Инновациялық идеяларды қалай енгіземіз?

1684
0
Бөлісу:

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда инновациялық жаңалықтар – көптеген ел үшін тұрақты дамудың кепілі. Әлемдік даму жолына зер салсақ, Швейцария, Жапония, Израиль – INSEAD халықаралық бизнес-мектебі мен Зияткерлік меншігі жөніндегі дүниежүзілік ұйымның инновациялардың ғаламдық индексі бойынша бәсекелес мемлекеттер. Жыл сайын бұл ұйым 126 елдің 80 талапқа сай инновациялық қызметінің дамуын сарапқа салып отырады. Аталған талаптар қатарына саяси жағдай, білім беру, инфрақұрылымның дамуы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қаржыландырылуы кіреді. Қазақстан бұл тізімде 74-орынға жайғасқан. Яғни, Оңтүстік және Орталық Азия елдері ішінде Үндістан мен Ираннан кейінгі орында. Минералды қазба байлықтарымыз да шектеулі екенін ескерсек, ғылыми өндіріс пен технологияларды дамытудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Елбасы Н.Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына айрықша мән беріп, барлық салаға жаңа тыныс қажет екенін үнемі айтып келеді. Ендеше, инновациялық жаңашылдықтарды енгізуді неден бастаған дұрыс деген сұраққа жауап іздеп көрелік. 

Инновацияны дамыту неден басталады?

Инновацияның дамуы мем­лекет пен кәсіпкерлердің жас ға­лым­дарға арналған білім беру бағдарламаларын даярлап, инновациялық технологияларды тікелей қолдауына байланысты. Сөзімізге дәлел ретінде эконо­ми­касы инновацияларға негізделген Швейцария, Нидерланды, Ұлы­британия және Сингапур елдерін айтуға болады. Себебі, олар – ғылыми-зерттеу жобалары мен білім беру бағдарламаларына ең көп қаржы құйған елдер.
Инновациялық ортаны қа­лып­тастыру жас ғалымдарға арнайы жұмыс орындарын ашу­дан басталады. Инновация орта­лығы деп технологиялық хаб, биз­нес-инкубаторлар, аксе­лерация орталықтарын айтуға болады. Бұл ұйымдар бірте-бірте кәсіби тұрғыда өркендеп, стартап-комьюнитилер қалыптасады. Жергілікті жоғары оқу орындары студенттерінің тәжірибелік ғы­лыми базасы да осы ұйымдардан бастау алады. Мұндай алаңдар АҚШ пен Еуропада жақсы да­мыған. Соңғы жылдары бұрынғы Кеңес елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да инновациялық жобалар бой көрсетіп келеді.

Әлемдік көшбасшылар өзгеруде

ЮНЕСКО-ның Статисти­ка­лық институты 2018 жылы ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстарға ерекше көңіл бөліп, қомақты қаржы құйған елдердің рейтингін жасады. Зерттеуге қатысқан 161 елдің ішінде Израиль 4,3 пайыз­бен көш бастап тұр. Екінші орынға 4,2 пайызбен Оңтүстік Корея жайғасса, үшінші орында 3,4 пайызбен Швейцария, одан кейін Швеция мен Жапония 3,3 және 3,1 пайыздық көрсеткішпен орналасты. Алайда инновациялық технологиялардың дендеп еніп, өркендеуі ғылыми зерттеу жұмыс­тарын қаржыландыруға да бай­ланысты емес болып жатады. 80 түрлі талапты ескеріп құрылатын Ғаламдық инновациялық рей­тингке назар аударсақ, алғашқы бестікке Швеция мен Швейцария ғана кіргенін аңғарамыз. Ғылымға миллиардтаған инвестиция құйып, қолданбалы зерттеулермен айналысып жүрген әлемдік көш­басшылардың өзі инновациялық жаңалықтар әкелген үлкен нәти­желермен мақтана алмайтынын ұғынуға болады. Өндіріс пен өнер­кәсіпті өзгертетін иннова­ция көп емес деген сөз.
Соңғы зерттеулерді сарапқа салсақ, Қытайдың инновациялық рейтингте әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуге ұмтылып келе жатқанын байқамау мүмкін емес. 2016 жылдың өзінде Қытай­дың ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-құрылымдық жұ­мыс­тарға жұмсаған қаражаты 234 млрд доллардан асты. Десе де, бұл көрсеткіште олар АҚШ-қа жете алмайтыны анық. Болжамдарға сүйенсек, 2018 жылдың соңына қарай Қытайдан шыққан жас ғалымдар мен өнертапқыштар саны 6 миллионды еңсермек.
Бұл – әлемдегі ең үздік көрсеткіш. Демек, инновация көшбасшысы болу үшін адам капиталының да алатын орны бар.
Ғаламдық инновация индексін­де 74-орынға жайғасқан Қазақстан технологиялар транс­ферін жасайтын шетелдік инвес­тицияларымен мақтана алады. Тәжірибеге зер салсақ, инвес­торлар жаңа жоғары технологиялы өнеркәсіп орындарын салуға құмар. Сондай-ақ елімізде қол­данбалы және фундаменталды ғылыммен айналысатын студент­тер мен педагогтар саны артып келе жатқанын айта кету керек.
Сұраныс пен ұсыныс сәйкессе…
Мамандардың айтуынша, инно­вациялық технологияларды енгізгенде де көпшілік сұранысын ескерген абзал. Себебі, қалың бұқара өмірін жеңілдететін жаңа технологиялар қажет екені бел­гілі. Мәселен, түрлі smart-шешім­дер, «ақылды қалалар» мен «ақыл­ды үйлер» бүгінгі және ертеңгі на­рықта сұраныста болатыны анық.
Қожайынсыз азық-түлікке тапсырыс беретін тоңазытқыштар, автоматтық дрондар күні кеше ғана ойға қонымсыз дүние болып көрінсе, бүгіндері осы заманның ағымына сай технологиялар қата­рында. Тіпті өнертапқыш­тардың жаңа құрылғыларын алпауыт компаниялар қолдап, жаңашыл­дықтан пайда табуды да көздеп отыр.
Негізінен инновация өнімдік инновация, яғни жаңа тауарды не қызметтерді енгізу, процесті инновация, ұйымдастырушылық инновация және маркетингтік инновация деп төрт топқа бөлі­неді. ЮНЕСКО-ның статисти­калық зерттеуіне қарасақ, Қазақ­станда 4 түрлі инновацияның екеуіне ғана басымдық берілуде. Бұл – түсінікті жайт. Ұйымдас­ты­рушылық және маркетингтік инно­вация үшін халықаралық хол­динг­тердің жоқтығы бөгет болып отырғаны белгілі жағдай. Сон­дықтан өнімдік инновация мен процесті инновация ғана дамып келе жатыр.
Елімізде халықтың өмірін жақ­сартуға, жаңашыл идеяларды іске асыруға бағытталған инно­вациялық компаниялар тізбегі қалыптасып келеді. Техноло­гиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік 2017 жылы қазақстандық инновациялық компаниялар рейтингін жасақтаған болатын. Бұл тізімге Еуразиялық топ, KunTech, Самрұқ-Энерго, Казатом­пром, САПА, Beeline Kazakhstan, Tau Innovative Solutions, ВВС Инжиниринг, Mercury Properties және PolyTech Electronics компаниялары кірді. Мысалы, Beeline Kazakhstan ком­паниясы жыл сайын табысының 20 пайызын инновациялық өнім­дерге арнайды.
2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламасының 63 қадамында инновациялық кластерлерді да­мыту ғылыми экономиканы жа­сауға жол ашатынын айтқан болатын. Соның негізінде Tech Garden және Astana Hub құрылды. Бұл – өнертапқыштардың идея­ла­рын қолдап, қажетті инфра­құ­рылым және қаржымен қамтама­сыз етуге, шетелдік инвестор­лар­ды тартуға жәрдемдесетін мем­лекет­тік акселерация бағдарла­малары. Tech Garden-де жергілікті Tech Garden acceleration және ха­лықаралық Start up Kazakhstan acceleration бағдарламалары бар. Ал Astana Hub «100 стартап» бағ­дарламасымен жұмыс істеуде.

