19-тамыз – ТЕҢІЗШІЛЕР ТЕЛНЯШКАСЫ күні

1171
0
Бөлісу:

Теңізшілердің тельняшка аталатын ала жейдесін бүкіл әлем біледі. Әсіресе ТМД елдерінде тельняшканы ерекше сыйлайды. Ұлы Отан соғысы кезінде ала жейделі ержүрек теңізшілер шабуылға шыққанда фашистердің құты қашты, оларды «ала дүлей» немесе қара бушлаттарына қарап «қара тажал» деп атаған. Мұхиттардың таудай толқындарымен алысып, үнемі қауіп-қатердің ортасында жүзетін теңізшілерде қорқыныш сезімі біртіндеп жойылады. Сондықтан болар, теңізшілердің тельняшкасы батылдықтың, көзсіз ерліктің, ажалды алыстататын жауынгерлік символ болып қалыптасты. Оны теңізшілер етіне жақын екенін білдіріп «тельник» (тело – дене) деп атайды. Әскери теңізшілер «гюйс» деп аталатын көк жаға мен тельникті аса қадірлеп, таза ұстайды. Тельняшка теңізшілердің рухын көтерді, ала жейде киіп жауға шапқан теңізші ең алдымен флоттың атына кір келтірмеуді ойлайды. Өйткені теңізшілерді солай тәрбиелейді. Қазіргі кезде тельникті әркім киетін, модаға айналған киім болды. Ала жейденің қадыр-қасиетін білмесе де етегін тізесіне дейін түсіріп, иығын салбыратып бала да, бойжеткен қыздар да киіп алады. Теңізшілердің қара, қаракөк түсті тельниктерінің қазіргі кезде құрлықтағы әскерлер де түсін өзгертіп киіп жүр. Мысалы, көгілдір түсті тельняшканы десантшылар, жасылға түсті шекарашылар, қызылкүреңге бояп ішкі әскерлер, сарғыш қызыл түсті өрт сөндірушілер киетін болды. Бірақ тельниктегі немесе гюйстегі әрбір жолақтың, теңіз тарландары үшін әлем суларындағы қиян-кескі шайқастардан қалған қасиетті белгі екенін, тарихын бұлар біле бермейді.

1874 жылы 19 тамызда император Александр ІІ жарлығымен тельняшка орыс теңізшілерінің міндетті түрде киетін ресми формасын құрайтын бір  бөлігіне айналды. Ресей флотын алғаш І Петр құрғаны белгілі. Бұл саладағы терминдерінің барлығы сол кездегі флоты мықты Голландиядан кірген. Гюйс, тельняшка да солардан келген. Әскери теңізшілер кеудесіне киетін формалық көйлек қазірге дейін «голланка» деп аталады. Ал тельняшканың тарихы тым әріде жатыр. Ең алғаш ақ-қара жолақты жұмыс көйлегін (роба) теңіз қаһарынан, жынынан қорғану үшін француздық Бретания теңізшілері киген. XVII ғасырдың басында бұл ырым бүкіл Еуропаға тараған. 1852 жылдан бастап француздық стандарт бойынша, Наполеонның ірі жеңістерінің санына байланысты тельняшкада 21 жолақ болуы тиіс еді. Ал ағылшындар мен голландықтардың тельняшкаларында адам қабырғасының санына сәйкес 12 жолақ болу керек, деп заңдастырылған.

Тельняшканы теңізшілер формасының бір бөлігі ретінде ресми түрде  енгізген құжатта «жүн мен қағазды тең араластырып тоқылған ала көйлек» деп жазылған. Матаның мұндай құрамы үнемі ыстық-суықта қатар жүретін теңізшілерді терлетпейді және суықта денені қарымайды. Ресей флотының алғашқы тельняшкаларындағы әрбір жолақтың арасы 4,5 сантиметр және ақ түс көк түстен біршама жалпақ болған. Ақ және көк түсті жейде Андреев туының түсін қайталауы керек деп санаған. 1912 жылдан бастап жолақтардың арасы (1 сантиметрлік) біркелкі болып бекітілді. Осы кезден бастап тельник тек таза мақтадан жасалған матадан тігілетін болды. Алғашында тельняшканы шет елдерде дайындатты, кейіннен ғана Санкт-Петербургтегі Керстен фабрикасынан шыға бастады. Қазан төңкерісінен кейін бұл фабрика «Красное знамя» болып аталды.

