БІЗ ҚАНШАМЫЗ және ҚАЛАЙ ӨСІП КЕЛЕМІЗ?

1998
0
Бөлісу:

1991 жылдың 16 желтоқсанында республикамыздың тәуелсіздігі жарияланды. Міне, сол өткен 27 жылдың ішінде егемен ел ретінде осы уақыт аралығында Қазақстан халқының демографиялық жағдайында үлкен өзгерістер болды.
Осыған орай, төменде республика бойынша халық санының өзгеру компоненттерінің динамикасы кестеде келтірілген, мың адам:
1. Берілген көрсеткіштер статистикалық анықтамалар бойынша автормен есептелінген және мұнда плюс-минус аздап ауытқу болуы  мүмкін.
Келтірілген көрсеткіштерге демографиялық талдау жасайтын болсақ, онда 1991-2018 жылдар аралығында республика халқының жалпы саны бар болғаны 1799,1 мың адамға өскен немесе 111,0 пайызға артқан. Мұнда халық санының өсуі туғандар мен өлім-жітім көрсеткіштері арасындағы айырмашылықтың біртіндеп өсуіне, яғни табиғи өсімнің жылдан жылға артқандығы байқалады. Мысалы, көрсетілген уақыт аралығында республика бойынша 8418,2 мың сәби дүниеге келген, соның ішінде 5816,6 мыңы немесе 69,1% қазақтан туған. 4000,6 мың адам қайтыс болған, соның ішінде 1533,4 мыңы немесе 38,8% қазақтардың үлесіне тиесілі және халықтың табиғи өсімі 4417,6 мың адамға жеткен, соның ішінде 4283,2 мыңы немесе 97,0 пайызы қазақтардың үлесіне келген. Бұл дегеніміз республика халқының жалпы өсімі тек қана қазақтардың табиғи өсіміне тікелей байланысты деген сөз.
Егер республика көлемінде 2017 жылды демографияның ең төменгі шегіне жеткен 2000 жылмен салыстыратын болсақ, онда 2000 жылы орта есеппен күніне 608 баладан туып, 410 адамнан қайтыс болып отырса, 2017 жылы туғандардың орташа күндік көрсеткіші 1069 балаға жеткен. Ал қайтыс болғандардың күндік мөлшері 353 адамға дейін төмендеген. Бірақ республика көлемінде өлім-жітім көрсеткіші әлі де болса жоғары. Демек, көрсетілген 27 жыл ішінде орта есеппен жылына 148,2 мың адам қайтыс болып отырған. Тек 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш аз да болса 129 мың адамға дейін төмендеді. Қанша айтқанымен, республика көлемінде өлім-жітімнің негізгі себептерін жеке қарастырсақ, онда орта есеппен әр жылы 46-52% – қан айналым жүйесінен, 12-14 пайызы – жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан, 11-13 пайызы – қатерлі ісіктен қайтыс болуда.
Көрсетілген жылдар ішінде халық санының өзгеруіне көші-қон көрсеткіштері де үлкен әсерін тигізді, яғни келгендер мен кеткендер арасындағы айырмашылықтар әр жылы әртүрлі болды. Бірақ көп жылдар аралығында жағымсыз кері (минус) көрсеткіші көрсетілуде және оған егемендігімізді алғаннан кейінгі 1991-2000 жылдар аралығы жатады. Осы жылдар ішінде көші-қон қалдығының ең көп болғаны 1994 жыл болып саналады және оның саны минус 406,7 мың адамға жеткен. Егер Қазақстаннан кеткен халықты ұлттары бойынша жеке қарастыратын болсақ, онда оның басым бөлігін орыстар мен соған жақын орыс тілдес ұлттардан тұрады. Оған мысал ретінде статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, онда ұлттары бойынша сыртқы көші-қонның 71,7 пайызы орыстардың, 7,6 пайызы украиндардың, 5,5 пайызы немістердің үлесіне келген.
Содан кейінгі жылдары минустық көрсеткіш біртіндеп азая бастады да, 2004 жылдан бастап жағымды жағына ауысты және 2012 жылға дейін өзгермеді. Осы 8 жыл ішінде (2004-2011) кеткендерден келгендердің саны 98,7 мың адамға артық болды. Жалпы алғанда 1991-2018 жылдар аралығында республикамызға келгендердің саны 10876,6 мың адам болса, елімізден кеткендердің саны 12957,2 мың адамға жетті және көші-қон қалдығы минус 2080,6 мың адам немесе орта есеппен жылына 77,1 мың адамға азайып отырған. Оның себебі – мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін басқа ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына оралу мүмкіндігін кеңінен пайдалануында.
