АЛТЫН САҚА

2237
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, қаламгер ұстаз, ақын, тарихшы, тілші-баспагер Сағатбек Медеубек асқақ Алатаудың бір шыңына ентікпей шықты. Адам биікте отырып, еңіске көз салады, өткен-кеткенді де сол биікте ой елегіне салып, екшейді. Сағатбек етекке қараса, не көрер еді?

1.
Қайсыбір жылы Сахаңның «Алатау» санаториясының іргесіндегі үйіне бір топ курстас достар топырлап бара қалғанбыз; есік алдындағы күркеде белі бұратылып, көзі кіртиіп, кішкентай кән­ден күшік жатыр екен, «е, мейман кел­ді, бір тоятын болдым ғой» дегендей құйрығын бұлғаңдатып, бізге дәмете қараған. Үміттің шайын ішіп, алды­мызға тартқан асынан дәм ауыз тиіп оты­­рып, үйдегі кісінің қарасы көрін­бе­генге көңіл пәсейген. «Сахаң қайда?» де­ген сұраққа келіншегі «кеп қалады» деу­­ден арыға бармай, қолдағы дәмді­сі­нің бәрін дастарқанға шығарып, бә­йек болып күтіскен. Сонымен, үш рет шай ішіліп, бір рет ет, оның артынан манты желініп, қожайынның жуыр маң­да келе қоймайтынын сезгесін ор­ны­­мыздан тұрғанбыз. Жігіттердің бірі «Сахаң қайда кетіп еді, келсе бізден сә­лем айтарсың» деген. Үміт сыр бермей:
– Кеген жаққа кетіп еді.., – деді.
– Қашан?
– 13-14 күн болып қалды…
Алматының бір бұрышына кетіп, қазір кеп қалардай күтініп отырған достар күлкіге көмілген. Сыртқа беттеп бара жатып, «иесі болмаған соң, иттің де күтімі кетеді екен ғой» деп Сағатбектің үйінен апталап шығып кететінін әзіл-қалжыңға арқау еткенбіз.
Сөйтсек, Сахаң кейде апталап, кейде айлап ел аралап кетеді екен. Оны­сы жастықтың желігі, серінің перілігі емес, таза ғылыми ізденіс – бүкіл Жетісу өңірінің жоғын түгендеу, барын байыптау болып шықты.
Қазақ өнерінің іргелі зерттеушісі Ахмет Жұбанов еліміздің батыс және орталық өңірлеріндегі күй мұрасын талшығына дейін қалдырмай зерттеп, жүйелеп кеткен. Алаштың абызы Ақ­селеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» деген сүбелі еңбек қалдырды. Бәрі бар, бәрі зерттелген тәрізді көрінгенімен Жетісу өңірінің күйшілік өнері кеңінен қарастырылмай қалғандай еді. Тіпті бәзбіреулер «Жетісуда күй қайдан болсын?» дегенге дейін кеудесін кере қарағанын білеміз.
Енді осы қиғаш пікірге Сағатбек Медеубекұлы не дейді? «Күй өнері Батыста, Арқада, Қаратауда ғана дамы­ған, ал Жетісуда ақындық қана бар» деген қате пікір қалыптасқан бола­тын. Мысалы, менің атам күй тартатын. Бірақ ол күйді Құрманғазыдан, Дәулет­керейден немесе Сүгірден үйренген жоқ. Осы аймақтың күйшілерінен үй­реніп, осы өңірдің күйін тартты. Же­тісу өңірінде Қожеке Назарұлы деген мықты күйші болған. Ол 300-ден астам күй қалдырған. Оның 100-ге жуық ең таңдаулы күйін Жетісудың күйлері кітабына енгіздік. Қожеке Назарұлы XІX ғасырда патшалық Ресейдің отарлау саясатына наразы болып, патша әскерінің озбырлығына қарсы бірнеше рет бас көтерген. Осыдан соң оның артына түскен «приставтар» мен тіл­маш­тар тыныштық бермейді. Ақыры, Жеті­су тауларын сая, жазығынан пана таба алмай, 25 шаңырақты алып, Қытай өтіп кетеді. Онда барғанда да жұртына жайлы қоныс таба алмай, Алтай өлкесіне, одан байыз таппай, Үрімжі аймағына, болмаған соң Текес өзенінің бойына тұрақтайды. Ол күйшілігімен қатар қол бастаған батыр болған. Ол кездегі азаматтарымыздың ұлттық рухы әлдеқайда биік болған. Бұл жерден шындық таппай, арғы бетке шындық іздеп кеткен Қожеке онда да тыныштық көрмейді. 1865-1866 жылдары бұрқ ете қалған шаруалар көтерілісінен кейін жаппай қуғын-сүргін басталғанда, түр­меге қамалады. Оны 1881 жылы жота­сын көмір шоғымен қақтап, азаптап өлтіреді. Жетісу өңірі одан басқа Ясын Мәмедінұлы, Мергенбай Ерденұлы, Сауқынбек Шаханұлы сияқты көптеген күйшілерді дүниеге әкелген».
