Балдай тәтті, мұздай қатты нарық

1863
3
Бөлісу:

Баланы сылтауратып балмұздақ жеу үрдісі әр үйде бар. Өйткені бұл екі ұғымды егіз еткен таптаурын қалыптасқан. Десе де, статистикаға қарасақ, балмұздақсүйер қауымның дені 40-тан асқан ересектер. Бұрын дүкенге барар болсақ, қалған ақшасына балмұздақ алайын деп сұранатынбыз. «Біз бала болғанда» деп айтар әңгіме әркімге табылатын сыңайлы. Мысалы, әкем балмұздақтың небір жаңа түрін татса да, «біздің кезіміздегі кілегейлі балмұздаққа ешқайсысы жетпейді» деп отырады. Расымен, бүгінде ондай табиғи таза өнімнен жасалатын балмұздақтар азайған. Бұл да – мәселе. Бұдан бөлек Қазақстандағы балмұздақ нарығында жаңалық та көп, кемшілік те жоқ емес.

БИЫЛҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Осы жылдың алғашқы жеті айы бойынша есеп берген «Шин-Лайн» компаниясының деректеріне сүйенсек, соңғы үш жылда еліміздегі балмұздақ өндірісі 7,5 пайызға көтеріліп, 33 мың тонна болып отыр. Жыл өткен сайын арттырған. Барлық өнімнің 60 пайызы өзімізден шықса, қалған 40 пайызы шетелден келеді. Демек, нарықтың жартысынан көбі – Қазақстанның үлесінде. Бүгінде елімізде балмұздақ өндірісін жолға қойған 20 компания белгілі. Барлық нарықтың 36 пайыз үлесін иеленіп, көш бастап тұрған – «Шин-Лайн». Жылына өндіріс цехынан 13 000 тонна балмұздақ шығарылады.

2018 жыл балмұздақ шығарушыларға оңай тиген жоқ. Экономикалық ахуалдың мәз емес болғаны, одан қалса, ауа райының түрлі «тосын сыйлары» қосылып бұл нарықтағы жағдайды күрделендірді. Ет-сүт одағының есебі бойынша, алғашқы жартыжылдықта 5,6 мың тонна балмұздақ өндірілсе, былтыр ол кезеңде 7 мың тонна көрсеткіш болған екен. Сауданың қызатын кезі, әлбетте жаз айла­рына түседі. Маусым әлі аяқталмағандықтан, нақты статистикалық деректер белгісіз. Десе де, көпшілігінде өндіріс көлемінің азайғаны байқалады. Бірақ алдыңғықатарлы ком­паниялар бұрынғы биігінен төмендемеген. «Өндіріс көлеміне қатысты айтар болсақ, былтырмен салыстырғанда сәл ғана төмендеу көрсеткішке ие болдық. Оған екі фактор әсер етті. Біріншіден, халықтың төлем жағдайы нашарлады. Екіншіден, жаз салқын болды» дейді «Компания ФудМастер-Айс Крим» ЖШС бас директоры Юрие Жардан. Ал «Агропродукт» компаниясында көрсеткіш былтырғыдан жоғары.
Экономикалық қиындықтарға байла­нысты баға категориясын таңдау өзгеріске ұшыраған. Мәселен, бұрын жоғары сегменттегі бағамен алатындар орта сегментке, ортасы төменгіге жылжыған. Енді сегмент туралы қысқаша айта кетсек. Төменгі дегеніміз – 25-28 теңгелік эскимолар. Бүкіл отбасы болып жеуге арналғандарының ең арзаны – 200 теңге. Юрие Жарданның айтуынша, осыған байланысты биыл аймақтарға арнап арзан түрін шығарған. Яғни, өз бағасы 16 теңге болатын Frigo балмұздағы өндіріске жіберілген. Сондай-ақ осы брендпен балаларға арналған «Елочка» балмұздағының бағасы – 25 теңге.
«ФудМастер-АйсКрим» жаңа өнімдер шығару арқылы бәсекелестерін басып озуға тырысқан. Өйткені өзгелер орта және жоғары сегментке лайықтап шығару арқылы теріс динамика көрсеткен. Бұл компанияның өнімдері – 45-150 теңге аралығындағы арзан эскимолар. Стакандағы түрі – 25-60 теңге, отбасылық балмұздақ 200-400 теңге аралығында сатылады. Бір айта кетерлігі, бұл компания «ФудМастерді» «АйсМастерге» ауыстырып, ребрендинг жасады. Өткен жылы шығыс еуропалық JLC компаниялар тобы америкалық қордан «ФудМастер – АйсКримді» сатып алған еді. Сөйтіп, бұл бренд «ФудМастердің» сүт активтеріне ие Lactalis француз компаниясының иелегіне көшті. Жоғары баға сегментінде эскимолар – 140 теңгеден, отбасылық түрі 500 теңгеден басталады. Көпшілікке танымал импорттық брендтердің ішінде Movenpick, Baskin Robbins, Nestle-ні айтуға болады. Бірақ бұлардың нарықтағы үлесі аса үлкен деуге келмейді.

