Елбасы Көшпенділер ойындарының ашылуына қатысты

2236
0
Бөлісу:

Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен арнайы келіп қатысты.

Сонымен қатар, салтанатты іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.

Жалпы қойылым барысы мен спортшылардың шеруі екі сағатқа жуық уақытта өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы жарыс қожайындарынан кейінгі ең көп делегацияның бірі болды. Спортшылардан басқа қазақ елінің құрамында жыршы ақындар, ұлттық би өнерінің өкілдері де шеруге қатысты.

Делегацияны аударыспақтан Азияның үш дүркін чемпионы, Сырым Ізбасаров бастап, көк туды желбіретіп  шықты.

3D-графикасын қолдана отырып ұсынылған театрландырылған қойылымға мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз және спортшылар қатысты. Олар цирк өнерін, шабандоздық тәсілдерін, отты шоу көрсетіп, акробаттық жаттығулар орындады.

Мерекелік кеш Ыстықкөлден атылған отшашумен тәмәмдалды.

Бұл ойындар спорттың 37 түрін, соның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды. Атап айтқанда, түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5 және зияткерлік ойынның 3 түрінен сайыстар өтеді. Сондай-ақ, ит жүгіртіп, құс салатын ұлттық аңшылық ойындардан жарыс болады.

Айта кетейік алғашқы күні-ақ Қазақстан булуандары Тәжік күресінен екі қола медаль еншіледі.

Асқар Беков,

Шолпан-Ата, Қырғызстан.

Фото С.Бондаренко, Тинкай Кретова

Бөлісу:

Пікір жазу


*