ӨРГЕ БАСТАР ӨНЕГЕ

763
0
Бөлісу:

«Адам баласы бір-бірінен ақыл, білім, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық»  дейді Абай. Расында да, әр адамды адам ететін, оны ерекшелейтін де адамгершілігі мен мінезі ғой. 

Өз келешегіне өз қолымен жол салған, ешкімнің желеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен биік жетістіктерге жете алған, ер мінезді, біртуар абыройлы азаматтардың бірегейі – Қаз ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов.
Бақытжан Тұрсынұлын 40 жылдан астам уақыт танимын. Студент кезінен бастап ерекше білімділігі мен ұйым­дастырушылық қасиетімен көзге түсіп, университеттің комсомол комитетін басқарды.
Әрбір істі жандандырып, білім ошағы КазГУ-дың құрылысына, гүлденуіне атсалысып, көптеген жастардың құры­лыс отрядын жұмылдырды. Жастар­ға әріптес те, көшбасшы бола білді.
Ол кезде университетті Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, ғұлама ғалым, академик Өмірбек Жолдасбеков басқаратын.
Өмекеңнің үлкен бір қасиеті – жанына талантты адамдарды, әсіресе талантты жастарды жинайтын. Оларды үлкен мақсатқа, әділдікке, іскерлікке баулитын. Өмекеңнің осындай мектебі­нен өтіп, сүйікті шәкірті, әріптесі, іні досы, ізбасары болды.
Кемел ойлап, кең пішетін кісілік келбеті, жақсылық жасаудан, ізгілік көрсетуден аянбайтын иманға толы ақыл-парасаты талай адамға шапағатын тигізіп келеді. Көзбен шолып қарасам, Бақытжан­ның өмір жолы мен өнегесі кейінгі ұрпаққа өнегелі бағдар екені сөзсіз.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Бақытжан Тұрсынұлын көптеген қиыншы­лықтарға ұшыратты. Универ­си­тет­тің партия басшысы қызметінен қатардағы инженерге дейін төмендетілді. Басқа келген қиындықты тек қана нағыз ер көтереді. Бақытжан өзінің жігерлігі­мен, табандылығымен, қиыншылыққа мойымай, Қазақстанның ғұлама мате­ма­тигі профессор Шалтай Смағұловтың басшылығымен келешектің кілті компьютерлік технологияда болаты­нын бірден түсініп, математика саласын зерттей бастады. Атап айт­қан­да, мұнай-газ саласының жан-жақты талдауының автоматтандыру жүйесін құрды, оны болжауда матема­ти­калық модельдеу тәсілдерін енгізді. Осы ғылыми бағыттағы нәтижелері дүниежүзілік ғалымдар қауымдастығы тарапынан жоғары баға алып, бүкіл әлемге танылды. Ғылымның жаңа саласы компьютер ғылымын (Computer Science) өндіріске қолдану про­бле­маларын шешу саласында жақсы нәтижелерге жетіп, ғылым канди­даты, ғылым докторы дәре­же­лерін алды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы­ның ғылым мен техника саласының мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Шығыс дүниесінде инженерлік істің кең өрістеп, терең сіңісуіне ондай ынта-шынтын салған тұлғалар арғы-бергіде кем де кем.Ұлтымыздың жеткін­шек ұрпақтарын әлемдік бәсекенің аяу­сыз додасына әзірлеп, алдын ала шың­дау шаруасын кешегі тоқырау зама­нының өзінде қолға алған бірінші­лер­дің бірі бол­ған Өмекең еді.
Ол Тәуелсіздік алған жылдары инже­нерлік істің маңыздылығын түсініп, Инженерлік академияны құруға бел буды. Өмекеңнің идеясын қолдаушы да, ұйымдастырушысы да, жүргізушісі де осы Бақытжан болды.
Бақытжан Тұрсынұлы сол академия­ның Бас ғылыми хатшысы болып тағайын­далып, Қазақстандағы инженер­лер шта­бын басқаруды қолға алды. Заманның сұранысына сай Еңбек партиясын құруға атсалысып сол партияның төрағасы болып сайланды.
Тәуелсіздігімізбен тұстас құрылған инженерлік ғылым ордасы 27 жылдан астам еліміздің өркендеуіне, қарыштап дамуына өз үлесін қосып келеді. Көпте­ген техникалық, технологиялық бағдар­ла­малар, жобалар жасауға ұйытқы бола білді. Академик Бақытжанның басқа­руы­­мен іргелі ғылым орталығына айна­лып қана қоймай, қазіргі таңда халық­аралық деңгейде өз орнын айқын­дап, беделін күшейтуде.
Профессор Бақытжан Тұрсынұлы сол Өмірбек Арысланұлының жұмысын абыроймен жалғастырып, ұстазына деген үлкен сүйіспеншілігі мен құрметін әлі күнге дейін көрсетіп келе жатыр. Оған бәріміз куәміз.
Осы жерде Бәкеңнің ерекше адам­гер­шілін, достыққа, ұстазға деген адалдығын айта кетейін.
Желтоқсан көтерілісінен кейін Өмірбек Арысланұлын 70 комиссия тексеріп, тырнақ астынан кір іздеді, көптеген қасында жүрген достары, әріптестері теріс айналды.
Сол уақытта Бақытжан Өмекеңнің басына түскен қиыншылықтарды бірге бөлісіп, ең адал, сенімді әріптесі, қолдау­шысы, досы болып жанынан табылды. Бұл Бәкеңңің ерекше қасиетін көрсетеді. Осы ұстанымын өмір жолында сақтап келе жатыр.
