АЗАТТЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ – АЛТЫН АДАМ

2747
0
Бөлісу:

      Алматыдағы Республика алаңында тұрған  Тәуелсіздік монументінің негізгі бейнесі ретінде «Алтын адам» тас тұғырдың шырқау биігіне қойылғанына да ширек ғасыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен кезде Қазақстаннан табылған үшінші «Алтын адамға», жалпы осындай аса құнды мұраларға кең көлемде зерттеу жүргізуді тапсырған болатын. 
Біз әлемде тек перғауындардың зираты тұтас күйінде аршылғанын білеміз. Одан басқа дүниежүзі бойынша ел билеушілердің мүрдесі мұрты бұзылмай, толық табылған жағдай кездеспеген. Ежелгі қазақ елінің жерінен сақ, үйсін мәдениетінің 200-ге тарта ғажайып ескерткіші табылғаны мәлім. Отырар, Тараз, Түркістан тәрізді көне қалалар отырықшылық мәдениеті болғанын, ал табылған жәдігерлердің біразы ерте заманда бұл өңірлерде түсті металлургияны меңгерген ел-жұрттың өмір сүргенін куәландырып тұр.
«Алтын адамның» түпнұсқасы Астанадағы Алтын және бағалы металдар музейінде сақтаулы тұр деген дерек бар. Алтын адам – Қазақ елінің мемлекеттік символы.
Қазақстаннан табылып жатқан «Алтын адам – ескерткіштерінің құнына баға жетпейді. Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда өмір сүрген сақ ханзадасы. Оның қаруы, үстіндегі киімі алтыннан құйыл­ған. Ғалымдардың айтуынша, бұл – патша, хан, қаған сынды ірі лауазым иесі. Алтын адамның киіміне 4000-нан аса ұсақ әшекей тағылған, оның көшірмесін музейден көруге болады. Екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырға жататын мұраны зерттеген ғалымдар «бұл – сарматттар­дың көсемі» деген қорытынды жасады. Үшінші «Алтын адам» 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығынан табылды. Бұл «Алтын адам» біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Мұраның құйма ал­тыннан жасалған аң-құс белгілеріне қарап ғалымдар бұл «сақ патшасы» деп тұжырымға келді. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының Шілікті жазығынан биіктігі – 8 метр, диаметрі – 97 метр қорғанды қазу барысында қабыр­ханадан тағы бір «Алтын адам» табылды. 4500-нан астам киім әшекейінің біраз бөлігі жақсы сақталған. Бұл құйма алтыннан жа­салған. Бұған дейінгі жәдігерлер – қаңылтыр алтынды әшекей бұйымдар.
2010 жылы Қарағанды облысына қарасты Талды-2 қорымындағы қазба жұмыстары кезінде табылған төртінші «Алтын адам» да бағалы жәдігерлер қатарын толықтырды. Аты­рау облысының Сарайшық қорғандарынан, Қарағанды облысының Бесоба қорғандарынан табылған алтын адамдардың бәрі түбегейлі зерттеулер жасауға сұранып тұр. «Үржар хан­шайымы» да – ерекше жәдігер.
Тарихшы ғалымдар, антропологтар мен археологтар «Алтын адамды» қанша жылдардан бері зерттеп жатыр. Бірақ алғашқы «Алтын адам» әлі де жұмбақ. «Ол адам – жігіт пе, қыз ба, жауынгер ме, ханзада ма?». «Оның сүйегі қайда?..». Кей ғалымдар оның қаңқасы Ресейге жеткізілген, содан қайтпады дегенді айтады… Егер алтын адамның сүйегі өз елімізде болса, ғылыми, медициналық сараптамалар неліктен жасалмай жатыр? Есіктегі Алтын адамның тек маңдай сүйегі мен төменгі жақ сүйегінің қал­дықтары ғана сақталған. «Алтын адамның» нақты әйел не еркек екенін білу үшін ДНК талдамасы, яғни хромосомалық анализ жасалуы керек. Ол жасалмады.
Қазақ жерінде әлі қанша «Алтын адам» жатқаны белгісіз. Ашылмаған қорымдар саны 40-тай болу керек деп болжам бар. Соның бәрі ерекше қадағалауда, қамқорлықта болуы тиіс. Табылған сүйектер мен алтын бұйымдардың есебі алынып, көлденең қол сұғынан сақтау да маңызды мәселе. Сайып келгенде, Қазақстан­ның әр өңірінен табылып жатқан «Алтын адамға» ұқсас жәдігердің барлығын мем­лекет өз қарауына алуы қажет.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*