2012 жылдан бастап республика бойынша көші-қон айырымы қайтадан минусқа ауысты және жылдан жылға біртіндеп өсуде. Демек, 2012-2018 жылдар аралығында көші-қон айырымының барлық саны минус 70,7 мың адамға жетті. Соның ішінде көбі славян ұлттары мен немістер көп орналасқан Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. Осының салдарынан республика халқының жалпы саны мен ұлттық құрамында көптеген өзгерістер болды және басқа ұлттардың үлесі азайды, ал қазақтардың үлесі керісінше көбейді. Осыған орай республика халқының жалпы өсімі тек қана жергілікті түркітілдес ұлттардың және соның ішінде қазақтардың табиғи өсіміне тікелей байланысты болуда.
Халықтың саны қалалық және ауылдық болып бөлінетіні баршамызға мәлім. Республикамыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты халықтың қалалық және ауылдық елдімекенді жерлерге орналасуында да үлкен өзгерістер байқалуда. 2018 жылдың 1 қаңтардағы деректері бойынша республикадағы 87 қалада, оның ішінде 3 республикалық, 38 облыстық, 47 аудандық маңыздағы қалалар мен 30 қалатектес кенттерде 10423,6 мың адам немесе барлық халықтың 57,4 пайызы қалалық жерлерге, ал 7733,8 мың адам немесе 42,6 пайызы ауылдық 6668 елдімекенде орналасқан. 1991-2018 жылдар аралығында қала халқы 1056,6 мың адамға көбейген немесе өсім қарқыны 11,3 пайызға артқан, ал ауыл халқы бар болғаны 342,5 мың адамға өскен немесе өсім қарқыны 4,9 пайызды құрайды. Қала тұрғындарының өсуі, оның табиғи өсімімен қатар ауылдық жерлердегі көптеген жастардың жұмыссыздық салдарынан, яғни жұмыс орнының жетіспеушілігіне байланысты қалаға қоныс аударуынан туындаған жағдай деп түсінуіміз тиіс немесе оны урбанизация деп те атайды.
Халықтың жынысы мен жастық құрылымы туралы көрсеткіштер халық санының негізгі сипаттамасы болып саналады. Халықтың жыныстық құрылымын жеке қарастыратын болсақ, онда 2018 жылдың басындағы деректер бойынша 18157,3 мың адамның 8791,3 мыңы немесе 48,4% еркектердің, ал 9366,0 мыңы немесе 51,6% әйелдердің үлесіне келеді. Демек, әйелдердің саны еркектерге қарағанда 575 мың адамға артық. Бұл айырмашылық қала тұрғындарының ішінде өте үлкен, ал ауыл тұрғындарында аздау болып келеді. Осының салдарынан республика халқы ішінде еркектер мен әйелдер арасындағы арақатынасы өзгеріске ұшырауда.
Мысалы, 1991 жылы әрбір 1000 әйелге шаққанда – 937 еркектен келген болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш – 929, 2009 жылы 927 еркекке дейін кеміген, ал 2010 жылдан бастап, бұл көрсеткіш жылдан жылға біртіндеп еркектердің үлесіне қарай өсе бастады, яғни 2010 жылы – 930, 2015 жылы – 934, 2018 жылы – 939 еркектен келген. Егер осы көрсеткіштерді қала- ауыл тұрғындары түрінде жеке қарастыратын болсақ, онда қала халқында еркектер мен әйелдер арасындағы арақатынасы 935 адамнан 1991 жылы 887 адамға дейін 2018 жылы азайған, ал ауылдық жерде 939 адамнан 1004 адамға дейін көбейген. Дүниежүзі бойынша жаңадан туған балалардың ішінде қыздарға қарағанда, ұл балалар санының көп болатындығы, яғни 100 қыз балаға 105-106 ұл баланың өмірге келетіндігі барлығымызға мәлім. Ал біздің республикамыз бойынша бұл көрсеткіш 2017 және 2018 жылдары 107 ұлдан келгендігі. Демек, жыл сайынғы туылған балалардың 51,7% ұлдардың, 48,3% қыздардың үлесіне келді. Бірақ түрлі себептерге байланысты 30 жастан кейін еркектердің артық саны біртіндеп жойылып, әйелдердің саны жағынан басымдылығы көріне бастайды.
