АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…

1163
0
Бөлісу:

Елбасының 1992 жылғы «Ұлттық дәстүрге байланысты тегін өзгерту туралы» Жарлығы ұлты қазақтардың жетпіс жылғы арманын орындауға кең жол ашып берді. Мемлекет басшысының 1996 жылғы №2923 Жарлығында «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес, аффиксті алып тастай отырып және әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай көрсетілді. Содан бері еліміздің көптеген тұрғындары өздерінің аты-жөндерін дұрыс жазу жөнінде талпыныс жасап келеді.
1917 жылы Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алаш зиялылары «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деп Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан арнайы қаулы шығарған екен. Ұлт зиялыларының басын қырқып тастаған 1937 жылдан кейін қазақтың бәрі көгенделген қозыдай орыс үлгісімен аты-жөнін толтыруға көшті. Белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы қазіргі таңда азаматтардың аты-жөнінің жазылуы 18 үлгіде жүргізілетінен айтып қынжыла мәселе көтерген болатын. Асқар Құмыран «Қазақ тіліндегі сайт, газет шолып отырып, бір нәрсеге назар аудардым. Қазақ тұлғалардың аттарын жазуы. Мысалы, Бұқар жырау Қалқаманұлы. Бұл советтік заманнан қалған әдет. Қазақта Бұқар жырау деген кісі болған, Бұқар жырау Қалқаманович деген жоқ. Абай Құнанбаев, Маxам­бет Өтемісұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы дегендер де болмаған. Заманында Абай, Маxамбет, Құрманғазы, Тәттімбет деген кісілер жасаған. Бөгенбай Акшаевич, Қабанбай Қожағұлович деген батырлар жоқ қой. Ал Алаш қайраткерлерінің жөні басқаша, олар орысша оқып, аты-жөндері орыс үлгісімен таңбалана бастады: Әлиxан Бөкейxанов, Аxмет Байтұрсынов, тағы басқа…» деп жазыпты. Сол Алаш өкілдері жоға­рыдағы қаулыны қабылдағанымен, іске асыра алмай ар­манда кеткен жоқ па?!.
Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу «Неке және отбасы» заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің 1999 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен бекітіл­ген «Қазақстан Республикасында азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы» ережеге сәйкес жүр­гі­зіледі. Бұл ереже талаптары бойынша Қазақ­стан Республикасы азаматтарына 16 жасқа толған кезде тегін өзгерту құқы беріледі. Бұл шара өтініш бе­рушінің тұрғылықты жеріндегі АХАЖ органда­рында жүргізіледі. Аты-жөнін өзгерту туралы өтініш­ті қарау оны берген күннен бастап, бір ай мерзімнен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Өтініш иесі бел­гіленген үлгідегі арыз, өмірбаян, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, азаматтың тіркеу кітабын, мемлекеттік алым төленген түбір­текті қоса тапсырады. Азаматтардың тегі өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар тегі мен әкелері­нің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат «-ов, -ев, -ова, -овна, -ович» жұрнақтары алып тасталып,
он­ың орнына «ұлы», «қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады.
Бұрынғы заманда толтырылған жеке бас куәлі­гінде кеткен қатені айтпаған күннің өзінде, жаңадан туған нәрестелердің атын бұрмалап жазу тыйылмай тұр. Төлегенді – Тулеген, Әйгерімді – Айгерим деп жазу жалғасып жатыр. Жыл сайын грант иегерлері шығатын тізімге көз салсаңыз, аты-жөні қате, не бұрмаланған азаматтарды көресіз. Мәселен, Мөлдір атты қазақ қызының аты «Мольдер, Мольдир, Мольдыр, Мольдэр, Мульдыр, Мулдр» деп толты­рылады. Моңғолия қазақтарының кейбірінің төлқұжатында Әбілсейіт-Абылсайт, Қайрат-Хай­раат, Жақсылық-Жагслаг, Қуаныш-Хуваниш секілді жазылып кеткен. Азаматтық алған кезде, 16 жасқа толған кезде осындай көзге бадырайып тұрған қатені түзетуге болмай ма? Осының бәрі құжатты орыс тілінде рәсімдеудің бәлесі. Негізі, жеке куәлік тек мемлекеттік тілде толтырылуы тиіс!
Әділет министрлігі «Қазақтардың аты-жөні қазақша жазылсын» деген Елбасы Жарлығын елей бермейді. «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлықты қабылдағаннан кейін журналистердің бірі Президенттен «Сіз де «ов», «ев»-ті алып тастайсыз ба?» деп сұраған. Сонда Елбасы «Мен де солай жасар едім, алайда осы аты-жөнім халықаралық масштабқа осылай танылды ғой» деген еді.
Кез келген адам аты-жөнінің дұрыс, сауатты жазылуын қалайды. Жұрттың көбі құжат өзгертуге келгенде осы саладағы бюрократиялық жүйеден, қағазбастылықтан, толып жатқан әуреден қашады. Іс жүзінде Президент Жарлығының үшінші тармағы бойынша қате жазылған ата-текті ешқандай басы артық құжат талап етпей-ақ, өзгертіп жазуға болады.
Адам болам десеңіз, әуелі аты-жөніңізді дұрыс­таңыз!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*