ПРЕМЬЕР-МИНИСТИР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

855
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін Түркістан облысына барды. Тура екі ай бұрын, 19 маусымда Елбасы тарихи Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы «Түркістан облысы» болып өзгерді, ал Түркістан облыс орталығы ретінде бекітілді. Облыс басшылығы екі ай ішінде әкімшілік орталықты көшіру бойынша белсенді жұмыстар атқаруда.

Жұмыс сапары барысында Үкімет бас­шы­сы мемлекеттік органдар орналасқан бір­қатар нысанды аралады. Сондай-ақ Түр­кістанға мемлекеттік органдарды кө­шіру және Шым­кент қаласын дамыту мә­селелері жө­нінде кеңестер өткізді.
Кеңес барысында жергілікті атқарушы жә­не орталық мемлекеттік органдарды кө­шіру про­­цесі талқыланды, сондай-ақ Түр­кіс­тан­ның және жалпы облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық, мәдени даму перс­­пек­ти­ва­лары қаралды. Кеңесті ашқан Бақытжан Са­ғынтаев 19 маусым күні Мемлекет бас­шысының Жарлығы қабыл­данғанын еске салды. Оны іске асыру үшін бірінші вице-пре­мьер Асқар Маминнің төрағалығымен Түркістан облысын да­мыту перспек­ти­ва­лары жөніндегі комис­сия құрылды. Мау­сым айында Түркістанға барған комиссия мем­лекеттік органдарды көшіру, түркі әле­мінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түр­кістанның дамуы­ның бас жоспарын әзір­леуге конкурсты ұйымдастыру және өт­кізу мәселелерін, облыстың әлеуметтік-эко­номикалық даму перспективаларын қа­растырды.
Облыста мемлекеттік органдар мен ұйым­дардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қам­тамасыз ету бойынша негізгі іс-қи­мыл­дарды қамтитын тиісті Жол картасы бе­кітілді.
Б.Сағынтаев ел Президентінің тапсыр­масына сәйкес, қаланы дамытудың бас жос­парының тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы қойып отыр­ған басты мақсат – қысқа мерзім ішін­де жаңа ғимараттар құрылысын бастау бо­лып отыр. Премьер-министр облыста құ­рылыс жұмыстары қарқынды жүр­гізілуге тиіс екенін баса айтты.
Бұдан өзге, Түркістанның дамуына биз­нес өкілдерін тарту қажеттігі айтылды. Бүг­інде бизнестен әлеуметтік нысандарды, қо­нақүйлер мен басқа да маңызды ғима­рат­тарды салу бойынша ұсыныстар түсуде. Сон­дай-ақ облыстың дамуына «Самұрық–Қа­зына» қоры өз үлесін қоспақ. Өңірді да­мыту бойынша Президент қойған мін­деттерді іске асыру үшін қажетті қаражат толыққанды бөлінетін болады.
Көшіру барысы туралы облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев баяндады. Оның мә­ліметінше, барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Оларды орналастыру үшін Түркістанда жалпы аумағы 11 680 шаршы метр болатын 12 ғимарат бөлінген. Бірінші кезеңде қыз­меткерлердің 70 пайызы көшіріліпті. 27 аумақ­тық органға 16 ғимарат берілді. Қазір 14 ве­домствоның өкілдері қалаға орналас­ты­ры­лып, өз жұмыстарын бастаған.
Облыс әкімі көшіп жатқан мемлекеттік қыз­мет­керлерді баспанамен қамтамасыз ету мә­селесіне жан-жақты тоқталды. Қыз­мет­кер­лерге 67 жекеменшік пәтер жал­дауға ұсынылған. Орта есеппен, мұндай баспана айына 50-80 мың теңгеге түседі. Бұдан бөлек Түркістанда уақытша ор­на­ластыру үшін жатақханаларда 305 орын, 14 қонақүй, ал Кентауда – 275 орынды жа­тақ­хана мен 7 тұрғын үй әзірленген. Түркістанда 1200 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің, Кен­тауда 420 пәтерлік 7 үйдің құры­лысы жүр­гізілуде. Нысандарды 2019 жылы пайда­лану­ға беру жоспарланған.
