ОТА ЖАСАТУ ҮШІН ТАРАЗҒА КЕЛЕДІ

862
0
Бөлісу:

   Тараздағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» тұңғыш рет бүйрекке трансплантация жасалғалы бері де 4 айдай уақыт өткен еді. Донор ағзаға зәру жамбылдық азаматқа ағасы бір бүйрегін беріп, алғашқы отаны Қазақстанның ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев жасаған болатын. Міне, содан бері жақын шет мемлекеттердің азаматтары трансплантация жасату үшін профессор Сейтхан Жошыбаевтың клиникасына көптеп қайырыла бастады.

Жуырда клиникада кезекті бүйрек алмастыру операциялары жасалды. Қырғызстан және Грузия мемлекеттері­нің азаматтары ота жасату үшін Тараз­дағы Кардиохирургия және трансплан­то­­логия ғылыми-клиникалық орталы­ғын таңдаған. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені медицина ғылымдарының докторы, академик Сейтхан Жошыбаев басқаратын клиника еліміздің оңтүстік айма­ғындағы жетекші орталық сана­ла­ды әрі мұнда докторантураны шетелде оқыған білікті мамандар жұмыс істейді. Жоғары медициналық көмек көрсететін емдеу мекемесі тәжірибелі трансплан­то­лог-дәрігердің өзін Астанадан шақырт­қан.
– Мұнда Астанадағы ұлттық ғылыми онко­логия-трансплантологиялық орта­лы­ғынан ауысып келгенмін. Транс­план­­тациялық оталарды жасай баста­ға­ны­ма 7 жылдан асты. Негізі профессор Жошыбаев басқаратын орталықта ағза алмастыру оталары бойынша шетелде біліктілігін жетілдірген мамандар бар. Бірақ оларға енді тәжірибе жинау керек. Алғашқы операциядан кейін мамыр айынан бері біз айына 3-4 бүйрек алмас­тыру отасын өзіміз жасадық. Оның біреуі ғана – ел азаматы, қалғаны жақын шетелдерден келген. Бұл – тоғы­зын­шысы. Қырғыз елінің 62 жас­тағы азаматына 35 жастағы немере інісі бүйрегін берді, – дейді трансплан­то­лог-дәрігер, Кардиохирургия және транс­план­тология ғылыми-клиника­лық орта­лығы директорының орынбасары Ғани Мұратұлы.
Қырғыз азаматының гемодиализде жатқанына айдан асыпты. Ақыры ота жасату үшін Таразға келген. Оған алыс туысы бір бүйрегін беруге келісіпті. Грузиядан келген науқастың да жағдайы осыған ұқсас. Туыстары оның өмірін сақтап қалу үшін трансплантация жасауға келісім беріп отырған көрінеді. Ал дәрігерлер елімізде донор бүйрекке мұқтаж жандардың көптігін айтады. Ағза­лар қазір тірі донордан ғана алыну­да. Бір ғана Жамбыл өңірінің өзінде трансплантация жасату үшін айлап ауруханалар төсегіне таңылып, донор күтіп жатқан 250-дей науқас бар. Елі­міз­де олардың саны 3,5 мыңнан асады екен.

Ерман ӘБДИЕВ
Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*