Балаларға қуаныш сыйлады

1016
0
Бөлісу:

Елімізде санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Жылдағы дәстүрдей, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке даярлауға қолдау мақсатында бағытталған «Мектепке жол!» атты игі іс аясында қамқорлық көрсету Атырау өңірінде басталып кетті.

Баланы жастайынан жақсылық пен адамгершілікке тәрбиелеу олардың болашақта озық ойлы, көргенді азамат болып қалыптасуына жол ашады. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі «Мектепке жол» атты республикалық қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Кәсіподақ үйінде өткен шараны облыстық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, қайырымдылық ісіне білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымдары белсене араласып отырғандығына тоқталды.
Атырау аймақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұқанов «Біз бүгінгі Кәсіподақтар үйіндегі осындай шараны өткізіп өзімізді-өзіміз жарнамалап, арзан атақ-абырой жинаудан аулақпыз. Атадан қалған жақсы сөз бар «Бар жақсылық – балаларға!» дегендей, қолымыздан келгенше әркімнің қарекетіне қарай әлеуметтік жағынан қорғалмаған жасөспірімдерге қол ұшын бергеніміз дұрыс. Міне, сіздер залдан байқап отырған боларсыздар, осы акцияны өткізуге Атырау облысының барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, Атырау қаласындағы оқу орындарының өкілдерімен бірге ата-аналар да қатысып отыр. Сондықтан аталған шараға қолдау білдірген баршаңызға ұйым атынан және жеке өз атымнан рақметімді айтқым келеді. Бұл шара мұсылмандардың «Құрбан айт» мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, жасалып жатқан игі шараларымызды бір Алла қолдасын демекпін. Баршаңызға зор денсаулық, өмірде тек қана қуанышты күндерде кездесейік. Бүгінгі жас жеткіншектеріміз сабағын үздік оқып, саналы тәртіпті болып, еліміздің болашағы үшін адал еңбек ететін жастар болып ер жетсін» деп тілегін арнады.
Балаларға қамқорлық көрсетілген шарада, облыстық ұйым атынан 15 жеткіншекке жаңа үлгідегі мектеп костюмі табыс етілді. Шараға кәсіподақтың Құрманғазы, Исатай, Жылыой, Мақат, Индер, Қызылқоға аудандық филиалдары мен Атырау қаласы филиалы да атсалысып, мектеп оқушыларын киіммен, арнайы оқу құралдарымен қамтыды.
Жиында ата-аналар мен балаларды оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңа оқу жылына толық дайындықпен бару оқушылар үшін қуаныш екенін айтқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет №15 Абай атындағы орта мектептің оқушысы Ораз Династың анасына оқу-құралдарын алу үшін 20 мың теңге сый ұсынды.
«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, бұл базарлық алған жас жеткіншектердің қуанып, ата-аналар алғыс айтқан күн болды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*