«Кәсіпкерлік негіздері» оқушыларды болашақта бай, дәулетті ете ала ма?

1606
0
Бөлісу:

2019 жылдан бастап «Кәсіпкерлік негіздері» пәні еліміздегі жалпы білім беретін орта мектептердің барлығында аптасына екі рет қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын болды.

«Кәсіпкерлік негіздері» – Қазақстандағы орта білім беретін мектептің 10-11 сынып оқушыларына арналған таңдау пәні. Бұл пәнді оқытуға «Атамекен» ҚР ҰКП Бастама көтерді әрі ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап отыр

Оқу бағдарламасы шет елдің үздік тәжірибелерін қолдана отырып жасалған, оқу процесі геймификацияға және Қазақстан жастарына жақын тақырыптардағы кейстік жұмыстарға негізделген. Оқушылар бизнес негіздерін өздері секілді мектеп партасында отырған әрі жақында ғана түлеп ұшқан вайнерлер мен жас кәсіпкерлердің үлгісінде оқиды. Мұның барлығы оқушыларға таза бизнес-процестерді таныстырып, болашақта жеке кәсіп бастауға ынталандыруы тиіс.
«Кәсіпкерлік негіздері» оқушыларды болашақта бай, дәулетті ете ала ма?

Бастамашылар бағдарлама мен оқу материалдарын жасай отырып, барлық оқушыдан кәсіпкер мен бизнесмен дайындауды мақсат етпейді. Басты міндет – өмірлік қиындықтар мен мәселелерді мүмкіндік ретінде қабылдап, алынған білімді өз қызметінің күнделікті саласында пайдалануы үшін оқушылардың кәсіпкерлік тұрғыдан ойлауын дамыту,

10-11 сынып оқушыларына арналған жаңа оқулықты жазу үшін әдіскерлер, мектеп және жоғары оқу орнының оқытушыларынан бөлек, бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер, отандық және халықаралық ұйым өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Олардың қатарында KAZGUU Экономика Жоғары Мектебі, «Достижения молодых», Тіл білімі институты, ALMA University колледжі, «Тұран» университеті, Қаржы академиясы және тағы басқалары бар.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы лингвистикалық зертхана мен Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаменті оқулықтың таза қазақ тілінде құрастырылуын қолға алды. Қазіргі таңда жобаның пилоттық нұсқасы іске қосылды.

Осы мақсат үшін  Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, пәнді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мұғалімдерді дайындауға арналған бағдарлама жасалды. Мұғалімдер тренинг форматында өткізілген 108 сағат ішінде бағдарламамен танысып, оқу бағдарламасы бойынша негізгі білімді игерді.

Алдағы уақытта мұғалімдермен арнайы чат арқылы байланыс орнатылады, онда екі тілде таныстырылымдар жолданып, сабақ беру әдістемесі талқыланады. Оқу басталған соң өңірлердің аймақтық және тілдік ерекшеліктеріне қарай сабақ беру әдістемесі түзетілетін болады.

Бұл осындай бағдарламаларды іске асыруда алғашқы тәжірибе емес. Міне екі жылдан бері «Атамекен» ҚР ҰКП «Бастау» жобасы бойынша бизнес-жаттықтырушыларды оқытып келеді. Жаттықтырушылар кәсіпкерлікте тәжірибесі бар екенін ескере отырып, Атамекеннің міндеті – оқытудың әдістемелік ерекшелігін жеткізу. Ал мектеп мұғалімдері, керісінше, тәжірибелік тұрғыда сабақ беруге машықтанған, бірақ кәсіпкерлік және бизнес нарығымен таныс емес. Сондықтан жаттықтырушылар жалпы курстан бөлек, кәсіпкерлік туралы баяндап, сабақ берудің заманауи әдістемесін түсіндірді.

Оқыту аясында бір тоқсанда оқушылар тәжірибеден өтеді, олар күнделікті сұраныстағы өнімнің таныстырылуы, ілгерілетуі және маркетинг тұрғысынан сараптама жүргізе алады.

«Атамекен» ҚР ҰКП сәтті тәжірибелік жұмыс үшін кәсіпкерлерді қатысуға және өз өнімі туралы ақпаратпен, кейстермен бөлісуге шақырады. Өңірлік деңгейдегі кәсіпкерлер де өз жетістіктері туралы бөлісіп, оқушыларға бизнес-процестері мен әлемді өзгертудегі кәсіпкерліктің әлеуетін таныстыра алады.

Өз кезегінде кәсіпкерлерге дәрістерге дайындалу үшін көмек ретінде дидактикалық материалдар ұсынылады. Оқушылар өңірлердегі өндіріс орындарының ішкі жұмысымен де таныса алады. Бұл шаралардың барлығы жастарды қызықтырып, кәсіпкерліктің ел экономикасын қалыптасуындағы рөлін жеткізіп, болашақта мамандық таңдауға ықпал ету үшін ойластырылған.

Еркін ҚАЛДАН,

(Советбек МАҒЗҰМОВ)

Бөлісу:

Пікір жазу


*