«Ақбауыр» кешеніндегі тағылымды кеш

1368
3
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында Өскемен қаласының психо-нарко диспансерінің мүмкіндігі шектеулі балаларына және олардың ата-аналарына арналып, әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешеніне саяхат жасалды.

Мұндағы мақсат – туған өлке мәде­ние­ті мен тарихын зерттеу, насихаттау, бо­лашақ ұрпаққа патриоттық және ру­хани тәрбие беру. Шара «Алтын-Ай» мү­гедек-әйелдер қоғамдық ұйымы, әлеу­мет­тік қызметкерлер мен ШҚО сәу­лет-этнографиялық және табиғи-ланд­шафты музей-қорының қызмет­кер­лерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
ШҚО Ұлан ауданында орналасқан музей-қорын және оның қарамағындағы ау­мақты күтіп, жөндеу жұмыстарын жа­сауға жергілікті билік органдары, де­меу­шілер мен еріктілер көмектеседі. Тұр­ғын­дар бабаларымыздың көне тарихы мен мәдениетін сақтап, оны мақтан тұта­ды. Сонымен қатар мұнда әр дәуірдің петроглифтері, зираттар, қорғандар және аспан обсерваторияларымен танысуға болады. Бұл кешен – неолит дәуіріне жататын ғаламшарымыздағы ең көне ескерткіштердің бірі. Ең алғаш рет жүйелі зерттеу жұмыстарын осы ауылдың тумасы, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев жүргізген екен. Тауды айнала жүргенде үңгір қабырғасында қызыл күрең охрамен салынған суреттер бар. Олар б.з.б. ІІІ мыңжылдықтың басы­на жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе оның кіре­берісіне қарсы суреттер салынған не­гізгі қабырғасы көп адам табынатын киелі орын болған. Оның алдындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, т.б. рәсімдер өткізілген. Тасқа салынған суреттер алуан түрлі. Суреттердің мазмұны да өте күрделі. Олардың айналасында әртүрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төрт­бұрыш­тар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. Энеолит, қола дәуірлерінде са­лынған бұл суреттер жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өрбуін тілеу мағынасын білдіретіні тарихтан белгілі. Ке­шенге келген балалар қасиетті орын­ның тарихымен танысып, табиғаттың сұлулығына таңданысын жасырмады.
Ұйымдастырушылардың бірі «Алтын-Ай» мүгедек-әйелдер қоғамдық ұйымы­ның төрайымы Магиза Мирвазетдинова мұндай саяхаттардың балалар үшін пайдасы зор екенін тілге тиек етті. «Ба­лалардың саяхаттан тынысы ашылып, көңіл­дері көтерілгенін байқадық. Өлке тарихымен танысып, қызықты сұрақ­тарын қойды, тіпті тілектерін де жеткізді. Саяхатқа барған ата-аналар да ризашы­лық­тарын білдірді. Жасы 18-ден асқан 35 бала мен 12 ата-ана қатысты. Жазғы уа­қыт­ты барынша тиімді жұмсауға тыры­самыз. Кинотеатр, парктер мен этноауыл­дар­ға шығып тұрамыз» деген ол осылайша оларды қоғаммен тілдесіп, байланыс ор­натуына ықпал жасайтындарын алға тарт­ты.
«Ақбауыр» археологиялық ескерт­кішіне балаларды жеткізу үшін демеу­ші­лер қаражаты есебінен көлік ұйым­дас­тырылғанын айта кету керек.

Ақбота ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Бөлісу:

3 пікір жазылған

Пікір жазу


*