Головкин-Альварес жекпе-жегінің төрешілері анықталды

846
0
Бөлісу:

Невада штатының атлетикалық комиссиясы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жекке қазылық ететін төрешілер тізімін ресми түрде жариялады.

Рингтегі рефери міндетін америкалық Кіші-Бенджи Эстевес атқарады. Ресми дерекке сүйенсек, ол осы күнге дейін барлығы 636 жекпе-жекте жұмыс істеген, тәжірибелі төреші. Эстевес 1954 жылы дүниеге келген. Қазір Нью-Йорк қаласында тұрады. Бокс төрешісі болып 1982 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің кәсіби мансабы барысында Флойд Мейвезер, Костя Цзю, Артуро Гатти, Бернард Хопкинс, Шейн Мозли, Келли Павлик сынды мықты боксшылардың кездесулерінде жұмыс істеген.

Эстевестен бөлек, Головкин-Альварес жекпе-жегінде Дэйв Моретти, Гленн Фельдман, Стив Вайсфельд сынды мамандар бақылау жасайды. Бұл үш төреші бұған дейін америкалық Андре Уорд пен ресейлік Сергей Ковалев арасындағы шайқасқа қазылық еткен болатын. Айта кетейік, аталған кездесуде Андре Уорд қарсыласынан басым түскен (нокаут).

Моретти бокс саласында 1977 жылдан бері еңбек етеді және 988 кездесуге қазылық еткен. Фельдман болса төрешілік етуді 1992 жылдан бастапты. Еншісінде 982 жекпе-жек бар. Вайсфель өз мансабын ресми түрде 1991 жылы бастапты. Қазірге дейін оның аты-жөні 1759 жекпе-жектің ресми хаттамасында жазылған.

Еске сала кететін болсақ, Головкин мен Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жекте Дэйв Моретти, Дон Трелла және Аделаида Берд жұмыс істеген болатын. Ал рингтегі төреші міндетін Кенни Бейлесс атқарған. Сол жолы Моретти 115-113 есебімен жеңісті Головкинге берсе, Трелла 114-114 есебімен тең нәтижені тіркеген. Ал Аделаида Берд 118-110 есебімен Альварестің еншісіне жеңіс жазған. Бірақ Бердтің бұл қазылығы көпшіліктің наразылығын тудырып, әділетсіз төреші ретінде жұрттың есінде қалды. Осылайша, алғашқы кездесу тең аяқталған.

Бұған дейін осы бокс кешінде жекпе-жекке шығатын андеркарт боксшыларын да таныстырған болатынбыз. Альварестің айтуынша, бұл жолы Головкиннен қалай да басым түспек. Әрине, кімнің жеңімпаз атанарын 15 қыркүйек күні білетін боламыз.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*