БІРТУАР АЗАМАТ

959
0
Бөлісу:

Қазақтың біртуар азаматы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, респуб­ликадағы силикаттар технологиясын дамытуға, өркендеуіне, осы саланың жаңа ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізуге орасан зор үлес қосқан, белгілі ғалым Сұлтан Сүлейменов 1928 жылы 20 тамызда Жаңа Қазалы кенті Қазалы ауданы Қызылорда облысында үлкен шаруа отбасында дүниеге келген. 1946 жылы Жаңа Қазалы орта мектебін ойдағыдай бітіріп шығады. Ұлы Отан соғысының 1943-1945 жылдары мектепте оқып жүріп, оқудан тыс кезінде Жаңа Қазалы стансасында темір жолды жөндеу бригадасы бригадирінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Ұлы жеңіске өз үлесін қосқан тылдағы жас азаматтың бірі еді.

Көпбалалы отбасына көмек беру үшін Сұлтан аға мектепті бітірген соң бір жылдай Жаңа Қазалы кентіндегі аудандық сот судьясының хатшысы болып қызмет атқарған. Әкесі Тәшірбай тұңғышының сот болғанын қалаған. Бірақ Сұлтан аға инженер болуды ұнататын, болашақта ғылым мен өндірісті бірлестіріп, ел экономикасын жақсартуға үлес қосқысы келетінін ойлайтын. Қайраткер 1947-1952 жылдары Шымкент құрылыс мате­риалдары технологиялық институтын үздік бітіріп, Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылыс және құрылыс материалдары институтының аспирантурасына жолдама алады. 1956 жылы осы институттың жанындағы мамандандырылған ғылыми кеңесінде «Көбік шыны алу процесіндегі физика-химиялық қасиеттерін зерттеу» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институтының аты өзгеріп, 1956 жылы Қазақ химия-технология институты болып аталды. Сөйтіп, өзі бітірген Қазақ химия-технология институтына осы жылы шілде айынан бастап керамика және шыны кафедрасының аға оқытушысы, 1957 жылы шілдеден бастап 1976 мамыр айына дейін силикат технологиясы кафедрасының мең­герушісі, сонымен қатар технология факуль­тетінің деканы қызметін ойдағыдай атқарды. 1959-1974 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтының ректоры болды. Профессор Сұлтан Тәшірбайұлы ректор болып қызмет атқарған жылдары, институт Орта Азия мен Қазақстандағы халық шаруашылығының көптеген салаларына мамандар даярлайтын 7 факультеті, 36 кафедрасы бар ірі оқу орнына айналып, республикадағы химия өнеркәсібі мен құрылысының өзекті міндеттерін шешуге түрлі ғылыми бағыттарда жасалған ұсыныстар өндіріске енгізіле бастады. 1967 жылы Кеңес Үкіметі Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігінің жанындағы Жоғарғы аттес­тациялық комиссияның шешімімен силикат материалдарын алу саласындағы ғылымға және оны өндіріске қосқан үлесі үшін профессор ғылыми атағы берілді. 1970 жылы Сұлтан Тәшірбайұлы А.Беруни атындағы Ташкент политехникалық институтында «Қазақстан тау-кен жыныстарынан шыны мен шыны кристалды материалдардың жаңа құрамын синтездеу саласындағы көп жылғы зерттеулерінің нәтижелері бойынша» техника ғылымдары докторы диссертациясын ойдағыдай қорғады. 1970 жылы С.Сүлейменов Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 1972 жылы Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. 1976 жылдың мамыр айынан 1978 жылдың тамыз айына дейін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының құрылыс материалдар кафедрасының профессоры, 1978 жылы Алматы құрылыс материалдар ғылыми-зерттеу және жобалау институтының директоры, сонымен қатар бір мезгілде силикаттардың физика-химиясы зертханасының менгеруші қызметін қоса атқарды.