БАЛМҰЗДАҚ ЖЕУ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ

Аймақтар демекші, қазақстандықтардың балмұздақ жеу мәдениеті де аймағына байланысты әртүрлі. Мәселен, солтүстікте майлы түрін жеуге құмар. Глазурь қосылған пломбирді бұл аймақта қатты жақсы көреді деседі. Оңтүстік тұрғындары жеміс қосылған мұз секілді жеңіл түрлерін жегенді ұнатады екен. Сонымен бірге, салмағы да маңызды рөл атқарады. Солтүстікте десерт ретінде жейтін болса, оңтүстіктегілер шөл басу үшін алады. Тағы бір қызығы, суық аймақтағы тұрғындар балмұздақты қыста жегенді жақсы көреді. Керісінше, жылы жақта тұратындар жазда жейтін ас деп қана қарайды екен. Жалпы алғанда, қазақстандықтарда балмұздаққа деген айтарлықтай «махаббат» байқалмайды. Елімізде жылына бір адам 2,5 келідей ғана балмұздақ жейді. Салыстырайық. Америкада – 17,5 келі, Финляндияда – 14 келі, Италияда 10 келіден сәл төмен екен. Демек, біз бірнеше есе аз жейміз деген сөз. ТМД ішінде Ресейден кейінгі орындамыз. Ресейліктер жылына 2,85 келі балмұздақ жейді.


ҰЛТТЫҚ ӨНДІРУШІ НЕГЕ ЖОҚ?

Қазақстанда ұлттық бірыңғай балмұздақ шығарушы компания жоқ. Неге? Оның бірнеше себебі бар. Ең бірінші себеп – еліміздің шекарасы үлкен, қалалар арасындағы арақашықтық көп. Демек, әр аймақтың өз көшбасшысы бар. Алматы, Алматы облысы мен Жамбыл аймағында отандық өндірушілердің салмағы басым. Солтүстікте импорттың үлесі – 60-70 пайыз. Қазақстанның батысындағы ахуал көпшілікке беймәлім. Өйткені өте шалғай орналасқан. Бұл аумақтарда импорттық және жергілікті ұсақ өндірушілер көбірек.


КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕЗДЕСЕТІН КЕДЕРГІЛЕР

Қалалар арасы шалғай болғаны бұл нарықтың дамуына кері әсер ететіні белгілі. Тағы бір себеп – желі ретейлерлерімен қарым-қатынастың нашар болуы. Олардың қоятын шарттары мен талаптары қиындау дейді кәсіпкерлер. Соның ішінде супермаркеттермен жұмыс істеу оңай емес. Дүкеніне кіргізгеніне ақша алып әрі тауарды залдың соңына қояды екен. Егер жарқырап көзге түсіп тұрсын десеңіз, қосымша тағы ақы төлеуіңіз керек. Одан қала берсе, буклеттеріне басып шығаруды талап етіп, ретробонустар төлеуге мәжбүрлейді. Осылай жалғаса берсе, бұл төлемдерді жасау үшін сапасыз балмұздақ шығаруға тура келеді деп дабыл қағылып жатыр. Англияда мұның соңы дәл осылай аяқталған. Бүгінде әлемдегі ең нашар әрі дәмсіз балмұздақтардың көшін осы ел бастайды. Өндірушілер супермаркет қожайындарының талаптарын орындау үшін бар қаржысын соған жұмсаған. Соның салдарынан шығынды азайту үшін сапасы төмен балмұздақтар шығарады. Отандық өндірушілер әзірге мұндай қадамға бармай отырғандарын айтады. Бірақ ахуал осылай жалғаса берсе, Англияның ізінен еруі әбден мүмкін. Себебі, сапалы компоненттерге көп қаражат керек. Өзіне шығын болатын болса, компания жұмыс істей алмайтыны анық.
Осы жылы ретейлерлер ақша айналымына қатысты қиындықтарға тап болған. «А» категориясына жататын желілік супермаркеттерде сатылым көлемі түсіп кеткен. Өйткені желінің өздерінде де күрделі жағдайлар орын алған. Ірі супермаркеттермен жұмыс істеуге қауқарсыз өндірушілер «В» және «С» категориясындағы дүкендермен жұмыс істейді. Яғни, үй ауласындағы дүкендер мен даладағы дүңгіршектерге орналастырады. Кейбірі жүк көліктерін жабдықтап, арнайы дүңгіршектерде сатады. Кішігірім компанияларға оңай емес: желілік супермаркеттерге көп қаражат кетеді, машина жабдығына да жағдай келе бермейді. Саябақтарда орналастыру да қиын. Иесі келіп, қандай да бір жоғары соманы айтса, төлеуге әлі келмеуі мүмкін.
Тауарды танымал ету – тіптен бөлек әңгіме. Маркетингке кететін шығынды тек ірі компаниялар ғана өтей алады. Бұрын автокөліктерге жарнама орналастырылатын. Бүгінде әр көлікке 15 АЕК (19095 теңге) төлеу керек. Бұл – шағын кәсіпкерлерге қолайсыз.

