапынан елімізде соңғы 5-6 жылда бірқатар жантүршігерлік оқиғалардың орын алғаны мәлім. Десек те, осындай оқиғалардың өзі еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіре алмайды. Керісінше, мұндай лаңкестік оқиғалар қоғамда берік орныққан конфессияаралық келісім мен ауызбіршіліктің баға жетпес құндылық екеніне көз жеткізе түседі. Сондықтан еліміздегі діни ахуал тұрақты екендігін және діни себептерді бүркеніп, ради­калдардың қатысуымен орын алған бірді-екілі оқыс жағдайлар оған түбегейлі әсер етпейді. Қазақстан – әлемдік қоғамдас­тықтың бір бөлігі. Сол себепті, ел тарихы қазіргі заманғы әлемнің жағдайымен, даму серпінімен, халықаралық саясат пен экономикадағы өзгерістерге тығыз байланысты дамиды. Діни сипаттағы дүниені дүрліктірген құбылыстардың, әсіресе, соңғы кездері орын алған Мы­сырдағы мешітте болған теракт, Ауғанстан мен Нигерияда болған қанды оқиғалар, Сирия аумағындағы ДАИШ террористік ұйымы әрекеттерінің зұлымдығынан қарапа­йым халық зардап шегуде. Мұндай әрекеттер­дің еліміз үшін де кері ықпалы, қауіп-қатері бар екені рас. Бұл ретте қоғамның тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау мақсатында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жан-жақты жүзеге асыру міндеті алға шығады, – дейді Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов.
Терактілердің барлығы діни идео­логияға негізделген деген қате пікір. Ислам – ең алдымен адамзатты бейбіт өмірге шақыратын дін. Лаңкестердің арасында жоғарыда айтылған діни экстремистердің жетегінде кеткендер болуы мүмкін, бірақ ешқандай идео­логиясыз-ақ қарақшылықпен айна­лысатын, қылмыстық жолға түскен бандалық топтар да күштік құрылымдарға қарсы шығатынын ұмытпау керек. Алғашқы терактілер сериясы Қазақстанда 2011 жылы болды. Ақтөбеде 17 мамыр күні беліне бомба байлаған жанкешті Р.Мақатов ҰҚК облыстық департаментінің ғимаратына кіріп өзін жарып жіберді. Өзі сол жерде қаза тапты, үш адам жараланды. Прокуратура Мақатовты экстремистік топ мүшесі деп танығанмен, өзін-өзі жарып жіберу фактісін теракт санатына жатқызбады. Оның тобындағы 12 адам ұсталды, біреуі ғана «терроризм» бабымен сотталды. Одан кейін 31 қазанда Атырау қаласында екі теракт болды. Бірінші жарылыс прокуратура, ҰҚКД және облыстық әкімшілік ғимаратының жанында, екіншісі – тұрғын үйдің ауласында болды. 23 жастағы лаңкес Б.Сұлтанғалиев оқиға орнында қаза тапты. Атыраудағы бұл оқиғаны Қазақ­станда бірінші рет террористік акт деп таныды. «Халифат әскерлері» террористік тобы бұл жарылыстарды ұйымдастырғанын мойнына алды. Оған қатысушылардың барлығы бірнеше күннен кейін ұсталып, бір жылдан кейін олар «терроризм» бабы бойынша сотталды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*