Сағатбектің үй бетін көрмей, дала кезіп, көнеден жеткен күмбірдің соңын­да жүргені бекер болмай шықты. Ол Б.Мүптекеевпен бірге «Жетісудың күйлері», «Жетісу әуендері» атты екі кітапты 1998 жылы қатарынан шығарды. Бұл оның – зерттеушілік қыры.
Біз оның итіне күліп жүрсек, ол біз­дің бейқам күйтімізге күлгендей екен…

2.
Сахаң Кегеннің төріндегі Қарқарада туған. «Болар бала борбайын қасиды» деген қалмақ мақалы бар еді, сол тегін айтылмаса керек. Сағатбек жастайынан зерек, өнерге жақын, құймақұлақ бо­лып өседі.
1916 жылғы Қарқара-Албандар көте­рілісі туралы жастайынан естіп өскен Сағатбек Медеубекұлы туған өл­ке­нің тарихын терең зерттеді. II Нико­лай патша 1916 жылы «25 июнь жар­лығын» шығарғаны белгілі. Қазақ дала­сынан 19 бен 45-тің арасындағы қазақ жастары майданның қара жұмы­сына алына бастағанда, Жетісудағы 16 болыс Албан руынан 40 мың адам тізім­ге ілігеді. Батыр бабалары Хангелді, Райымбек, Саурық батырлардың рухын жалғап, ел мен жерді қорғап қалу парызын Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлықожа, Әубәкір, Жаңабай, Серікбай секілді аза­маттар қолға алады. Халықтық кеңес құрылып, бірінші мәжілісі Дөңгелексаз деген жерде, екіншісі мен үшіншісі Қарқара жәрмеңкесінің бас жағында, бүгінде Ереуілтөбе деп аталатын жерде өтеді. Соның арқасында Ақбейіт тауының шығысында он алты болыс Албанның атқа қонған ерлері жиналды.
1882 жылы шыққан «Петербор келісімі» деген құжат бойынша қазақ­тың мың жылдық ата-қонысы екіге бө­лі­неді. Құлжа – Іле аймақтарын уақыт­ша Қытайға қалдырып, бергі жағы Ресейдің меншігіне қарайды. Қытай­дағы Құлжада екі полк казак-орыс әскері, екі пулемет ротасы, зеңбірек бата­реясы – барлығын қосқанда бес мың әскерден асатын Ресей армиясы тұрды. 1916 жылы күзде осы қарулы күш Құлжадан шұғыл түрде Жетісуға келіп, Жетісудағы Албандардың ұлт-азаттық көтерілісін басады. Байынқол, Текес, Қақпақ, Сарыжаз, Жалаңаш, Шәлкөде, Лабасы тауларына бекінген көтеріліс­шілерді тас-талқан етеді. 60 мыңдай ғана Албан жасақтары қарулы әскерге төтеп бере алмайды.
Патшалық режимге қарсы тұрып, «Бала өлгенше, шал өлсін» деп аттан сала айқасқан сол есіл ерлердің белгісі – Ереуілтөбе деген жер еді. Сағатбек сту­дент кезінде осы жерге белгі қойып, тарихи оқиғаны ел есінде жаңғырту жұмыстарының басы-қасында жүрді. 1980 жылы бірінші курста оқып жүргенде-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мың сыр тұнған бір төбе» атты мақала жариялап, 1916 жылғы Ұлт-азаттық кө­терілістің таңбалы тұсы – Ереуілтөбеге ескерткіш қою мәселесін көтерді.