Халықтың жастық құрылымы жынысы мен тығыз байланыста бола тұрып, республика халқының өсіп-өнуін, сандық және сапалық жағынан молая түсуін қамтамасыз ететін негізгі табиғи себеп саналады. Сондықтан бұл көрсеткіштің атқаратын рөлі өте жоғары бағаланады және жастық топтары бөлек зерттеледі.
Жастық топтары бір жылдық, бес жылдық, ал кейде он жылдық деңгей аралығымен сипатталады. Егер Қазақстан халқын 2018 жылдың басындағы деректері бойынша жастық құрылымына қарай жеке қарастыратын болсақ, онда төмендегідей үлестік көрсеткіштерді кездестіреміз: бала жастағылар, яғни 4 жасқа дейінгілер 10,7% (60 жылдары бұл көрсеткіш – 11,6% болған), 5-14 жастағылар (жеткіншектер – 16,9 және 14,6%), 15-29 жастағылар (жастар тобы 22,8 және 27,5%), 30-57 жастағы әйелдер, 30-62 жастағы еркектер(орта жастағылар – 42,0 және 37,9%), егде жастағылар (зейнеткерлер жасындағылар – 7,6 және 10,4%). Демек, орта жастағылардың үлесі өскен, ал егде,яғни зейнеткерлер жасындағылардың үлесі кеміген.Оның себебі зейнеткерлікке шығу жасының жоғарылауы салдарынан туындаған жағдай.
Қазақстан дүниежүзі бойынша жер аумағы жағынан алдыңғы ондыққа (тоғызыншы орын) кіретін мемлекет болып саналады, яғни: 1) Ресей – 17075, 2) Канада – 9976, 3) Қытай – 9597, 4) АҚШ – 9363, 5) Бразилия – 8512, 6) Австралия – 7678, 7) Индия – 3288, 8) Аргентина – 2777, 9) Қазақстан – 2725 мың шаршы киллометр. Ал халқының саны мен тығыздығына байланысты әлемдегі аз мемлекеттердің қатарына жатады, яғни халқының қоныстануы бойынша 62 орынды иемденеді. Бірақ Қазақстанның басқа мелекетттермен салыстырғандағы ерекшелігі сол, мұнда тұратын халықтың көп ұлттылығы, яғни 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар қоныстанған. 2018 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректер бойынша 18157 мың адамның 12253 мыңы немесе 67,5 % – қазақтардың, 3588,7 мыңы немесе 19,8 % – орыстардың, 576,8 мыңы немесе 3,2% – өзбектердің, 277,5 мыңы немесе 1,5% – украиндардың, 265,4 мыңы немесе 1,4% – ұйғырлардың, 202,2 мыңы немесе 1,1% – татарлардың, 179,5 мыңы немесе 1,0 пайызы немістердің үлесіне тиетіндігі. Демек, Республикада тұратын ұлттардың үлесі жағынан басым бөлігін, яғни 87,3% қазақтар мен орыстардан тұратындығы, ал қалған 12,7 % басқа ұлттар мен ұлыстардың үлесіне келетіндігі. Осыған орай Қазақстан халқының негізгі ұлттық құрамының динамикасы төменде келтірілген:

Егер 1897 жылғы халық санағының деректері бойынша еліміздегі барлығы 4333 мың халықтың 3544 мыңы немесе 82%-қазақтардың, ал 472 мыңы немесе 11% – орыстардың үлесіне келген болса, 1926 жылғы халық санағында барлық халықтың (6037 мың) 3628 мыңы немесе 60,1% – қазақтардың, 1275 мыңы немесе 21,1% – орыстардың үлесіне тиесілі болған.
