АРАЛДЫҢ ҰЛТАНЫНАН ЕЛ КЕТКЕН ЖОҚ

1769
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысқаны белгілі.  Осы мәртебелі жиында Елбасы  Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынды. Мемлекет басшысы саммиттің Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Қашан да осындай алқалы басқосуда өзінің тың ойлары мен ұсыныстарын айтып жүретін Қазақстан басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының қолданыстағы институттары негізінде Қордың ұйымдық құрылымдары мен шарттық-құқықтық база­сын жетілдіруді ұсынды. Арал теңізі бассейні бойынша су ресурстарын басқару, бөлу, есепке алу және мониторингілеу жүйелерін автоматтандыратын уақыт келгенін еске салды. Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциу­мын құру мәселесі өте маңызды. Халықа­ралық су-энергетикалық консорциумы құрылса, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану реттеледі. Иррига­ция мен гидроэнергетика арасындағы теңгерім қамтамасыз етіледі.
Аралды айнала мекендеген елдер де қарап жатпағанын білдірді. Түркіменстан бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйы­мының деңгейінде Арал бассейні елдеріне арналған БҰҰ-ның Арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр екен. Тәжікстан бастамасы негізінде Бірік­кен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 2018 жылдан бастап «Су орнықты даму үшін» атты халықаралық іс-қимылдар онжылдығын жариялады. Өзбекстан биылғы мау­сым айында Ташкентте Орталық Азия­ның халықаралық экологиялық форумын өткізіпті. Қырғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарының қолдауымен «Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне арналған іс-қимылдардың стратегиялық бағдарламасын» әзірлепті.
Аралдың жоғалуы – адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат. Соңғы 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайды. Жыл сайын Арал теңізінің қаңсып қалған ұлтанынан 80 миллион тонна улы тұз ұшады. Еліміз ғана «Сырдария өзені­нің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды ертерек қолға алды. Соның арқасында Солтүстік Арал қалпына келіп, 2010 жылдан бері судың деңгейі тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Балық өңдейтін бірқатар кәсіп­орын ашылды. Теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі біртіндеп қалпына келді. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдай жақсарды. Ең бастысы Аралдың ұлтанынан су кеткенмен, ел кеткен жоқ!
Суды ретсіз, есепсіз пайдалану Аралдың жартысынан астам бөлігін құрғатуға жеткізді. 25 жыл бұрын әлемдік деңгейде дабыл қағылды. Сол кезде Аралдың суын реттеуге басқа елдер де Қазақстан сияқты қам-қаре­кет қылғанда Әмудария арнасы қазіргідей қаңсып қалмас па еді?!.
«Аралым – арым, Балқашым – бағым» деп қазақ баласы табиғатқа келген тосын апатқа қарсы тұра білді. Ширек ғасырдың ішінде талай нәрсені жасауға болар еді. Бірақ ала тайдай алауыздық қараусыздыққа әкелді… Ақыры не болды? Үлкен Арал айта­қырға айналды… Қазақстан ғана Сырдария­ның сағасын сақтап, кіші Аралдың жағасын елге толтырды.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дей­ді біздің қазақ. Өзен де, көл де, теңіз де – Ұлы Жаратушының бізге берген игілігі. «Ары тарт, бері тарт» деп көкпарға тартылған лақтай әр ел өз тарабына тарта бермей, Қазақстан ұсынысын бірауыздан қолдаса, әлі де суға қатысты біраз мәселені ортақтаса отырып шешуге болар еді!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*