1980 жылы көктемге салым бізді сол жерге ертіп барған. Ереуілтөбенің елдік рухты көтеруге келгенде керемет орын екенін сол кезде сезгенбіз. Осыдан екі жыл бұрын Қарқара көтерілісінің 100 жылдығы атап өтілді. Кеген өңіріндегі ірілі-ұсақты шараның бәріне ұйытқы болып Сахаң жүреді. Бұл оның – аза­маттық келбеті!

3.
Сағатбек Медеубекұлымен бірге оқыдық. Әскери борышын өтеп келіп, оқуға ынтығып келіп түскен сақа жігітті мен өзімше «Алтын Сақа» деуші едім. Университет қабырғасында жүргенде Сағатбек өнерімен көзге түсті. Студент­тік кештерде «Он алты қызды» нәшіне келтіре орындағанда он жеті-он сегізін­ші қыздар сұлу да сырбаз жігітті түсінде көріп жүретін…
Журфактың деканы Темірбек Қоже­кеев ағай журналистика факуль­тетінде әдебиетшілер, драма, хор, домбыра­шылар үйірмелерін ашып, талантты жастар шоғырын өнер мен мәдениетке қоса баулыды. Сондай драма үйірме­сінде Сахаң Сәкен Сейфуллиннің рөлін сомдады. Бойы болмаса, ойы да, сырт келбеті де Сәкенге келіңкірейтін Сағат­бек бір жолы қазіргі Абылай хан даңғы­лын кесіп өтіп, осы күнгі Өнер акаде­миясы орналасқан ғимараттағы ҚазГУ-дің корпусына асыға басып келе жатпай ма? Бір милиционер оны ұстап алып, аудиторияға алып келеді. Қолында – кісен. Темкең әлгі милиционерді «Совет студентінің қолына кісен салатын сен кімсің?» деп ит терісін басына қаптап, көз алдымызда сүмірейтіп жібергені бар. Сол күннен бастап, оқуды бітіріп кет­кен­ше деканымыз Сағатбекті көрсе, «Әй, Сәкенім! Көшеден дұрыс өтіп жүр­сің бе?» деп бір кеу-кеулеп алатын еді…
Сағатбек бала күнінен құймақұлақ болған. Атасы да, әкесі де – күн сайын күм­бірлете күй тартқан кісілер. Әкесі ра­диодан берілетін күйдің дауысын кө­теріп, баласына тыңдатады екен. «Атам мен әкем тартқан күйлер құла­ғым­да қалып қойған. Әкем өнерді жоға­ры бағалайтын. Ауылға артистер келсе, үйге әкеліп қондырып, өнерін тама­шалайтын. Тіпті көрші елдердің өнер­паз­дары да келетін. Біздің ауыл Қырғыз­с­танға жақын болғандықтан, қырғыздар жиі келіп тұратын. Бір күні балалар ком­позиторы Ибрагим Нүсіп­баев бір топ шәкіртімен біздің ауылға келіп кон­церт қойды. Сол кезде «Ауыл­дың алты ауызын» айттым. Бұдан соң Ибрагим Нүсіпбаев мені өзімен бірге алып, өнер жолына баулығысы келді. Бірақ оған әкем жібермеді» дейді бал дәурен бала­лығын еске алғанда Сахаң. Сол кезде өнер саласына кетсе, осы күні Қазақ­стан­ның белгілі бір өнер қайрат­керінің қолын ала алмай, ара-тұра сел­фи жаса­ға­нымызға мәз болып жүрер ме едік?!.
Оқуды бітірген соң Сағатбек Алма­тыда қалды. Сол тұста жаңадан ашылған «Өнер» баспасында екі жыл редактор болды. Білікті баспагер-редактор ретін­де танымал. «Өнер» және «Ататек» баспаларында көптеген тарихи-таным­дық, ғылыми-көпшілік кітаптар мен альбомдарға редактор болды. Баспа ісін мең­герген кәсіби маман ретінде қалып­тасты. Одан кейін Ұлттық ғылым ака­де­миясының М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының аспи­ранты, қайтадан «Өнер» баспасында редактор, Әдебиет және өнер институ­тында лаборант, аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жемісті еңбек етті.