1926 және 1939 жылдары жүргізілген халық санақтарының аралығында,яғни осы 13 жылда Қазақстан халқының жалпы саны 6037 мың адамнан 6082 мың адамға ғана артқан. Демек, бар болғаны 45 мыңға немесе 0,7% өскен. Соның ішінде қазақтардың саны 3628 мыңнан 2307 мыңға,яғни 1321 мың адамға немесе 36,5% дейін кеміген, ал орыстардың саны керісінше 1275 мыңнан 2447 мыңға,яғни 1172 мың адамға немесе өсім қарқыны 91,9% дейін артқан. Осы жылдар аралығында қазақтардың саны табиғи өсудің орнына кемуі 30-жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық зұлматтан қаза тапқандар мен еріксіз коллективтендіру саясатына байланысты басқа елдерге (соның ішінде көпшілігі Қытайға) көшіп кетуге мәжбүр болды және 37 жылдардағы репрессияның әсерінен болған жағдай деп түсінуіміз тиіс. Ал орыстардың көбеюін алатын болсақ, онда оны Рессей империясының қолдан жасаған отаршыл саясаты деп білуіміз керек. Демек, Қазақстанның жер қойнауындағы бар байлықтарын өз игіліктеріне қолдану және уысынан шығарып алмау үшін, орыс тілдес ұлттарды Рессейден,Украинадан, Белорусиядан және тағы басқалай аймақтардан өз еріктерімен және зорлықпен көшірілгендігі, яғни тұрақты тұру үшін қоныстандырылғандығы.
1959 жылғы жүргізілген халық санағында республика халқының саны 9295 мың адамға жетті және оны 1939 жылмен салыстыратын болсақ, онда халықтың жалпы саны жиырма жыл ішінде бар болғаны 3213 мың адамға артқан немесе өсім қарқыны 52,8% өскен.Егер, осы уақыт аралығындағы өзгерістерді ұлттары бойынша жеке қарастыратын болсақ, онда жалпы халықтың 2787 мыңы немесе 30,0% қазақтардың, 3972 мыңы немесе 42,7% орыстардың үлесіне келген. 1939-1959 жылдар аралығында, яғни 20 жылдың ішінде қазақтардың саны бар болғаны 480 мың адамға ғана өскен болса, орыстардың саны 1525 мың адамға артқан. Мұндай жағдайлардың туындауы біріншіден,1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында 500 мыңнан астам жас боздақтарымыздың қаза табуына байланысты көптеген келіншек күйеуінсіз қалды және соның салдарынан бала тууға қабілетті жастағы қыздарымыз тұрмыс құра алмады. Демек, әйелдер мен еркектердің арақатынасында қайшылық туындады.Осыған орай табиғи өсімнің азаю салдарынан қазақтардың саны көпке өсе қоймады. Орыстар санының осыншама қатты өсуі 1954 жылдан бастап Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге 1,7 млн адамнан астам славян тектес ұлттардың келуі. Сонымен бірге 50 жылдардан бастап Қазақстанда индустрияландыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ұйымдастырылған түрде қосымша тағы 500 мыңдай мамандар шақырылды. Демек,орыстардың өсуі негізінен келімсектерден туындаған жағдай деп түсінуіміз тиіс.
60-90 жылдары Қазақстан халқының құрамында түрлі себептердің әсер етуіне байланысты демографиялық өсу немесе кему үрдістері пайда болды,яғни туу көрсеткіші жылдан жылға жоғарлады, ал көші-қон айырымы біртіндеп төмендей бастады.Осының салдарынан республика көлемінде халықтың жалпы саны тек табиғи өсім арқылы ғана өсті.
Қазақстанда ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі жағдай ондағы тұратын халықтың қоныстану тығыздығының төмендігі, яғни бір шаршы километрге 1991 жылы орта есеппен 6,0 адамнан келген болса, ал 2018 жылы 1 қаңтарға бұл көрсеткіш 6,7 адамға жеткендігі. Қазіргі кезде 2724,9 мың шаршы км жері бар республика көлемінде табиғи байлықтар мен өндіргіш күштердің шоғырлану дәрежесіне байланысты, халықтың орналасуы мен оның тығыздығы да әртүрлі болып келуде. Мысалы, 2018 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректерге зейін қоятын болсақ, онда тығыздығы жағынан бірінші, екінші және тағы басқалай орындарды, халықтың 33,4% құрайтын, тұруға қолайлы оңтүстік табиғи-экономикалық облыстардың алатындығы. Соның ішінде Түркістанда – 26,0; Алматыда – 9,0; Жамбылда – 7,7 адамнан, ал ең төменгі көрсеткіштер батыс және Қарағанды облыстарына (Ақтөбеде – 2,9; Қарағандыда – 3,2; Қызылордада – 3,5; Маңғыстауда – 4,0; Батыс Қазақстан – 4,3 адамнан) келетіндігі.Мұның өзі соңғы жылдары алдыңғы жылдармен салыстырғанда жалпы туу көрсеткішінің күрт өсуіне, соның ішінде қазақтардан туылған балалар санының көбеюіне, ал орыстар мен басқа ұлттардан туылғандардың кемуіне тікелей байланысты жағдай деп біліуіміз керек.