Инвестициялау мәдениетін қалыптастыру керек

Өнертапқыштар да қателеседі. Алғашында инновациялық болып көрінген идея іс жүзінде өз нәти­жесін бермей жататын немесе көзге түсе алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Осылайша, стар­тап инвесторларды аралап, көлеңкеде қалып қояды. Елімізде венчурлік инвесторлар мәдениеті қалып­таспағанын айта кеткен абзал. Инновацияны енгізу үшін күрес – өнертапқыштың мойнына жүктеледі. Көптеген стартап жо­балар алғашқы кезеңде-ақ жоғалу қаупінде тұрады. Яғни, мұндай жағ­дайлар нарықты толық зерттемегендіктен орын алады. Кейде өнімнің сырт пішінінің тартымдылығы венчурлік қорлар­ды, инвесторларды тартуға ке­дергі жасайды. Сондықтан тіпті өнімнің дизайнынан бастап, оның жұмыс істеу механизмі толығымен қалыптасу керек-ақ. Отандық ІТ салада дұрыс жасал­маған дизайн мен қолданушылар үшін қолай­сыз пішін салдарынан қаншама инновациялық шешім­дер на­рыққа ене алмай қалды.
Тағы бір айта кететіні, өнер­тап­қыш өз инновациясын инвес­торларға сата алатын менеджер бола алмайды. Сонымен бірге, ол білімді де білікті мамандардан топ құрып, өнімін өндіріске ендіру жолында алдына жан салмайтын басқарушы бола білу керек. Бұған инвесторларды табу қиындығын қосыңыз. Осылайша, көптеген инновация өндіріске жетпей қалады.
Елімізде әлі күнге дейін инвес­тициялау мәдениеті қалып­таспай келе жатқаны ащы шын­дық. Ал қаншама стартап жобалар қаражатқа мұқтаж. Мұнда да қандай жобаларға ақша құюға болатыны, келісімшартқа қалай отыру керектігі жайлы білім жет­пейді. Мемлекеттің қолдауымен құрылған стартап алаңдар қар­қын­ды жұмыс істеп келеді. Десе де, стартап мемлекетсіз нарыққа өте алатындай жағдайға жету ке­рек. 2011 жылдан бастап мемлекет 11,5 млрд теңге көлемінде 316 ин­новациялық жобаға қолдау көрсетті. Биыл өнертапқыштарды қолдауға 800 млн теңге қаржы бөлінді. Осылай қолдау таныту арқылы өнертапқыштарды қол­дан жасауға болмайтыны туралы көп айтылуда. Анығы сол – бәсе­келестікті күшейту қажет. Сонда ғана бүгінгі заман сұранысына сәйкес, уақыт талабына жауап бе­ретін жаңа өнім пайда болады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*