Құрбан айт қарсаңындағы қайырымды іс

988
0
Бөлісу:

Алматы Орталық мешітінде Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен Алматы орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.

Шара аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан 1300 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толтырылған мектеп сөмкелері табысталып, Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай «Құрбан айт құтты болсын» айттық сыйлық қорапшалары үлестірілді.

Акцияға Алматы қаласы бойынша мәслихат депутаты, білікті кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов және «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры мен «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығы демеушілік көрсетті. Бұл игілікті іске Алматы қаласы мешіттерінің имамдары да үлестерін қосып, айлықтарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсады.

Сөз кезегі, ең алдымен, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлына берілді. Бас имам өз сөзінде бүгінгі шараның мән-маңызына тоқтала келе:

«Мектепке жол алған қадірменді оқушылар, барлығыңызға сәт сапар тілеймін. Сіздер «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген сөзді ұрандата отырып, еліміздің ертеңіне берік кірпіш болып қалануларыңыз керек. Ол үшін дінімізде әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз екенін ұмытпай, күндіз-түні талмай еңбектенулеріңіз керек. Сондай-ақ, Құранның алғашқы түскен сөзі де «оқы» дегенін қаперлеріңізге сала кеткенім жөн. Сондықтан да сіздердің алдағы өмірде алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын деймін. Сонымен қатар, еліміздің болашағы болған жастарымызға әрқашан осылай қолдау білдіріп, оларға қамқорлық жасау – әрбір қазақ азаматының, «мен – мұсылманмын» деген адамның міндеті, қасиеті борышы екені даусыз. Бүгін соның жарқын мысалына куә болып отырмыз. Мінеки, жас бүлдіршіндерімізге қуаныш сыйлап, мектепте сапалы білім алуына жағдай жасап отырған кәсіпкер азаматтарымызға Алла разы болсын!» – деп жүрекжарды тілегін білдірді. Одан әрі Алматы қаласы Дін істер басқармасының басшысы Айдар Есенбеков аталмыш шараға құттықтау сөз сөйлеп, мектеп оқушыларына келелі кеңестерін айтты. Осындай игі істің басы-қасынан табылып жүрген Қайрат Құдайбергенов та сөз алып, балаларға өзінің бала кезден көрген қиындықтарын айтып, өмірде жақсы азамат боп қалыптасу үшін тынбай оқып, талмай еңбектену керегін ұқтырды. Шара соңында бас имам мен Қайрат Құдайбергенов, Айдар Есебеков балаларға сыйлықтар ұсынды. Ата-аналар алғыстарын білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға ақжарма тілектерін арнады. Балалардың да шынайы ризашылықтары қуанышқа толы жанарларынан сезіліп тұрды.

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу:

Пікір жазу


*