Бүгінде үстіінен тастамайтын ала жейдені алғашқы кездерде теңізшілер тек алыс жорықтарға шыққанда ғана киетін. Ал жай күндері төменгі шендегілер оны таза ұстап, тек демалыс күндері, мемлекеттік мерекелерде, жағаға шыққанда ғана киетін болған. Жауынгерлік жорық алдында, ірі теңіз шайқасына кіретін кезде жуынып, қырынып, үстіне жаңа тельникті кию салтын теңізшілер қазірге дейін ұстанады. Өздері «теңіз рухы» деп еркелетіп атайтын тельник осылайша теңізшілердің қастерлеп ұстайтын, ажалдан қорғайтын қасиетті киіміне айналды.

Ақ және Қара теңіздердегі, Каспий флотилиясындағы жекелеген алыс шекара корпустарындағы шекарашыларға бірінші рет 1893 жылы тельняшка киюге рұқсат берілді. 1898 жылы оның түсі ресми түрде жасыл болып белгіленді. 1969 жылы 6 маусым күні КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен әуе-десант әскерлеріне көгілдір тельняшка киюге рұқсат берілді. Қазір десантшылар да, ішкі әскерлердің «қоңыр береттері» де тельникті кию құқын алу үшін арнайы сынақтан өтеді. Соңғы кездерде пайда болған ішкі әскерлердің арнайы жасағы күрең берет пен күрең тельняшканы иемденді. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі мен Президенттік полк қою көк (василек гүлі түстес) түсті, ал Төтенше жағдайлар қызметі қызыл сары түсті тельняшканы кию мәртебесіне ие болды.

Бұл әскери қызметтер осы түстерді неге таңдап алды, тельняшканың судан құрлыққа шығуына қандай күштің себеп болды? Оның себебі мынада. Кеңес Одағының әскери қолбасшылығы Азамат соғысы және Ұлы Отан соғысы кездерінде жаужүрек теңізшілерді құрлықтағы жауынгерлік операцияларға жиі пайдаланды. Жаяу әскерлер міндетті түрде жетік білуі тиіс екі нәрсені әскери теңізшілердің білуі шарт емес. Ол не дейсіз ғой, бұл – саппен жүру және мылтықпен көздеп ату. Екеуі де теңізшілер үшін уақытты босқа өткізу болып табылады, өйткені теңізде мылтық ату да, палубада саппен жүрудің де түкке қажеті жоқ. Соған қарамастан, неге екені белгісіз, теңізшілер құрлықтағы әріптестеріне қарағанда жағада да мықтырақ соғысатын болып шықты. Теңіз толқындарының жалында жүріп жаумен алысатын матростар өліммен секунд сайын кездесетін болғандықтан ба, ешқашан тура келген ажалдан тайсалмаған. Егер өздері аз болып, жаудың саны әлдеқайда басым болған күннің өзінде «Біз азбыз, бірақ тельняшкадамыз!» деген ұранмен жауға қаймықпай шаба береді. Сондықтан олардың рухы жоғары болды. Тельняшканың күші де сонда. Мен қызмет еткен корабль капитанының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары ІІІ рангалық капитан Яремчук: «Теңізшілер ешқашан жаудан қайтпаған рухы мықты жауынгерлер, соғыс кезінде батальон солдатқа, жауынгерлік рухтарын көтеріп, ұрысқа бастайтын бір матросты басшылықтан сұрап алатын болған» дегенді жиі айтатын. «Бір теңізші – теңізші, екі теңізші – взвод, үш теңізші – рота» деген сөз де соғыс кездерден қалған болуы керек.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері фашист басқыншылары ешқандай кідіріссіз КСРО жеріне ендіп кіріп кетті. Оларға қоршауда қалған Брест қамалынан басқа жерлерде қарсы шыққан ешкім болған жоқ. 1941 жылдың 25 маусымында Лиепай түбінде алғашқы ұрысқа кіріскен Балтық флотының теңізшілері, осы уақытқа дейін жарты Еуропаны жаулап алған вермахтың әскерлерін тоқтатып, тырқыратып кері қуалады. Бұл Мәскеудегі Бас ставканы бір серпілтіп тастады. Кеңестік теңізшілердің жауынгерлік тапсырманы жеңіспен орындауында олардың сүйікті тельняшкасы басты рөл атқарды. Теңізшілер өздерінің заңы бойынша шабуылға шешініп тастап, тек тельняшкамен шығады. Ала жейде оптикалық көзбайлау жасап, теңізшілердің шағын тобы жаудың көзіне өте көп адам болып көрінген. Теңізшілердің ешқашан қайтпайтын қайсарлығын көрген қолбасшылық «ала дүлей» топтарын майданның ең қиын, ең күрделі жерлеріне жіберетін болған. Осылайша теңізшілердің Ұлы Отан соғысындағы қайтпас қайсарлығы, ержүректілігі әскердің басқа түрлеріне үлгі болып қалыптасты.