Оны төменде берілген ұлттық құрамы бойынша туылған балалардың санынан көруге болады:

Берілген көрсеткіштер бойынша Қазақстанда туылған балалардың саны жылдан жылға біртіндеп өсіп келе жатқанын көруге болады, яғни 2010 жылмен салыстырғанда 2017 жылы жалпы туылған балалардың саны 23,4 мың адамға көбейген немесе 106,4% артқан. Егер осы көрсеткіштерді ұлттық құрамы бойынша жеке қарастыратын болсақ, онда қазақтардан туылған балалар саны 33,4 мың адамға өскен немесе жалпы туылған балалардың ішінде 76,8% құрайды. Ал орыстардан туылған балалардың саны 7,1 мың балаға кеміген немесе үлесі жағынан 13,1% дан 10,5% дейін азайған. Демек, жалпы туған балалардың 87,3 % қазақтар мен орыстардың, ал қалған 12,7% басқа ұлттардың үлесіне келетіндігі..
Халықты зерттеу кезінде негізгі бір құрылымына жататыны отбасының саны мен ондағы тұратын отбасы мөлшерінің орташа санын анықтау болып табылады. Себебі, отбасы халық санын өсірудің негізгі көзі, яғни қоғамымыздың бастапқы ұясы болып саналады. Қазіргі кезде республика халқының орташа отбасы мүшелерінің саны 4,1 адамнан тұрады,соның ішінде қалада – 3,6, ауылда – 4,6 адамнан. Демек, қала мен ауыл отбасылар мүшелерінің арасында айтарлықтай алшақтықтың жоқ екендігін осыдан байқауға болатындығы және бұл көрсеткіштердің де атқаратын рөлі өте жоғары бағаланады.
Халықтың жалпы санын және оның өзгеру себептерін зерттеу барысында, негізгі көрсеткіші ретінде қарастыратындығы ондағы тұратын тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығын анықтау болып табылады.Бұл көрсеткіш республика көлемінде және еркектер мен әйелдерге жеке есептелінеді және алдыңғы жылдармен салыстырады. Мысалы, 2017 жылдың орташа өмір сүру ұзақтығын (барлық халық үшін – 73,0 жас) 1991 жылмен (68,6 жас) салыстыратын болсақ, онда бұл көрсеткіш 4,4 жасқа өскен. Соның ішінде соңғы 13 жыл ішінде республика бойынша бұл көрсеткіш 6,8 жасқа артқан (2005 – 66,2, 2017 – 70,0), яғни адам өмірінің ұзара түскенін көрсетеді. Егер жыныстық қүрамы жағынан қарастыратын болсақ, онда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы, еркектерге қарағанда 8,2 жасқа артық (2017 жылы еркектер – 68,7 , ал әйелдер – 76,9 жас). Демек, еркектерге қарағанда, әйелдердің ұзақ өмір сүретіндігі және соның салдарынан республика көлемінде олардың саны 575 мың адамға еркектерден артық болуы.
Жалпы алғанда, Қазақстан халқының демографиялық жағдайын зерттеу барысында өзекті мәселе ретінде халықтың саны мен орналасуын және құрамын белгілеріне қарай анықтау, халықтың табиғи және көші-қон (миграция) қозғалыстарын жеке қарастыру, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын сипаттау, халықтың болашаққтағы сандық құрамына бағдарлама жасау деген сұрақтарға көңіл бөлуіміз және оны қарастыру кезінде, оқырманның ой-пікірлерімен санасуымыз керек.

Ызғарбек ӘМІРЕҰЛЫ,
Эконоимка ғылымдарының кандидаты, профессор

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*