1965 жылы Сұлтан Сүлейменов бастаған бір топ жас ғалымдар Оңтүстік Қазақстан кәсіпорындарындағы фосфор шлактарын пайдалану проблемасымен тығыз айналысады. Іс жүзінде тұнғыш рет құрылыс материалдары мен бұйымдарын алу мақсатымен фосфор өндірісі шлактарын жүйелі түрде тереңдей жүргізіледі. Жоғарғы физика-химиялық қасиеттері бар шыны кристалды материалдар алу мүмкіндігі дәлелденіп, проксиндерді кристалдандыру саласындағы шлак балқы­масының химиялық құрамын араластыруда, термикалық өңдеу кезінде күрделі құрамдағы хромшпинелидтердің шыныларын кәдімгі кристалдық құраммен бірге бөліп шығару және солардың негізінде пиросипавгитті кристалдандыру болып табылатын хромо­магнезит үгіндісі қоспасының өзгеріс жа­сайтын әрекеттерінің механизмі зерттелді. Бұл зерттеулер белгілі қасиеттері бар материал­дарды алу үшін құрамында фосфор бар шынылар мен балқыламаларды кристал­дандыруды басқару теориясын жасауға едәуір үлес қосты және фосфор шлактарын пайдалану проблемасын шешуде зор маңызға ие болды. 1970 жылы Констаниноводағы «Автостекло» зауыты елімізде тұнғыш рет фосфор шлагының негізінде пайдалану қасиеттері жоғарғы шлакоситалл шынысын шығарды. Бұл Шымкент қаласында «Южгипростекло» институтының шлакститалл бұйымдары цехын жобалауға негіз болды.
С.Сүлейменовке мақсаткерлік, шығар­машылық саласында ұдайы ізденіс үстінде жүретін азамат болатын. Алға қойылған мақсатты орындау үшін барлық ресурстарды пайдалана білген. Ол азаматтың бойында ғылыми-педагогика саласындағы еңбек­терінен басқа, ұйымдастыру және әкімшілік қабілеттері зор болған. Оңтүстік Қазақстан кәсіпорындарының отты-сұйық және гранул­данған электротермофосфорлы шлактары негізінде құрылыс материалдары мен бұйымдарының әр түрлерін, энергияны сақтайтын қалдықсыз өнеркәсіптік өндірісті жасау және игеру жөніндегі республикалық ғылыми-техникалық бағдарлама жасауды жүзеге асыруда С.Сүлейменов, Қ.Қуатбаев, З.Естемесов және институттың осы саладағы ғылыми қызметкерлері мен бірлесе отырып күйдірілген шлак тұтқырын жасау, сондай-ақ солардың негізінде құрылыс бұйымдарын және конструкцияларының болашақтағы технологиясын жасау бағытында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілген болатын. Қазақ КСР Ғылым академиясының катализ және электрохимия институты және аймақтық потология ғылыми-зерттеу институтары бірлесіп, фосфинен және фторлы сутегінен шлак тұтқырын алу процесіндегі, газды тазалап алу әдісі жасалды.
Сүлейменовтің басқаруымен жүзеге асырылған зерттеу бағыттарының бірі – көмір қалдықтарын кешенді өңдеу және Қазақстан жылу-электр стансаларының күл-шлакты қалдықтарын құрылыс материалдарын өндіруге қолдану салаларын кеңейту үшін олардың қасиеттерін бір жүйеге келтірген болатын. С.Сайболатовпен және керамикалық материалдар лабораториясының ғылыми қызметкерлерімен бірге күл керамика материал­дарын өнеркәсіптік өндірудің ғылыми негіздерін жасауға мүнкіндік беретін экспериментік және теориялық зерттеулер жүргізілді. Қазақстанның Екібастұз, Қара­ғанды және Кузнецк көмір бассейндерінің көмірлерімен жұмыс істейтін бірқатар жылу-электр стансаларының күлі негізінде кера­микалық материалдарды алудың техноло­гиялық процесін жеделдетудің мүмкіндігі ашылды. Бұл оларға керамикалық және жылу сақтағыш шикізат ретінде қойылатын негізгі талаптардың ретін келтіріп отыруға мүмкіндік берді. Қазақстан жылу-электр стансаларының күл-шлак қалдықтарын пайдаланудың тағы бір бағыты – олардың негізінде бетондар және ерітінділер алу. Құрғақтай іріктелген және судан арылтқан күлдерді пайдана отырып, А.Родионовамен бірге жасалған бетондар мен былғамалардың құрамы Алматы үй құрылыс комбинатында табысты түрде пайдаланылып, Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитетінің Селолық құрылыс, Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің кәсіп­орындарында игерілді. 1 текше метр бетонға 160-200 килограмм күл жұмсағанда 10-30 пайыз цемент үнемделеді. А.Мырзаходжаевпен бірге күл шынылары мен түрлі минералдық фазадағы күл метелдар синтезін жүзеге асыру үшін термикалық өңдеу кезіндегі минерал түзу процестеріне кешенді зерттеу жүргізілді. Күл металдарын пироксиндер мен жоғары гли­ноземді минералдар саласында алуды пайдалы екені анықталды.
