ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША АДАМ ҚОНЫС АУДАРДЫ?

979
0
Бөлісу:

Бүгінде елімізде адам саны көп өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған өз еркімен қоныс аударушыларды ынталандыру, ішкі көші-қон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік – Солтүстік» жобасын дайындауда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дауын­дағы «Үшінші кешенді міндет − еңбек нарығын жаңғырту» бөлімінде басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету жөнінде айтылған болатын. Онда еңбек ресурстарының ұтқырлығын артты­руға байланысты облыстың халқы тығыз орналасқан аудандарынан республи­камыздың шалғайдағы өңірлеріне ха­лықты көшіру барысы баяндалған.
Қазіргі кезде Шымкент қаласына қоныс аударушылардың саны да арта түскен. Оған төмендегі деректер арқылы көз жеткізуге болады. Биыл облыс бо­йын­ша тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 173 мыңға жуық адамның өтініші тіркелді, ал 49 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Оған тағы құжаттарын ресімдеу қаракетінде жүрген, тіркеуге тұрып үлгермегендерді қосыңыз. Ішкі көші-қонды реттеу бойынша облыста бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен биылғы сәуір айында өңіраралық бірігуді дамытудың шаралары бірнеше ауданда ұйымдас­тырылды. Іс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116-сы – ауыл шаруашылығымен, 98-і – кәсіпкерлікті дамытумен, 794-і мемлекеттік кәсіпорын­дарда жұмыс істеуге талаптанып отыр. 2017 жылы қоныс аударушылардың 288 отбасына квота бекітілді. Демек, квотаға енген бағдарламаға қатысушылардың әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде бір реттік субсидия, тұрғын үй жалдауға және коммуналды қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге 12 ай ішінде 180-360 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі.
Солтүстік өңірлердің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 119 отбасы қоныс аударса, оның 99-ы – Оңтүстік Қазақстан облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қазақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңірлерге көшпек. Оның ішінде 64 отбасы нақты квота алу үшін құжаттарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауда­нынан – 12, Түлкібас ауданынан – 3, Ор­да­басы ауданынан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 от­басы) тапсырды.
Қазақстанда көші-қон ағымдарын реттеу үлкен маңызға ие болып отыр. Осы орайда заңсыз көші-қонның қауіптілігі елдің демографиялық жағдайына да әсер ететінін, мемлекеттің өзіне де қауіпті екенін естен шығармағанымыз жөн.
Көші-қон саясатының мақсаты – еліміздің ұлттық бірегейлігі мен қауіп­сіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды қысқарту мен сұ­рыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайту. Мемлекеттің мигра­циялық қызметі мемлекеттің басқа да қызметтері сияқты, Қазақстан Респуб­ликасының демографиялық мүдделерін қорғауға, демографиялық үрдістерді реттеуге, шешуге бағытталған.
Өкінішке қарай, көші-қон мәселесі бойынша елімізде әлі де болса шешілмеген бірқатар мәселе бар. Қазіргі уақытта ішкі миграцияның саны өсуде. Ішкі көші-қонның негізгі бөлігі ауылдық жерлерден көшумен жалғасып отыр. Осыған орай көші-қон айырымы төмендеуде. Білікті мамандардың азаю қаупі де бар. Орал­мандарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін ары қарай жетілдіруіміз қажет.
Көші-қон бойынша халықаралық ұйымның мәліметтеріне сәйкес, бүгінде Қазақстан ең көп көші-қон жүргізілетін мемлекеттер қатарында екен. Сол себепті, еліміздегі көші-қонның көлемі өсіп, олардың саяси және әлеуметтік-экономи­калық жағдайларға әсер етуі де кеңейді. Қазірдің өзінде республикамыз көші-қон ағымының әсерін сезінуде.
Мемлекетте көші-қон аясындағы қызметті жетілдіру мен мәжбүрлі көші-қон бойынша көшіп келгендердің құқығын қалпына келтіру қиындыққа ұшырап отыр. Еліміз паспорттық-визалық режимді нығайтуды қолға алып, мемлекет аумағына келуші шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркейтін жүйені жетілдіру қажет.
Бүгінгі таңда Қазақстанда паспорттық-визалық құжаттарды даярлау мен енгізуде жаңа тәсілдер қолданылуда. Сонымен қатар ТМД елдерінен шекара арқылы өту кезінде визасыз өтетін жағдайлардың тізімін қысқартқан жөн. Шекарада қатаң бақылау жүргізілуін жетілдіру керек. Осындай шараларды жүзеге асыру арқылы елдің демографиялық жағдайын біршама жақсарта аламыз.
Елдегі халық санының өсуіне ықпал ететін, үлкен маңызға ие болып табылатын көші-қон үрдістерін реттеудегі мемле­кеттің қызметін демография саласындағы мемлекет қызметінің бір бөлігі етіп белгілеуге болады. Жоғарыда аталған мә­селелерді шешу үшін демографиялық үрдістердің бір бөлігін қамтитын көші-қон саясатын тиімді етіп жүргізу маңызды. Ол үшін көші-қон саясаты, сонымен қатар демографиялық саясаттың өзі де мем­лекеттің ішкі саясатының маңызды бөлігі болуы тиіс. Елімізде жүргізіліп отырған көші-қон саясаты мемлекеттің экономи­калық, саяси, әлеуметтік жағынан өсіп-өркендеуге ықпал етуге, егеменділік пен тәуелсіздікті сақтап қалуға, мемлекеттік, ұлттық, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, аумақтық біртұтастықты сақтап қалуға бағытталуы қажет. Осы мақсатта көші-қон саласын реттейтін қазіргі заманның талабына сай заңна­маларды жетілдіріп, дамытсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*