Тері бұйымдарын таңбалау аяқталды

473
0
Бөлісу:

Еуразиялық одақ аясында Тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы Келісімді орындау үшін өткен жылы елімізде тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын.

Нәтижесінде, 2017 жылғы 27 қарашадан 2018 жылғы 13 тамызға дейінгі аралықта Қазақстан нарығындағы 236 487 бірлік тері бұйымдары таңбаланды. Яғни, «көлеңкелі» емес, заңды саудада тұрған былғары ішік, бұлғын тондардың нақты саны мәлім болды.

Бұл ретте Таңбалаудың ақпараттық жүйесіне тері бұйымдары нарығының 942 субъектісі тіркелді.

«Таңбалау (маркировка) жүйесін енгізудің басты бір оң әсері сол, тері бұйымдарының нарығы айтарлықтай айқын бола бастады, «көлеңке» азайды, тиісінше, бұл нарыққа қатысты неғұрлым объективті, шынайы көрініс қалыптасты. Таңбалау жүйесін енгізудің тағы бір оң қыры бар: кедендік төлемдер түсімі өсуде, фискалдық тиімділік пайда болды, сонымен қатар, нарық субъектілерінің заңдастырылуы секілді жанама тиімділігі де байқалуда», – дейді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

Құзырлы орган бұдан былай кәсіпкерлердің «белгіленген үлгідегі бақыланатын (сәйкестендіру) белгілері жоқ» тері бұйымдарын сатуға құқығы жоқтығын қатаң ескертеді.

Осыған байланысты, Мемкірістер комитеті сатып алушыларға қайырылып, заңнама нормалары бұзылған және таңбаланбаған тері бұйымдары сатылып жатқан жағдайға кездессе, «1412», немесе «8-800-64-52» нөмірі бойынша сенім телефонына хабарлауды сұрайды.

Ерік Ерденов

Бөлісу:

Пікір жазу


*