С.Сүлейменов – өз білімін, ғылым мен шығармашылық саласындағы табыстарын, оқытушылық, ұйымдастыру және әкімшілік қызметтерін бір-бірімен ұстастыра жүргізе білген азамат. Осы саладағы барлық атқарған еңбектерін қазақ халқына, өз отанын сүйе білген, Қазақстан Республикасының әлеу­меттік-экономикалық жағдайының жақ­саруына, мәдениетінің өркендеуіне, көп саласы Қазақстан өнеркәсібіне инженер-технолог мамандарын және Жоғарғы мектепке оқытушы-ғалымдар дайындауда, «Ғылым-Жоба-Өндіріс» бағдарламасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан ғалым, белгілі тұлға. Осы салаларда ірі мекеме басшыларын, ғалымдар, бірнеше институт ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының директорларын тәрбиелеп шығарған. Оның 400 ғылыми еңбегі, оның ішінде 11 монографиясы, 90 Кеңес Одағы авторлық және 15 Қазақстан Республикасы авторлық куәлігі бар. Академик Сұлтан Тәшірбайұлы ғылыми басшылығымен 6 докторлық және 30 кандидаттық диссертация қорғалды. Өмірі және еңбектері туралы 7 әдеби кітапта, бірнеше энциклопедияда жарық көрді.
Академик Сүлейменов 1978 жылдан Кеңес Одағы Ғылым академиясының «Құрылыс механикасы және конструкциялық формалар теориясы» ғылыми кеңесінің «Құрылыс материалдары» секциясының мүшесі, 1980-1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым акаде­миясының Металлургия және байыту, Химия ғылымдары институттарының арнаулы ғылыми кеңестерінің мүшесі, 1980 жылдан Беруни атындағы Ташкент политехникалық институтындағы техника ғылым докторы және кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін арнаулы кеңестің мүшесі, 1986 жылдан Алматы архитектура-құрылыс институты техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі арнаулы кеңестің мүшесі болып сайланған.
Сұлтан Сүлейменов тасқұйма құбырлар өндірудің теориясы мен практикасы бойынша Бүкілодақтық семинарлар (Шымкент, 1970, 1972 жж.), шыныны кристалды материалдар бойынша (Алматы, 1979 ж, Шымкент, 1974 ж.) және құрылыс материалдарын өндіру үшін фосфор шлактарын пайдалану (Алматы, 1979 ж) жөнінде ғылыми-практикалық кон­ференциялар, Ғылым және техника жөніндегі комитетінің «Жаңа органикалық емес материалдар және балқуы қиын қосынды­ларымен жабу» проблемасы бойынша ғылыми кеңестің техникалық керамика мен қалдықсыз технология және силикат материалдарын өндіруде қайталама ресурстарды пайдалану секциясында «Керамика және құрылыс материалдары өнеркәсібінде қайталама шикізатты пайдалану» деген тақырыпта кеңей­тілген мәжіліс (Алматы, 1985 ж) баста­машысы, ұйымдастырушысы, жалпы және қолданбалы химия бойынша өткен бірқатар Менделеев съездерінің, халықаралық және бүкілодақтық симпозиумдарының, кон­ференциялардың белсенді қатысушысы болып, оларда силикат ғылымын және құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту проблемалары бойынша баяндамалар жасаған біртуар профессор.

Айтбай МАХАМБЕТ,
Шымкент қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз