Ірінің ізі қалады

1343
0
Бөлісу:

Қазақтың «Ел үмітін ел ақтар, ер атағын ел сақтар» деген нақыл сөзі марқұм Ыдырыс Қалиевқа арнап айтылған тәрізді. Бұл – оның  еліне, халқына жасаған қызметіне берілген баға. Ыдырыс ағаның есімі  Сыр өңірінің халқына ғана емес,  республика жұртшылығына танымал.  Оның ел басқарудағы шеберлігі, халықпен тілдесудегі шешендігі, адамды танып-білудегі ұстанымы, парасаттылығы, өзгеге өнеге боларлықтай жұмыс стилі, өзінен кейінгілерге көрсеткен тәлім-тәрбиесі, біліктілігі, жанашырлығын ешкім ұмыта қойған жоқ. Ол ар-намысы биік, адамгершілігі мол кіршіксіз таза адам еді.

Өндірістің қай саласында да болсын ысы­лып, жауапты басшылық қызмет атқа­рып, экологиялық аймақтың мұң-мұқта­жын батыл шешіп, артында айшық­тала көрінетін із тастау кім-кімнің де қолынан келе бермейді. Ыдырыс Қалиев осындай биіктен көріне білді.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан да аман қалды. Сыр бойы үшін маңызды оқиғалардың бастамашысы да әрі адал атқарушысы болды. Қалиевтің жастық шағы аштық пен жоқшылыққа, қуғын-сүргін мен соғыс уақытына тап келді. Ол мойымады, өмірде көргені мен түйгені өзін шыңдады, адал еңбек етіп, білім қуды. Ел басқарудың мектебінен өтті.
Ыдырыс Қалиев облыс тізгінін ұстаған тұста Қызылорда плотинасы, Қызылорда целлюза-картон зауыты, шаһарда сәулетті көпқабатты үйлер салынды. Батыс, Ақме­шіт, Мерей, Оңтүстік ықшам­аудан­дары бой көтерді. Мұнай өндірісі дамып, өнім шығара бастады. Тоқылмайтын маталар фабрикасы, силикат кірпіш зауыты, Қызы­лорда конструкциялық-қабырға матер­иалдар комбинаты, Қызыл­орда экспери­менталды жөндеу және «Рис­маш» зауыты, оған қоса ондаған өндіріс­тер мен мелиорация, құрылыс трестері мен бірлес­тіктері, Түгіскен, Қазалы күріш массив­тері инженерлік жүйеге келтіріліп, пайда­ла­нуға берілді. Асқар Тоқмағанбетов атын­дағы мәдениет үйі, Нартай Бекежанов атын­дағы драма театры салынды. Шал­қия кен орны мен Шиелідегі уран өндірісі игеріле бастады. Күріштің жаңа сорттары өмірге әкелді, мол өнім жиналды.
Ыдырыс ерте есейді, еңбекке де ерте араласты. Өзінің туып-өскен жері Қазалы ауданы Ақөзек, Жалаңтөс ауылында өмір соқпағының баспалдағы басталды. Ата-анадан жастайынан жетім қалды. Мектепте де көп оқи алмады. 8-сыныптан соң жұмыс­­шылар даярлайтын оқу орнын (ФЗО) бітірді. Онан кейін Қазалыдағы локо­мотив депосына келді. Паравозда от жағушы болды. 12 сағаттық бір сапарда паравоз отына темір күрекпен 24 тонна көмір лақтырды. Қабырғасы қайысты, бірақ мойыған жоқ. Артынша машинистің көмек­шісі де болды. Оның өмір белесі осылай өрілді.
1943 жылы 17 жасында әскерге алынды. Қан майданға Сыр өңірінен аттанған 320 адаммен бірге жапонға қарсы соғысты. Шека­раны күзетті. Сержант атағын алды, аға радист мамандығын меңгерді. Бұған дейін 1943 жылдың 5-12 шілдесі аралы­ғын­дағы Курск – Орлов түбіндегі кескілес­кен шайқастың бел ортасында болды. Неміс әскерлерінің шегінуі осы жерден басталды. Жапон бағытында Квантун армиясын тас-талқан еткенін жиі әңгімелеп отырушы еді. Бұдан соң да бес жыл бойы ел шекарасында сақшы болды. Ол ауылға 7,5 жылдан соң оралады. Жас жігіт әскерден келген соң, локо­мотив депосында еңбек етті. ҚазМУ-дың экономика факультетінде сырттай оқы­ды.
Білікті маман басқару қызметіне араласып, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, кейін бірінші хатшы болды. 1959 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітіріп келген соң, бес жыл бойы Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшылық қызметі лауазымында істеді. Сол жылдары қаланың бір шетінен орын алған, целлюза-картон комбинаты мен ТЭЦ-6 құрылысында Қалиев Ыдырыс­тың қолтаңбасы қалды. Арал аудан­дық Кеңес атқару комитетінің төрағасы да бола жүріп, мал шаруашылы­ғының өркендеуіне, құрылыс нысандарын салуға үлес қосты.
Еңбегі ескеріліп, қалалық кеңесті бас­қар­ды. Кейін Ы.Қалиев облыстық кеңес атқару комитетінің төрағалығына келді. Облыстың экономикасы мен мәде­ние­тін одан ары көтеру жолында еңбек сіңірді. Қалиевтің «Қызылорда облысын әлеу­мет­тік және экономикалық дамуы туралы» қаулы­сын КСРО Министрлер кеңесіне қабыл­да­туы­ның өзі неге тұрады!? Құмкөл аймағы мәселесін шешуде де шебер­лігін танытқаны елдің есінде. Зейнет­­ке шықты. Бұдан соң қарап отыр­май, облыстық мұра­ғатта қызмет етті. Жалаң­төс баҺадүр атын­дағы қорды басқарды. Отыз үш жыл бойы басшылық қызметте жүріп, тек адал­дық­ты ту етті.
Ыдырыс Қалиевтің еңбегі еленбей қалған жоқ. Мемлекет және қоғам қайрат­кері, соғыс ардагері Ыдырыс Қалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту, Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне мен КСРО-ның депутаттығына сайланды, алты рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комите­ті­нің сьезіне делегат болып қатысты.
– Ыдырыс ағамыз Қанзира анамызбен бас қосты. Екеуі тату-тәтті, мәнді-мағына­лы, өнегелі өмір кешті. Ұл-қыздары мен немере, шөбере, шөпшектерінің қызығын көрді. Бақытты өмір сүрді. Әкеміз ұзақ жыл жауапты қызметте болса да ешкімге қинат жасамай, аумалы-төкпелі заманда сүрін­бей, кеудесін ешкімге бастырмай, арына дақ түсірмеді. Оның ақылдылығы, таза­лығы, қанағатшылдығы – бүгінгі ұрпақ­­­тарына, яғни бізге баға жетпес өнеге. Қайрат­­кер асыл әкеміздің өмірден өткеніне де бір жыл болыпты-ау? Бірақ оның өшпес із қалдырған өнегелі өмірі әркез жанымыз­да, жүрегімізде – дейді балалары мен немерелері.

Еркін ҚАЛДАН,
Қызылорда облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*