Әлем чемпионаты 2020 жылы Познань қаласында өтеді

729
0
Бөлісу:

Алматы қаласындағы Almaty Arena және Halyk Arena нысандарында 19-26 тамыз аралығында студенттер арасында өткен футзал бойынша Әлем чемпионаты аяқталды.

Чемпионатқа Канада, Германия, Франция, Аргентина, Жаңа Зеландия, Қазақстан, Болгария, Португалия, Польша, Хорватия, Словакия, Чехия, Ресей, Қытай, Израиль, Тайланд, Украина мемлекеттерінің құрама командалары қатысты.

Тарих парақтарын ақтаратын болсақ, Қазақстанның ерлер құрама командасы алғаш рет футзал бойынша әлем чемпионатының финалына шықты. Финалдық ойын 4:2 есебімен аяқталып, Ресей құрамасы финалда жеңіс тұғырынан көрінді. Қазақстандық құрама команда жеңіліске ұшырағанына қарамастан, еліміз футзал тарихында үлкен жетістікке қол жеткізді деп анық айтуға болады. Өйткені қазақстандық құрама бұрын-сонды өткен чемпионаттардың бірде-біреуінде медалистер қатарынан көрінген емес.

Әйелдер арасында өткен футзал бойынша Ресей құрамасы жеңімпаз деп танылса, екінші орынды Украина және үшінші орынды Португалия құрамасы иеленді. Чемпионат қорытындысы бойынша Біржан Оразов үздік қорғаушы, ал Даурен Тұрсагұлов үздік шабуылшы атанды.

Футзал бойынша қазақстандық құрама команда тарихта алғаш рет жартылай финалға шығып, күміс медаль иеленді.

Әлем чемпионатының жабылу салтанаты мен марапаттау рәсіміне FISU президенті Олег Матыцин, FISU вице-президенті Мариан Дымальски, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Halyk bank төрағасының орынбасары Даурен Сартаев және Ұлттық студенттер Лигасының президенті Дамир Шыныбеков қатысты. Өз сөзінде FISU Президенті Олег Матыцин Әлем Чемпионаты жоғары деңгейде өткендігін және Қазақстанда жастар арасында спортты дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінетіндігіне ерекше тоқталып өтті.

Футзал бойынша Әлем чемпионатының 2020 жылы өтетін орны болып польшалық Познань қаласы белгіленді.

Чемпионатқа қатысқан студенттер арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес қатысушылардың көбі спорт мамандықтары бойынша оқитындар. Сонымен қатар, қатысушылардың арасында туризм, менеджмент факультетінің студенттері, спорттық журналистика, экогология, заңтану, IT, медицина, математика, дизайнер және психолог мамандықтары бойынша оқып жүрген студеттер де болған.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*