Павлодардан Сахаңа хат жолдаймын. Ол да жауап хат жазады. Өзінің терме жанрына қызығып жүргенін, ел аузынан біраз терме жинағанын сөз етеді. «Ақыры қызықсаң, осы саланы түбегей­лі қопарып, зерттесейші» деп ақыл айтқан боламыз. Өзімізге салса, қызық­қан дүниеміз қазық қағылған жерде қалар еді. Сағатбек табандап отырып қазақтың терме өнерін зор биікке көтерді. Ұзақ жылғы ізденісі текке кетпеді, 1993 жылы сәуір айында «Ауыз әде­биетінің терме жанры» деген тақы­рыпта кандидаттық диссертация қор­ғады. «Терме» атауы «тер», «теру» сө­зінен, яғни шашылып жатқан жыр­лар­ды бір жерге жинақтау, сондай-ақ бір жырдан ең қажетті асыл ойларды екшеп алу мағынасынан келіп шық­қандығын ғылыми негіздеп берді. Өзі сол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істеді. Талай журналистік іс сапарда жүрді. Алған тақырыбын терең зерттеді. Республикалық «Ана тілі» газетінде бөлім редакторы болып жүргенде Жарылқап Бейсенбай, Марат Қабанбай ағаларына ілесе жүріп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге білек сыба­на атсалысты. «Ана тiлi» ұлт апталы­ғын­да «Елтану» бөлiмiнiң редакторы болды.
1997 жылдан журналистика факуль­те­тінде аға оқытушы, доцент, универ­ситеттің республикаға тарайтын «Қазақ университеті» газетінің Бас редакторы, факультеттің магистратура жетекшісі, деканның ғылым жөніндегі орынба­сары, М.Сералин атындағы әдеби шығармашылық бірлестіктің жетекшісі, кафедра меңгерушісі, журналистика факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарып, ұстаздық қызмет­тің бел ортасында жүр. Сағатбектің есімі ғалым санатында да ел-жұртқа жақсы мәлім. Оның көптеген ғылыми-танымдық кітаптары мен оқу құралдары және жүзге жуық ғылыми-публицис­тикалық мақаласы жарияланды.
Бұл – Сахаңның ғалымдық қыры.

4.
Жақында «Егемен Қазақстан» газе­тінде қызмет істеп жүрген курстас досымыз Әлисұлтан Құланбайдан ойда жоқта айырылып қалдық. Жаназа намазына қатысып, ақтық сапарға шығарып салу үшін Үлкендиқан ауылын бетке алып, жолға шыққанбыз. «Жол қысқарту» мақсатында сөз болсын деп Сахаңа «әңгіме айтыңыз» деп қолқа саламын ғой баяғы.
– Сен айт!
– Біздікі тыңдау ғой, – деймін.
– Қазір айтудан тыңдау – маңызды. Осы күні тыңдай алмайтын қазақ
көп, – деп сәл «пауза» жасады да сөзін сабақ­тады.
– Өзің білесің, Жетісудың күйлерін көп зерттедім. Қай жерде ескінің адамы, көненің көзі болса, сонда барып, жазып алуға ұмтылдым. Бүгінде күйді жөндеп тыңдайтын, түсінетін қазақ қалмай барады. Күйді тыңдай алмаса, түсінбесе, ол – қазақ емес. Қазақтар «домбырада кие бар» деп түсінген. Оны төріне қо­йып, дауысына, дыбысына құлақ түріп, күйшілерді ерекше құрметтеген. Өйт­кені күй құдіретті, қадірлі. Сол себепті күйді кез келген адам тарта бермейді. Алла Тағала күйшіге ерекше қабілет пен дарын берген. Күй күмбірі ғасырдан ғасырға жетіп, қазақпен бірге жасап келеді. Оның бұл күнге жетуінің өзі күй­ді құрметтеуші, тыңдаушы ха­лық­тың арқасы. Тыңдаушы ортаның сыны­нан өтіп, сан ғасырды артта қалдырып бізге жеткен күйдің құдіретін осыдан-ақ көруге болады. Сыншысы, тыңдаушысы мықты болғандықтан да, күйшілер күйді талғампаз тыңдарман­ның тала­бына сай, ерекше жауапкер­шілікпен тартқан, – деп біраз жайды баяндады.