Президенттің бес әлеуметтік бастама­сы аясындағы «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 360 пәтерден тұратын 6 көпқабатты үйдің құрылысын бастады.
Бюджетке келер болсақ, 2018-2019 жыл­дарға арналған облыстық бюджеттің жос­парланған көлемі қайта қаралып, бекі­тілді. 2018 жылғы облыстық бюджет 621,6 млрд теңгені құрады, ал Шымкенттің бюд­жетін бөлгеннен кейін облыстық бюд­жет 552,5 млрд теңгеге бағаланды. Ұлттық эко­номика және Қаржы министрліктеріне Шым­кент қаласының алдағы екі жылдың шығындарын жабуға өтінім берілді. Шым­кентте орналасқан облыстық нысандарды (167 өңірлік мекеме) қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Қала балан­сы­на 29,5 млрд теңге активі бар 55 кәсіпо­рын берілді.
Ж.Түймебаев облысты және Түркі­стан­ды дамыту туралы баяндай отырып, бірін­ші кезекті шаралар анықталғанын, Түр­кістан облысын 2024 жылға дейін әлеу­меттік-экономикалық дамытудың
бас жос­парының жобасы әзірленгенін айтты. Кешенді жоспар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі – 1,3 трлн теңге.
– Туристерді тартатын басты орталық – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Мәдениет жә­не спорт министрлігіне тиесілі. Біз ми­нистр­лікпен бірлесіп, Түркия тәжірибесі бойын­ша кесене маңынан туристік орын құру мақсатында кәсіпорын ашуды жос­пар­лап отырмыз, – деді әкім. Ол Түр­кістан­ның жоғары туристік әлеуетін атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде қалаға мил­лионнан астам турист келді.
Аумақтық атқарушы органдарды кө­шіру, өңірдегі қазіргі жағдай және өңірді дамытудың перспективалары туралы Қар­жы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық эко­но­мика министрі Т.Сүлейменов, Білім жә­не ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов және басқа да бейінді министрліктердің өкілдері баян­дады.
Бірінші вице-премьер А.Мамин сәу­летшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегенін жеткізді. Қыркүйектің соңына дейін бас жоспардың тұжырымдамасын бе­кіту туралы шешім қабылданады. Содан кейін, бас жоспарды дайындауға байқау жарияланады. Ол екі кезеңнен тұрады: біріншісі – 2035 жылға дейін, ал екінші кезең 2050 жылға дейін созылады.
Жұмыс сапары аясында Бақытжан Са­ғынтаев Түркістан қаласында әкімші­лік ғи­мараттардың құрылысы салыну кезінде, яғни 2020 жылға дейін мемле­кет­тік ор­ган­дар орна­ла­сатын коммуналдық мен­шік және ком­мер­циялық нысан ғи­марат­тары­на барды.
Бақытжан Сағынтаев тарихи-мәдени этнографиялық орталықты аралау кезінде Түркістан облыстық мәслихаты мен әкімі­нің аппаратын орналастыру жағдайымен танысты. Айтқандай, бүгінде өңірде 688 мә­дениет және өнер мекемесі, соның ішін­де 390 кітапхана, 249 мәдениет үйі, 25 му­зей және басқалары бар.
Жалпы, Түркістан облысының ірге­тасы «Оңтүстік Қазақ облысы» атауымен 1932 жылғы 10 наурызда қаланды, кейін 1936 жылы атауы «Оңтүстік Қазақстан об­лысы» деп өзгертілді. 1962-1992 жылдар аралығында Шымкент облысы деп аталды, 1992 жылы бұрынғы атауы беріліп, ОҚО деп қайта аталды. Облыс ауданы 116 280 шар­шы шақырымды (ел аумағының 4,3 пайызын) құрайды. Солтүстік және оңтүстік қиыр­ла­ры арасындағы алшақтық – 600 шақы­рым.
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпо­рын­дары қаңтар-шілде айларында 250,7 млрд теңгенің өнімін шығарды. Негізгі капитал­ға салынған инвестициялар 118,5 млрд тең­ге болды. Бұл 2017 жылғы тиісті кезеңге қа­ра­ғанда 5,1 пайызға артық.

Бөлісу:

Пікір жазу


*