ТАНЫСТЫРУ ТҮЙТКІЛІ

836
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев VI шақырылымдағы Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, «Туризм еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына жаңа қарқын беретін болады» деді. 2023 жылға дейінгі туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға
тапсырма берді.
Туризм саласы Қазақстандағы кәсіпкер­ліктің дамуына тың қарқын бермек. Еліміздің жалпы ішкі өнімі бойынша туризмнің үлесін ұлғайтуды көзделіп отыр. 2023 жылға туризм үлесі 8 пайыз болмақ. Бұл аз ба, көп пе?
Елбасы тапсырмасына сәйкес туризмді дамыту бағдарламасы биылғы жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс. Бұл заңнама, қаржы-қаражат тұрғысынан мейлінше пысық­талып, негізделуі керек. Туристік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізу де қажет болады. Мұның бәрі отандық туризм көкжиегін кеңейтері сөзсіз.
Ақберен Елгезек әлеуметтік желідегі парақшасында «Бурабайға Франция, Польша, Ресей, Австралия, Қырғызстан, Армениядан келген ақындар Қазақ еліне дән риза. Бәрі тамаша, бәрі жақсы. Тек бір көңілге кірбің түсіретін жағдай болды. Біз тоқтаған қонақ үйдің әкімшілігі фестивальге қатысу­шыларды автобусқа мінгізіп Бурабайды аралатты. Тамаша табиғатқа біз де, қонақтар да көзіміз тоймай қарай бастадық. Бір уақытта жүргізушінің қасында көзі Көкшенің аспанындай көкпеңбек экскурсовод қарағым әңгімені жарсын! Экскурсия мәтінінің ұзын-ырғасы былай. Аңыз айтып отыр баяғы: Құдай жер жүзін жаратқанда қазаққа жер жетпей қапты. Әлгі қазақ жер таратылып жат­қанда, албасты басып ұйықтап қалса керек, оянса бір қадым жер жоқ (ауада ұйықтаған-ау). Содан не керек, әлгі қазекең, қайдан тапқаны белгісіз Алдар көсеге ойбайлап барыпты. Алдар көсе Құдаймен бұрыннан таныс болса керек, біздің бейбақ бабамызға осы Көкшетау жерін сұрап әперіп, жарылқап тастапты. Жә, оған намыстан жарылардай боп отырсақ та, күле салдық. Сөйтсек, бұл әлі бер жағы екен. Бір кезде «злой и жестокий правитель Қасым xан бүйткен-сөйткен» деген әңгімені оңды-солды боратсын. Сосын, бұл жерде үш жүздің басын қосып, қазақ xалқын Ресейге қосып аман алып қалған Абылай xан деген кісі өмір сүрген деп төбе­мізден жай түсірді. «Боровое»деген сөз орыстың «Бор» деген сөзінен туындапты-мыс. Ал осы Көкшетау, Ақмола дегендеріңіз Ресейдің оңтүстік бекеттері екен («южные рубежи Российской империи» деп кәдімгідей ұрып отыр). Шетелден келген қонақтар осының бәрін естіп, басын шұлғып отыр. Автобустан түскен соң, әлгі экскурсовод қыздан: «Мына мәтінді сізге кім дайындап берді?», – деп сұрадым. Бұл мәтін бұрыннан бар, оны ежелден осы жерді білетін кәсіби экс­курсоводтар жасақтаған деп тұр. Мына­ларыңыз қате ақпарат десем, оны сіз емес, біз білеміз деп жұлынды да қалды» деп қынжыла жазды. Ол жергілікті әкімшіліктен Бурабайда жұмыс істеп жатқан қонақ үй, демалыс үй­лері, санаторийлердің экскурсиялық бағдар­ламаларын тексеруді және оларға ұлттық мүддеге негізделген, ғылыми сараптамадан өткен, ортақ экскурсия мәтіндерімен қамта­масыз етуді талап етіпті. Дұрыс талап.
Тек қана Бурабай емес, Отырар, Тараз, Түркістан сияқты тарихи орындар туралы ғылыми зерделенген ақпараттар жиынтығы мемлекеттік тұрғыда әзірленуі тиіс. Әйтпесе, Қарахан, Айша бибі, Арыстан баб тәрізді тарихи тұлғаларға қатысты аңыз-әфсаналарға құрылған деректер уақыт өткен сайын мән-мағынасы өзгеріп кететін түрі бар. Бір ғана Бәйдібек би туралы оның өмір сүрген уақы­тын біресе VII, біресе XII ғасырға апарып теліп қоятын жағдайлар бар.
Жолбастаушы гидтерді даярлау да өте өзекті. Олар мемлекеттік тілмен қатар, бір­неше шет тілін білгені, тарихи тұрғыда әбден тексеріліп, сұрыптаудан өткен материалдарды пайдаланғаны абзал. Сонда ғана туризм саласының түйткілдері тарқайды.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*