Жағдайың қалай, жеңіл атлетика?

957
0
Бөлісу:

Биыл Қазақстан жеңіл атлетикасына – 100 жыл. Аз уақыт емес секілді. Осы жылдар ішінде бұл салада жарқын жеңістермен қатар қордаланып қалған мәселелер де аз емес екенін байқауға болады.

Жанкүйерлер мен мамандар жеңіл атлетиканы «спорт пади­шасы» деп бекер айтпаса керек. Өйткені Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 47 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сон­дықтан осы спорт түрінен ғана қатысып, жалпы командалық есеп­те алғашқы жиырма құрама­ның қатарына еркін кіруге болады. Оған айқын мысалдар жеткілікті. Усейн Болт сияқты даңқты ұшқыр желаяқтарының арқасында Ямай­ка 2016 жылы Рио Олимпиадасында 11 медаль жеңіп алды. Оның ал­тауы – алтын. Кенияда тіпті 13 ме­­даль болды. Спорт державасы са­налатын АҚШ-тың жеңіл атлеттері Бразилиядан 32 медаль еншілеген.

ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ҚАЛАЙ КЕЛДІ? 

Қазақ футболының отаны Семей қаласы деп жазып жүрміз. Сол секілді, қазақ жеңіл атлети­касының отаны да Алашорданың астанасы болған осы қала екен. Ең алғаш бұл ұйымға Алексей Огород­ников жетекшілік еткен. Кейіннен жеңіл атлетика басқа аймақтарда да қарқын алып, жарыстар ұйым­дастырылған. 1928 жылы жеңіл атлетикадан бірінші республи­калық спартакиада өткізіледі. 1956 жылы жерлесіміз Евгений Кадяй­кин КСРО халықтарының спар­такиадасында 3 000 метрге кедер­гілер арқылы жүгіруден күміс ме­даль жеңіп алады. Соның арқа­сында отандастарымыздың ара­сынан бірінші болып, Олимпиада ойындарына қатысады. 1960 жылы Ғұсман Қосанов Рим Олимпиа­дасында қазақ спортшыларының арасында тұңғыш жүлдегер ата­нады. Ол 1960 жылы Рим олимпиа­дасында күміс медальға ие болды. Италия астанасында 4х100 эстафе­талық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л.Бартенев, Ю.Коновалов, Э.Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашық­тықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді. Ғұсман Қосановты айтқан кезде, Әмин Тұяқовты ұмытып кету мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спортшы шебері норма­тивін орындап шықты. Одан кейін, 1970-90 жылдары аралы­ғында елімізде Олимпиада, Әлем чемпионаттарында жүлдегер атан­ған жеңіл атлеттердің саны кө­бейді. Мысалы, қарағандылық Владимир Муравьев КСРО құра­масы сапында 4х100 эстафеталық жарыста 1980 және 1988 жылғы Олимпиада ойындарында топ жарды. Сеулде Муравьевпен бірге Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин қоса жүгіріп, чемпион атанған. Жүлдегерлер қатарында Вениамин Солдатенко (1980, 50 шақырымға спорттық жүріс, күміс), Татьяна Лесовая (1980, диск лақтыру, қола), Григорий Егоров (1988,спорттық жүріс, қола) бар.
Әлем чемпионатында ең бірін­ші топжарған Солтүстік Қазақстан тумасы Вениамин Солдатенко болды. Ол 1976 жылы 50 шақы­рымға спорттық жүрістен алтын медаль жеңіп алды. Тәуелсіздік жылдары қазақ жеңіл атлетика­сының көшін алға сүйреген спорт­шылардың қатарында Ольга Ши­шигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпаковаларды айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтерілсе, Кар­пов қола жүлдеге қол жеткізген. Сондай-ақ егемен ел болғалы Әлем чемпио­натында жүлде сал­ған сырықпен секіруші Григорий Егоров пен Игорь Потаповичтің еңбегін де бас бармақпен бағалауға болады.

ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ СПОРТ

Кеңес Одағы кезінде-ақ қазақ­тың қыз-жігіттері де жеңіл атле­тикадан жоғары жетістікке жете алатынын дәлелдеген спортшылар болды. Олимпиада ойында­рындағы тұңғыш жүлдені боксшы немесе балуан жігітіміз емес, жеңіл атлет Ғұсман Қосанов сыйлағанын жоғарыда жаздық. 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден КСРО-да Әмин Тұя­қовқа қарсылас табылған жоқ. Сондай-ақ Совет Исамбеков, Бекен Күреңкеев секілді қазақ жеңіл атлеттері де болған. Бүгінгі таңда қаракөздерден жеңіл атлетикадан кімдер бар деген сұраққа жауап беріп көрсек. Бі­рінші кезекте 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруші Әйгерім Шыназ­бекованы айтуға болады. Ол осы жылы ақпан айында Иран аста­насы Тегеран қаласында өткен жабық кешендегі Азия чемпио­на­тында қазақ қыздарының ара­сында тұңғыш құрлық чемпионы атанды. Басқа да жетістіктері жетерлік. Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаның ізін басып келе жатқан осы сайыс түрінен құрамадағы №1 спортшы. Мара­фоншы Гүлжанат Жанатбек, Жанна Мамажанова, Ақмарал Мейірманның да нәтижелері қуантарлықтай. Гүлжанат – Азия чемпионатының қола жүлдегері, Рио Олимпиадасына қатысқан. Көптеген халықаралық мара­фондарда жеңіске жеткен. Жеке рекорды – 2:38:36 сағат. Балға лақтырушы Диана Нүсіпбекова ауылда туып өскен қыз. Кішкен­тайынан талай қиындықты көріп өссе де, мойымаған. Диана 2016 жылы 62,50 метрге лақтырып, Қа­зақстан рекордын жаңартты. Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ерлерден Құдайберген Зейнол­лаев, Ғалымжан Жұмабаев, Иман­мәди Құсманов, Әнуар Ерғазы, Думан Ғабдығалиев, ағайынды Аманғостар, Жасұлан Әбелов, Тахиржан Қадырқұлов елшілік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Жеңіл атлетикамен айналысып, жоғары жетістікке жетіп, тіпті Олимпиада ойында­рында топжаруға мүмкіндік өте көп. Әсіресе, ауыл балалары ой­ланса екен дейміз. Мы­салы,Тәжікстанда Дильшод Назаров деген спортшы бар. Ол 2016 жылы Олимпиада ойын­дарында балға лақтырудан чем­пион атанды. Тәжікстан мемле­кетінде бұған дейін тәуелсіздік алған 24 жыл ішінде бірде-бір Олимпиада чемпионы шықпаған. Дильшод – тұңғыш. Ал бізде әлі күнге балға, ядро, диск лақтырып, Олимпиада, Әлем чемпионы атанатын мүмкіндіктің бар екенін білмейтіндер өте көп. Оны, тіпті спорт ретінде қарастырмайтын­дарды да байқадық. Жеңіл атлети­ка деген тек жүгіру мен секіру деп түсінетіндер бар. Әйтпесе, қара күшті қажет ететін балға лақтыру сияқты спорттар біздің жігіттердің оң жамбасына келеді деп ой­лаймыз.

ҚАНДАЙ МHСЕЛЕ БАР?

