БАС ҚАЛАДА БІЛІМ АЛУ МҮМКІН БЕ?

962
0
Бөлісу:

Астанаға жұрт күнде көшіп келеді. Статистикаға сенсек, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында елордаға 35370 адам қоныс аударыпты. Олардың 5-6 мыңы жылда мектеп оқушысы ретінде қатарға қосылады. Астана қалалық Білім басқармасының мәліметінше, биыл елорда мектептерінде 155 мың оқушы оқиды. Былтыр 145 мың болған. 1-сыныпқа 18 мыңға жуық бала келеді деп күтілуде. Оған басқа да сыныптарға қосылатын 5-6 мың оқушыны қосыңыз. 2017-2018 оқу жылындағы мектеп бітіруші түлектердің саны 5 мыңдай болғанын ескерсек, жылдағы балаға Білім басқармасы айтқандай, 10 мың  емес, 19 мың бала қосылуы әбден мүмкін. Ендігі сұрақ: осы балалар бас қаланың білім ошақтарына сия ма? Өткен оқу жылын амалдап аяқтаған білім мекемелерінің жай-күйі қалай? Жаңа оқу жылында қанша мектеп бой көтерді? Әңгіме – осы жайында. 

БІЛІМ САЛАСЫ ЖАЙБАСАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Рас, бұл мәселеге, ең алды­мен, Астанаға жыл сайын көшіп келушілердің, демографиялық көрсеткішінің әсері бар. Демо­графиялық өсім демекші, бүгін дүниеге келген сәби – бес-алты жылда 1-сыныптың оқушысы. Бұған ешқандай есептің де керегі жоқ. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда 130 мыңнан астам бала дүниеге келсе, демек, дәл қазір елімізге жедел түрде соларға лайықты мектептер мен балабақшалар керек деген сөз. Сондықтан бұл мәселеден тек салғырттықты ғана көруге болады. Астана бойынша да тура осындай. Әр оқу жылында 15 мың оқушы қатарға қосыла ма, қосылады. Демек, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. 2017-2018 оқу жылында, тіпті жаңа мектеп ашылған да жоқ. Ал биылғы оқу жылында бір мектеп ғана бой көтерді. Мемлекеттік мекеме саналатын 84 білім ошағының қатарын 1200 орындық №85-мектеп толықтырды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің сөзінше, бұған қоса жаңа оқу жылында 3 мектепке қосымша ғимараттар (барлығы 2900 орын) беріледі. Бұлардың барлығын қосқанда 4100 орынның ғана мәселесі шешіліп отыр. Ұмытпасақ, бас­қарма басшысы, алдағы төрт жылда 30 нысанның бой көтерітінін айтып, өткен оқу жылының соңына дейін 6 мек­тептің пайдалануға берілетіні белгілі болған еді. Одан кейін 4 мектептің құрылысы баста­латын болған. Енді осыған қа­рап ертегілер елінде, жағамыз жай­лауға кеткен күйінде жайбарақат жүрміз деп қалай айтпаймыз?! Өте баяу бой көтеріп жатқан білім ошақтары мәселені шешіп отырған жоқ. Жылдағы мәселе қордаланған күйінде қалып тұр.

БІР СЫНЫПТА – 45 ОҚУШЫ

Жыл сайын «Жаңа оқу жылына сақадай саймыз» дейтін Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдымен бас қаланың білімінен бастаса дейміз. Бүгінде қаланың қақ ортасы саналатын, халық ең көп шоғырланған базардың маңы үшін мектеп мәселесі күйіп тұр. Осы маңдағы №4, 7, 16 мектептер толып отыр. Енді бұл ауданда төрт-бес мектеп салынбаса, жыл өткен сайын жағдай ушыға түсуде.
Жалпы, астаналық мектеп­терде 1-сыныпта 45 оқушының отыруы таңсық емес. «Былтыр баламыздың сыныбында 43 оқушы отырды. Кейбір сынып­тарда 45-тен отырады екен. Мектепте артық сынып жоқ. Дәлізге қосымша кластарды плас­тик материалдан жасап қойған. Ондай көп оқушы отырған жер­де, баланың денсаулығы қалай болады? Ата-аналар, бәріміз биыл осы мектепке қосымша ғи­марат салынатын шығар деп ойлап едік. Олай болмай шық­ты. Биыл мектепке, тіпті көп бала кеп жатыр. Сондай біздің балаларымыздың жайын кім ойлайды? Міне, мына тұрған үлкен аумаққа қосымша ғимарат неге салып бермеді әкімдік? Жылда бұлай бола берсе, бала­ларымыз аурушаң болады» дейді баласы №7 мектеп-гимназияға ба­ратын ата-ана Жәудір Оразбаева. Бір бұл ғана емес, астаналық қанашама мектеп биыл да осының күйін кешкелі отыр. №1 мектеп-лицей де 980 оқушыға арналған. Биыл да бұл мектепке 2500-ге жуық бала келеді. Бір сыныпта 42-45 балаға дейін отыратын жағдай бұл білім ошағында да кездеседі. Ал 340 оқушыға арналған №34 орта мектепке 800-ге жуық бала барады. Өткен оқу жылында бұл мектепте бастауыш сыныптар аралық кезеңде, яғни үш ауы­сымда оқыды.
Санай берсек саусағымыз жетпейтін бұл мәселе бүгінде елордалық екі мектептің бірінде бар.

