Азиада-2018: Қайсанов күміс жүлдеге ие болды

1030
0
Бөлісу:

Джакартадан тағы бір жақсы жаңалық. Еркін күрес балуаны Данияр Қайсанов Азиаданың күмісін иеленді. Өзбек спортшысы Бекзод Абдурахманов бір ұпай айырмасымен жарыс жеңімпазы атанды.

74 келіде белдесетін спортшы ақтық сынға дейін жолындағысын «жапырып» келді. Өйткені бүгінгі жарыс күнінде алғашқы екі кездесуді таза жеңіспен аяқтады. Жартылай финалда қарсыласын 8:12 есебімен ұтты. Осылайша ақтық мәренің жолдамасына ие болған еді. Өзбек балуаны Бекзод Абдурахмановпен белдесу қызу өтті.

Бірінші кезеңде Данияр 1 ұпаймен басым келе жатты. Екінші кезеңде есеп теңесіп, қарсыластың әдісі арқылы екіге артты. Белдесудің соңғы сәтіне қарай Қайсанов тағы бір ұпай иеленгенімен, уақыт тәмамдалды. Осылайша бұл екі балуанның арасындағы тартыс 2:3 болып аяқталды. Естеріңізге сала кетсек, Қайсанов – 74 келіде Қазақстанның биылғы су жаңа жеңімпазы. Биыл Бішкекте өткен Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Бірқатар халықаралық турнирлердің бас жүлдесі еншісінде бар. Бұл салмақта әлем бойынша бәсеке жоғары. Мәселен, Абдурахманов Инчондағы Азия ойындарының чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері, Рио олимпиадасының қатысушысы.

Естеріңізге сала кетсек, жарыстың бірінші күнінде Саятбек Оқасов қола жүлде алған еді.

Жадыра АҚҚАЙЫР 

Бөлісу:

Пікір жазу


*