Жеңіл атлетикадағы ең өзекті мәселе – инфрақұрылым. Мы­салы, елімізде әлі күнге дейін Әлем чемпионатын өткізетін бір­де-бір стадион жоқ. Халықаралық Ғұсман Қосанов Мемориалы мен Қазақстан чемпионатын өткізіп жүрген Алматыдағы Орталық стадион келесі жылы жөндеуге жабылады. Сосын жүгіру жолақ­тары алынып, тек футболға ыңғай­ланып салынады. Сонда жеңіл атлеттер қайда барады? Жақында Ғұсман Қосанов Мемориалында қазақ жеңіл атлетикасының аңызы Әмин Тұяқовпен кездесіп, осы сұрақты қойған едік.
– Ғұсман Қосанов Мемориалы 1991 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Биыл 28-рет ұйымдас­тырылып отыр. Енді келесі жылы қалай болар екен деп қиналып отырмын. Өйткені мына Алматы­дағы Орталық стадион күрделі жөндеуге байланысты жабылады. Сосын тек футболға арналған стадион болады дейді. Сол кезде жеңіл атлеттеріміз не істейді? Мына жүгіру жолағын салдыру үшін кезінде Швециядан мамандар шақыртқанбыз. Себебі, жүгіру жолағын салу үшін алдымен астын жөндеу керек, басқа да жұмыстары бар. Соның бәрін сол шетелдік ма­мандар жасады. Енді оның бәрін бұзады екен. Қазір балалар қайда жаттығу жасайтындарын білмейді. Келешекте халықаралық жарыс­тарды қайда өткіземіз? Мәселе өте көп, – дейді Ә.Тұяқов.
Бапкер мен білікті кадрлардың аздығы да – түйінді мәселе. Өйт­кені жаттықтырушылардың ай­лығы аз. Сол себепті, жастардың көбісі бара бермейді. Бізде неге Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтардан кейін спринтерлер шықпайды деген сұрақты көп қоятындар бар. Соны Әмин аға­ның өзінен сұраға­нымызда «Сприн­терге жүгіруден әлемдік деңгейдегі жарыстарда оза шабатын балалар бізден шығады. Кезінде Ғұсман екеуміз жүгірдік. Владимир Муравьев пен Виталий Савин Олимпиада ойындарында топ жарды. Өзге де мықты қазақ жі­­гіттері болған. Таланттарды ауыл­дан іздеу керек, әлі де кеш емес. Қазіргі кезде ең өзекті мәселе – білікті кадрлардың аздығы. Тума таланттарды дайындап, бәйгеге қосатын бапкер қажет. Бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген бапкер­лердің жастары біразға келді. Көбісі қартайды. Ольга Шиши­гина, Ольга Рыпаковалардың жат­тықтырушылары әлі күнге дейін еңбек етіп жүр. Олардың орнын ба­сатын әзірге ешкім байқал­майды. Бұрын Спорт және туризм академиясы мықты жаттықты­рушыларды дайындап шығаратын. Университеттердің барлығында спорт кафедрасы бар, бірақ ма­мандарына көңілім толмайды» дейді ардагер спортшы.

ҚУАНЫШТЫ ЖАҢАЛЫҚ

Өскемен қаласында жеңіл атлети­кадан стадион жоқ. Бірақ қыста жабық кешенде дайындалу үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ольга Рыпакова атын­дағы манеж бар. Былтыр Астанада өткен Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының кезектен тыс конференциясында сол кездегі президент Әділбек Жақсыбеков Астанада жеңіл атле­тикаға арналған манеж салына бастағанын айтты.
– Астанадағы жаңа жабық ке­шендегі жеңіл атлетика манежін Елбасының жеке тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры салып жатыр. Жоспар бойынша 2019 жылға құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Манеж 7 мың көрерменге арналған. Астана мен Алматыда екі манеж тұрғызып алсақ, кез келген ха­лықаралық жарыстарды өткізе беруге болады, – дейді Әділбек Жақсыбеков. Мұндай манеждер қазір Павлодар, Ақтөбе, Алматы, Ақтау қалаларында да салынатыны жоспарға енгізілген. Кейбірінде құрылыс жұмыстары басталыпта кетті.
Тамыз айында Жакартада Азия ойындары өтеді. Еліміз жеңіл атлеттерден жүлде күтіп отырғаны жасырын емес. Осы уақытқа дейін Қазақстан жеңіл атлеттері жазғы Азия ойындарынан 13 алтын, 12 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған. Биылда Ольга Рыпакова, Михаил Литвин, Виктория Зябкина бас­таған спортшыларға сенім арта­мыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*