– Бір күйшіні іздеп жолға шық­қанбыз. Сол маңайда тағы бір кісі бар екен. Барып сәлем бердік. «Пәлен деген күйші сізді көп нәрсе біледі» деген соң арнайы келдік дегенімде: «Ә, ол да күйші ме?» деп онша жақтырмады. Сөйтсек, атадан балаға мирас болып келе жатқан көне күйлерді таза, бұзбай орындайтындарды қазақ «домбырашы» деген екен. Ал естіген күйіне өзі бір-екі қақпай қосып орындайтындарды күйші дейді екен, – деп білімімізді толық­тырды.
Сағатбектің өзі жанынан күй шыға­рады. Әдемі орындайды. Әншілігін айттық. «Қарқара», «Жаңа ғасырға – жаңа ән», «Алатау» дейтін және басқа бірталай ән мен әуезін шығарған. «Сорос Қазақстан» қоры мен Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­вато­рияның ұйымдастыруымен өткен «Қа­зіргі қазақ әні» конкурсының жеңім­пазы. «Шәкәрімнің толғауы» деген Шәкәрім шығармасына арнайы әуез шығарып, оны орындап, «Елім менің» ІV республикалық патриоттық әндер конкурсында 1-орын иеленген.
«Домбыраның үні мен үшін ерекше ыстық. Домбыраның тарихы, құры­лымы қатты қызықтырып, оның құді­ретті үнінің қалай және қайдан шыға­тынын білгім келді. Содан құрылымын, эти­мо­логиясын, қандай құрал-сайман­дардан тұратынын зерттеп, «Домбыра» атты кітап шығардым. Өз қолымнан домбыра да жасадым» деп мақтанып та қойды.
Сағатбек Медеубекұлының О.Бей­сенбекұлымен бірігіп шығарған «Сазда аспаптар сыры» кітабында талай дүние бар.
Сахаң үшін біз мақтанамыз. Бұл – Сағатбектің өнерпаздығы!

5.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факульте­тінің деканы ретінде Сағатбек Медеу­бекұлы болашақ журналистер корпусын даярлау ісіне белсене араласып жүр.
Ілкіде «Қазақстандағы журналис­тика факультеттерін жауып тастау ке­рек» деген шетін сөздің құлағы қыл­тиған. Соған қатысты ойын ортаға салғаны бар:
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетiнiң журналистика факультетi құрылғалы 80 жылдың жүзі болды. Республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына маман даярлайтын әрi бiлiм берудiң және ғылыми-зерт­теудiң әдiстемелiк орталығына айналған жалғыз факультет – осы саланың қа­сиет­тi қара шаңырағының «жабылып қалуы» деген – санаға симайтын, ақыл­ға қонбайтын бос сөз екенi әркiмге түсiнiктi болса керек. Әңгiме қазiргi халықаралық талаптарға сай және бәсе­келестiкке бәс тiге алатын интелек­туалды маман даярлау iсiн ғылыми негiзде өндiрiспен тiкелей байланыста жүргiзудi жолға қою төңiрегiнде; оқыту мен зерттеудi тәжiрибемен ұштастыра отырып, пайда әкелетiн ордаға айнал­дыру жөнiнде; оқу мен бiлiм беру және зерттеу кезiнде туған әр жаңа жобаны бiрден өндiрiске енгiзу арқылы жаңа­рым­дық (инновациялық) нәтижеге қол жеткiзу туралы; осындай бағытта пәр­мендi де ықпалды әрi нәтижелi жұмыс iстейтiн ғылыми-зерттеу, оқу-бiлiм беру университетiн де, оның iшiнде факуль­теттердi де, оның iшiнде кафедраларды да қайта құрылымдау, жаңаша жүйелеу, басқаша ұйымдастыру хақында, – дейді Сахаң.