Ала жейделер әлемге кеңінен таралған. Тельняшканың текстилдік және эстетикалық қасиетін теңізшілер мен әскерилер ғана емес, әлемдік мода да жоғары бағалап, бүгінге дейін биік сахнадан түсірген емес. Ғаламтордан қарап отырсам, теңізшілердің ала жейдесін Balmaim, Gucci, Givenchy, Jean Paul Gautier сияқты көптеген әлемдік брендтердің коллекцияларынан табуға болады екен. Тельняшканы Пабло Пикассо өте жақсы көріп, үстінен тастамаған көрінеді. 1939 жылы «Тельняшкадағы адам» атты суретін салып тарихта қалдырды. Ал кино жанрында тельняшканың мәртебесін асырған әйгілі актриса Бриджит Бардо болды. Ол тізесіне дейін түсіріп киген тельняшка жеткіншек қыздың мүсінін айшықтап, сол кездегі жастықтың символына айналды. Осы күнгі Голливуд жұлдыздарының ішінде тельняшканы насихаттаушы, әрине, барлық заманның және бүкіл халықтың пираты Джонни Депп. ТМД елдерінде тельняшка көп өндіріледі, тіпті көрші қырғыздар да тігіп, біздің базарларға шығарып жатыр. Әрине оның сапасы нағыз тельниктен көп төмен. Бірақ әскерилер жаппай киетін болғандықтан өтіп сатылып кетеді.

Тельниктің қысқаша тарихы осындай. Оны киген адам осыны білуі тиіс. Алғаш корабльге түскен жас матростан күлкі, әжуа ету үшін «тельняшкада қанша жолақ бар, 12, 25 пе, жоқ 34 пе?» деп жаңылдырады. Кейбіреулері отыра қалып үстіндегі тельниктің жолақтарын санай бастайды. Дұрыс жауабы «екі жолақ – ақ және қара». Осылайша тәжірибелі теңіз тарландары жас матросты теңіз заңына тәрбиелеместен бұрын тельняшканы киген адам өзін қалай ұстау керектігін, оны қалай қастерлеу керектігіне үйретеді. Тельняшканы кию үшін теңізші соған лайық болуы керек, оны «қорлаған» адамға Кеңес үкіметі кезінде кез келген теңізші ескерту жасауға құқы болған. Бүгінде құрлық әскерлерінің алабажақ, камуфляжданған формасын күзетші де, қойшы да, көше сыпырушы да киіп жүр. Оны кез келген базардан сатып алуға болады. «Камуфляж» жұмысқа киюге, жүріс-тұрысқа ыңғайлы шығар, бірақ ол да отан қорғап жүрген әскери қызметкерлердің мәртебесін танытатын, құжаттармен, заңмен белгіленген ресми формасы. Сондықтан әскерилерді ренжітпес үшін камуфляждалған форманы да орнымен, уақытымен киген дұрыс.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*