Жыл сайын Өмекеңнің туған күнінде зиратқа барып, құран бағыштап, ұстазымның әріптестері мен шәкірттері­нің басын қосып, сол ұлы азаматтың жарқын бейнесін есімізге түсіріп тұрады. Бұл – кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге.
Үлкен ұйымдастыру қабілетімен танылған Бақытжан Тұрсынұлы 2000 жылдың басында Президент әкімші­лігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы, одан кейін Қазақстан Республикасы Оқу білім министірінің бірінші орынбасары болып істеді. Шындығын айту керек, ол кезде күрделі мәселенің бәрін министр емес, Бақытжан Тұрсын­ұлы шешетін.
Биік білім, әр іске әділеттік, ұлттық намыс, халықтық мүдде, мәдени өре кеңдігі профессор Бақытжан Жұма­ғұ­лов­­­тың бойынан молынан табылады.
Әсіресе, Бақытжан Тұрсынұлының тағы да бір үлкен жұмысы – Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда, «Нұр Отан» партиясы бірінші орынбасары болып, еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдерді Президенті­міз­дің саясатына сай қабылдады және олардың орындалуына атсалысты.
Кейін «Нұр Отан» партиясы атынан Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып істеген еңбектері орасан. Рес­публика­мызда алғаш рет фракцияның жұмы­сын басқару, көппартиялы парла­мент­те жетекші партияның жұмы­сын жандандыру, үлкен дарындылықты, білгірлікті қажет ететін.
Профессор Б.Жұмағұловтың еліміз­дің білім саласын дамытуда да еңбегі орасан зор.
Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің ректоры болған 2008-2010 жылдары университетте түбегейлі өзгерістер жасап, зор жетістіктерге әкелді.
Өмірбек Арысланұлынан кейін 3 факультеттің (химия, физика, механика-математика) ғимараттарын 2 жылда бітірді. Университеттің оқытушылары­ның жағдайын жасап, айлықтарын көтерді. Ұстаздардың еңбегін бағалай біліп, бір айлықтан сыйақы, оқу бастал­ғанда сабаққа дайындық ретінде бір көтерме айлық берді. Оқу орнының басшысы ретінде, еңбек ортасын ынталандыра білді. Оқытушылардың білімін шыңдауға барлық жағдай жасалынды.
Университетте бірінші рет ғылыми мақалалары рейтингтік журналдарға шыққан ғалымдарға 150 мың теңге сыйлығын беріп отырды. Осы жетістік­тердің бәрі университеттің 75 жылдық мерейтойында Президентіміз Н.Ә.Назарбаев­тың қатысуымен ашылу жиынын­да атап өтілді.
Өмірбек Арысланұлынан үйренген әдістерін, әсіресе болашақты болжау, шын ғалымдарды бағалау, жастарға сену, университетті әлемдік дәрежеге көтеруді іске асыра бастады. Шынын айту керек, ол академик Ө.Жолдасбековтен кейінгі уни­верситетті өте қысқа мерзімде жоға­ры дәрежеге жеткізген бірегей ректор еді.
Осындай орасан зор істері бағаланып 2010-2013 жылдары академик Бақытжан Жұмағұлов Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Бұл қызметте түбегейлі өзгерістер енгізді. Көп жылдар бойы бекімей жатқан Ғылым заңының қабылдануына күш салды. Бұл заңның бұрынғыдан үлкен өзгешелігі бар.
«Барлық өнердің музыкаға тартыл­ғаны сияқты, барлық ғылым матема­ти­каға ұмтылады» деп белгілі америкалық философ Джордж Сантаяна айтқандай, Бақытжан Тұрсынұлы математика ғылы­мын халықаралық деңгейге көтеру­ге үлкен үлес қосты.
Оның айғағы – Қазақстан математи­ка­лық қоғамы жұмысының қарқынды жүруіне атсалысты. Қазіргі таңда бұл қоғам Бүкіл дүниежүзілік түркі елдерінің математикалық қоғамының белсенді мүшесіне айналды.
Жастарды назардан тыс қалдырмай, көптеген шәкірті ғылымға тартып, жол көрсетіп, тәрбиеледі.
Академик Бақытжан Тұрсынұлы – барлық математиктердің қамқоршысы. «Математиканың шегі жоқ» демекші, академик Бақытжан Тұрсынұлының да жан-жақты болуы – осы ғылымға деген ерекше сүйіспеншілігі мен ғылымның оған берген әсері. Осындай ер мінезімен, патриоттық сезімімен, қазіргі таңда да Парламент сенатының депутаты қыз­ме­­­тін­де адал еңбек етіп, әр сатыға көтеріл­­ген сайын Елбасының сенімін ақтап жүр.
Бақытжан Тұрсынұлымен заманы­мыз бір болғанына, егемен еліміздің еңсесін көтеріп, іргесін бекіту сияқты тарихи, абыройлы жолда сапарлас болғанымызға қуанамын. Жалғыз мен емес, ол кісіні білетін әріптестер, инже­нер­лер, ғалымдар, әсіресе математиктер қауымдастығы, ұстаздар және оны жақсы танитын жандардың да ниеті солай екеніне толық сенімдімін.

Тынысбек КӘЛМЕНОВ,
Математика және математикалық
модельдеу институтының
бас директоры,
физика-математика
ғылымдарының докторы,
ҰҒА-ның академигі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*