– Факультетке келуiме мұрындық болған сонда дәрiс берiп жүрген курстас­тарым – Айткен Есдәулетов пен Әсия Игенсартова едi. Солар ұстазымыз декан Намазалы Омашевқа айтқан. Ол кiсi келiскен. Сөйтiп, бастығым – «Ана тiлiнiң» бас редакторы Жарылқап Бей­сен­баевқа барып айтсам, «бiзден кетпей-ақ қосымша сабақ бере бер» деп жiбермедi. Бiр айдай ақысыз еңбек еттiм. Өйтiп жүре беруге болмайды екен. Еңбек кiтапшамды әкелмесем, толық жүктемемен жұмысқа қабылдау жөнiнде бұйрық шықпайды екен. Жа­қаңа солай деп ем, «жарайды, ендеше» деп, бұған дейiнгi беттерi орысша тол­тырылған еңбек кiтапшамның айқа­ра бетiне өз қолымен қазақша толтырып: «Мы­нау саған деген алғысым да, рақме­тiм де. Бұл – мәңгiлiк өшпейтiн құжат» деп қолыма бердi. «Жазып тұр, келiп тұр, есiк ашық», – дедi. Рақметiмдi ай­тып, газетпен қимай-қимай қошта­сып, 1997 жылы журналистика факуль­тетiне ұстаздыққа келдiм.
Ұстаздыққа жай келмеді, факуль­тетте ұстаздар, студенттер мен баспагер­лер бас қосатын «Баспа күнін» өткізуді дәстүрге айналдырды. Студенттердің «Менің ертегім» атты балаларға арнал­ған ертегілер жинағын жыл сайын шығарып тұруға қол жеткізді. Журна­листика факультетінің жанынан апта сайын шеберлік сағатын өткізіп тұратын «Фотопублицистер клубын» ұйымдас­тыруға мұрындық болды. «Журналистер ұшқан ұя», «Қаламгерлер қанат қаққан», «Ұлт сазгерлері ұшқан ұя», «Басылымды редакторлық даярлау», «Шешенсөз» сияқты туындыларды жарыққа шы­ғарды.
«Журналистика – кәсіп. Бірақ ол – кез келген адам игере алмайтын кәсіп. Яғни, Алладан берілетін өнер. «Қол бастаудан сөз бастау қиын» деген сөз бар қазақта. Журналистің аузынан шыққан бірауыз сөз шартарапқа тарайды. Сондықтан журналистика – жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық» дейді декан.
Бұл – оның ұстаздық қыры.

6.
Ғылыми-танымдық «Сүндет той», балаларға арналған танымдық суретті «Ою хан мен Жою хан», «Ақыл. Нақыл. Өсиет» атты танымдық кітаптардың авторы. Сегізінші сыныптан бастап Сағатбек өлең жазған. Сол жазғандары­нан бастап жинаса, қазір бірнеше том кітап болар-ау… Салған суреттері де қылқалам құдіретін айғақтап тұр.
Сағатбек – жоқшы. Руханият жоқ­шысы. 1937 жылы «Халық жауы» деген жалған жалаға ұшырап, атылып кеткен ақын, әнші, сазгер Қапез Байға­былұлы­ның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жарыққа шығарды. Мұқатай Жылқайдарұлының өлеңдері мен поэмаларын жинақ етіп құрастырып, оқырмандарымен қауыштырады. Ақын Майлы Ормановтың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында мектеп және көше аттарын бергізуге атсалысты. Алматы облысының Қаскелең ауданын­дағы «МТФ» деп аталатын ауылдың атын «Наурыз» деп өзгерту, Каменка ауылындағы қазақ орта мектебіне балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев есімін беру, Каменка ауданының атын Таусамалы деп өзгерту сияқты өзекті мәселелердің ұйытқысы болды. Жас телерадио қызметкерлерінің республикалық байқауын, Көдек Ма­рал­байұлына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны, «Отан тарихындағы елдік және ерлік дәстүрі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйым­дастырып өткізді.
Сағатбек – өнегелі отағасы. Өмірлік серігі Үміт екеуі Гүлназ, Мақсат, Хан­келді дейтін алтын асықтай балаларды жақсы тәрбиелеп өсірді. Мақсат – рес­публикаға танымал қобызшы. Бұл – адамдық қыры!
– Неден қорқасыз? – деген журна­лист сауалына Сағатбек Медеубекұлы «Шығармашылығымның, еңбегімнің жемісін көре алмай кетемін бе?» деп қорқамын. Көп арманым, мақсатым бар. Сол мақсат жолында күрескенімді келер ұрпақ түсінбей қала ма деп қорқамын», – депті.
Биік белестің басына шыққан Саха­ңа біз: – Ештеңеден қорықпа! – дер едік!
Осындай адам да қорқа ма екен?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*