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР АЗАЯ МА?

Бой көтерген мектеп ғи­мараттары, жаңа оқушыларды қамтамасыз етіп үлгеріп жатпа­ғаннан кейін үш ауысымды мек­теп мәселесі де жабулы қазан күйінде қалып отыр. Биыл да бірнеше мектептің бастауыш сыныптарын үш ауысымдық режимде оқыту жалғасын табады.
Кейбір мектептерде 1 сы­нып оқушыларының өзі 1300-ден асып кететіндіктен мектеп басшылығы тек осылай амал етеді. Осындай орын жетіспеушіліктен туындаған үш ауысымға ата-аналар жағы алаңдап, тіпті көбі наразылық шараларын жасайды. Бірақ одан қайран жоқ. Жылдан жылға күрделенбесе, мәселенің іргесі сөгілгені байқалмайды. «Былтыр 1 сынып оқыған балам 2-ақ сағат оқыды. Биыл қалай боларын білмеймін. Білетінім, мектебіміз өте тар. Бір сыныпта 40 бала отыр. Екі сағаттың бір сабағында мұғалім сабақ түсіндіріп, бір сағатында үй тапсырмасын сұрап та үлгермейді. Мұғалімнің бір басында екі сыныбы бар. Әр баламен жеке-жеке айналысуға уақыты да жоқ. Жағдайы бар ата-аналар балаларын қосымша орталықтарға апарып, білімін тереңдетіп жүр. Егер ондай орталықтарға баратын болсақ, онда мектеп не үшін керек?» дейді Асылзат Жолдасова есімді ата-ана.

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ҚАЖЕТ ПЕ?

Мемлекеттік мекемелерге бала сыйдыра алмай жатқан соң, амалсыз жекеменшік білім ошақтары туралы ойлай бастайсың. Мұндай мектептер Астанамызда өте аз. Бір ғана Алматы қаласында 50-ге жуық жекеменшік мектеп тіркелген болса, Астанада дәл қазір 15 қана жекеменшік мектеп бар. Бұл да қаламыз үшін аздық етеді. «Жекеменшік мектептерде білім беру стандарты ҚР Білім министрлігі бекіткен талаппен жүзеге асады. Мемлекеттік мек­тептерден артықшылығы – бұл мектептерде бір сыныпта 30-40 бала отырмайды. 12-15 баладан аспайды. Мұғалімнің әр баланың қарым-қабілетін анықтауға, үй тапсырмасын тексеруге, жаңа өткен тақырыпты түсінген, түсінбегенін білуге мүмкіндігі болады. Бұл бүгінгідей уақыт тапшы заманда ата-ана үшін де қолайлы» дейді педагог-психолог Ерлан Қуантқанұлы.
Бірақ мұның екінші ұшы да болып отыр. Біріншіден, бұл мектептердің бағасы өте қымбат. Оған кез келген орта тұрмыстағы ата-ана баласын бере алмайды. Сондықтан айлық ақысы 100 мыңнан басталатын мұндай білім ошақтарының ауылы қарапайым қала тұрғындары үшін алыс күйінде қалып отыр.
Екіншіден, ақыры мемлекет оқушыларды білім берумен толық қамтып, жағдай жасай алмайтын болса, талапқа сай жекеменшік мектептерді ашу­ға мүмкіндік беру қажет. Жекеменшік балабақшалардың ашылуына көрсетілген қолдау, дәл солай мектептерге де жасалса дейсің. Жартылай мемлекеттің қаржыландыруымен, ата-ана­ға көп салмақ салмайтын, қол­жетімді мектептер ашылса, оған баласын апаратын ата-ананың қарасы көбейер еді. Өйткені олар онсыз да бір сыныпта 40-45 бала отыратын баласының ертеңіне алаңдап, қосымша оқыту орталықтарына тасумен жүр. Дәл осы 20-40 мыңның арасындағы ақшаны алып, балаға сапалы білім беретін білім ошақтары көбейсе, оған деген көзқарас та өзгерген болар еді.


P.S.
Жаңа оқу жылының жаңалығы – осы ғана. Әңгіме оның оқушыларға әсер етер салмағында болып тұр. Бүгінде мектепке бала орналастыру жоғары оқу орнына қабылданудан да қиын. Өз оқушыларын Жаңа оқу жылының жаңалығы – осы ғана. Әңгіме оның оқушыларға әсер етер салмағында болып тұр. Бүгінде мектепке бала орналастыру жоғары оқу орнына қабылданудан да қиын. Өз оқушыларын сыйғыза алмай әуреге түсіп жатқан мұғалімдерді де түсінуге болады.
Бір-ақ күнде бой көтеріп үлгеретін сан-алуан ғимараттары бар Астанада жылына бір ғана мектеп соғылыпты деуге аузың да бармайды екен…


Гүлжан  РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*