СУ ТАТИТЫН БАЛМҰЗДАҚ

Контрафакт нарықтың барлық саласында бар. Яғни, түпнұсқаға өте ұқсас етіп жасау арқылы бизнес жасайды. Бағасын сәл төмендетіп, «ұрлықпен» айналысатындар балмұздақ өндірісінде де кездеседі. Кейбірі тіпті үйінің ішінен «зауыт» салып алған екен. Мұндай жағымсыз жағдайлар Қазақстанның оңтүстігінде жиі кездеседі. «Бағасын арзан қылып, біздің тауарға ұқсатып сататындар кедергі келтіреді. Тек әрпін өзгертіп, түсін біздікіндей қылып қояды. Мұндай жағдай көп. Бүгінде азық-түлік бағасы құрамындағы компоненттеріне қарай құрылады. Айталық, Шымкентте көтерме сауда арқылы балмұздақты 8 теңгеге сатып алуға болады. Ондай баға ұсынған соң, әрине тұтынушылар соған қарай тартылады. Әрі біздің имиджді құртады» дейді «Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті Андрей Шин.

ӘЛЕМДЕГІ ЭКСПОРТ ЖАҒДАЙЫ (2017 ЖЫЛ) 

Балмұздақ жеткізуден Франция, Германия және Бельгия көш бастайды. Еуропа елдерінен бөлек, экспортқа шығаруда Американың да өзіндік орны бар. Әсіресе, Мексика және Парсы шығанағының елдері АҚШ балмұздақтарын ірі көлемде алады. Иран болса, көбіне Иракқа экспорттайды.

ЭКСПОРТТАУШЫ ЕЛДЕР МЕН ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ (МЛН ДОЛЛАР)

ӘЛЕМДЕГІ ИМПОРТ ЖАҒДАЙЫ (2017 ЖЫЛ)

Германия, Франция және өзге де Еуропа елдері экспорттаумен қатар, импортқа да баса мән береді. Енді, импорт туралы сөз етейік. Нарықтағы белгілі ойыншылардың ішінде Иракты айтуға болады. Бұл ел Қытай мен араб елдерінен балмұздақ тасымалдайды. Қытай болса, Франциядан алдырады екен.

БІЗ БІЛМЕЙТІН ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін ұнататын балмұздақтың бүгінде сан түрі бар. Дүкен сөрелерінен көріп жүргендерінен бөлек, басқа түрлері де шығарылады екен. Мәселен, саңырауқұлақ, шпинат, томат, көмір, лаванда, бұрыш, ана сүті, жылқы еті, уылдырық, сегізаяқ, авакадо, қияр қосылған түрлері барын білесіз бе? Мұндай балмұздақтар көп көлемде шығарылмайды. Өйткені тұтынушылары аз. Сол секілді бізде де қымыз бен шұбаттан жасалған балмұздақ шығарылып бастаған еді. Ірі компания иелеріне мұны неге трендке айналдырмасқа деген сұрағымызға «Бұл бізге тиімсіз. Оны тек кей адамдар ғана ұнатады. Десе де, бір сериямен аз көлемде шығаруға болады» деп жауап берген болатын. Жалпы алғанда жыл сайын балмұздақ өндірушілер жаңа дәм әзірлеуден жалықпайды. Мысалы, 2018 жылы «Шин-Лайн» 15 жаңа түрін ұсынды. Оның ішінде шығыс халқына ұнайтын дәмдер (мәселен, халва) мен Кеңес кезінде танымал болған нағыз пломбир бар.

Жадыра АҚҚАЙЫР 

Бөлісу:

3 пікір жазылған

Пікір жазу


*