Азиада-2018: Еркін күрестен алғашқы медаль

1569
0
Бөлісу:

Индонезияның астанасы Джакартада XVIII жазғы Азия ойындары басталды. Жарыстың алғашқы күні еркін күрес балуандары кілемге шықты. Қазақстан құрамасының еншісінде кем дегенде бір медаль бар. Өйткені Данияр Қайсанов турнирдің финалында белдеседі.

Бірінші күні қазақстандық балуандар 4 салмақта жарыс жолына шықты. Атап айтқанда, Жандос Исмайылов (57 кг), Саятбек Оқасов (65 кг), Данияр Қайсанов (74 кг), Әділет Давлумбаев (86 кг) және Бақдәулет Әлментай(97 кг). Исмайылов алғашқы айналымда ауғанстандық қарсыласын таза жеңіспен жеңген еді. Өкінішке қарай, келесі кезеңде ҚХДР балуаны Кумсонг Кангке есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Саятбек Оқасов 1/8 финалдан бастады. Алғашқы кездесуінде кореялық балуаннан айласын асырып, ширек финалда этникалық қазақ, ҚХР-дың атынан жарысқа қатысқан Ерлан Қатайды жеңді. Осылайша жартылай финалға жетіп, бұл кезеңде жапон спортшысы Даичи Такатани отандасымыздан басым түсті. Қарсыласы финалға шыққандықтан, Оқасов жарыстың қоласына таласуға мүмкіндік алды. Үшінші орын үшін күресетін келесі балуанымыз – Әділет Давлумбаев. Ол Тәжікстан атлетімен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ширек финалда ауған спортшысын жеңгенімен, жартылай финалда ливандық балуанға есе жіберді. Бақдәулет Әлментай болса, бірінші айналымда-ақ моңғол қарсыласынан жеңілді.

Қола үшін белдесулерден бөлек, Данияр Қайсанов финалға шыққанын жоғарыда айтқан едік. Бірінші айналымда катарлық спортшыны таза жеңіске қол жеткізіп, жарысты сенімді бастады. Ширек финалда Вьетнам балуанын да 10:0 есебімен жеңді. 1/2 финалда кореялық спортшыдан 4 ұпайға басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалда отандасымыз өзбек спортшысы Бекзод Абдурахмановпен кездеседі. Қарсыласы Бекзод – Азия біріншілігінің, Азия ойындарының жеңімпазы. Айта кетейік, Тбилисиде өткен Гран-при жарысында Қайсанов Абдурахмановтан 10:0 есебімен жеңілген еді. Даниярға қарымта қайтаруға себеп табылды. Финал Астана уақытымен 18:00-ге жоспаранған.

Қазақстандық телеарналардың ешқайсы тікелей көрсетілім таратуға рұқсат алмаған. Жанкүйерлер трансляция көру үшін өзге елдерден тікелей таратылым іздеп әлек.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*