Жаңа мазмұндағы оқулықта жаңалық бар ма?

2773
4
Бөлісу:

Жаңа оқу жылы басталар алдында оқулық жайы ең көп талқыланатын, өзекті мәселеге айналады. Қазақстанда оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылған білім мазмұнына көшіп жатқаны белгілі. 2016-2017 жылдары 1,2,5 және 7 сынып оқулықтары жаңа мазмұнмен басылып шықса, биылғы оқу жылынан 3, 6 және 8-сынып оқушылары жаңа оқулықпен оқитын болады. Алматыда осы кітаптарды басып шығару, оны аймақтардағы мектептерге жеткізу бойынша атқарылған жұмыстарды таныстыру мақсатында баспасөз-туры ұйымдастырылып, онда мамандар оқулық шығарудағы жаңалықтар, оқушыларды қажетті оқулықпен қамтамасыз етудегі түйкілді мәселелерді талқыға салды.

Биылғы оқу жылының басты жаңа­лығы – жаңадан басылып шыққан оқулықтарда электронды нұс­қа­сының QR-коды орналас­ты­рылуы. Қазан айынан осы код арқылы оқулықтың электронды нұсқасын тегін жүктеп алуға болады. Бұл жүйені енгізу үшін БжҒМ барлық баспаларға оқулықтардың электронды нұсқасын шы­ғаруды міндеттеген. Енді оқулық­тың қағаз немесе планшет арқылы электронды нұсқасын оқу – мектеп әкімшілігі мен ата-ананың өз еркінде. Алайда «Мектеп оқушыларының оқулықты жаппай планшет арқылы оқуы әзірге мүмкін емес» деп тұжы­рым­­дайды БжҒМ «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова: «Біріншіден, барлық оқушының планшет алуға мүмкіндігі жоқ, екіншіден, планшетте көп отыру – бала денсаулығына зиян». Оның үстіне мұндай код тек жаңадан шыққан оқулықтарда ғана бар. «Мектеп» баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиевтің пікірінше, оқулықтардың электронды нұсқа­сының тегін орналасуы әлемдік тәжірибеде жоқ. Шетелде оны тек ақылы түрде жүктеп алуға болады. Баспагердің айтуынша, бұл баспаның пайдасына кереғар, қағаз нарыққа кері әсер етеді.

Мемлекет оқушыларды тегін оқулықпен қамтамыз етуді өз мойнына алған, оған қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. БжҒМ мәліметі бойынша, 2018-2019 оқу жылына республикадағы 3, 6 және 8-сыныптардың 906 417 оқушысы үшін 12 187 466 оқулық сатып алынған. Аймақтардағы атқарушы органдар қай мектепке қанша оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қажет екенін есептеп, тираждауға тап­­сырыс беруі тиіс. Осы орайда Бейбіткүл Сәр­сембекқызының айтуынша, қазіргі кезде мек­теп­терге қажетті оқулықтардың санын анықтау жүйесіне өзгеріс енгізілуде. Осы өзгеріске сәйкес, ірі баспалар сайттарында оқулықтың болжамды бағасын іліп, жыл соңына дейін жергілікті әкімдіктер оқулыққа қажетті қар­жыны бюджетке кіргізетін болады. Яғни, қа­жетті оқулықтың саны ерте анықталып, келер оқу жылына оқулық жетіспеушілігі туындамауы тиіс. Қазақстанда оқулық шығаратын 15 шақты баспа бар. Оқулықтардың 90 пайызы отандық баспаханаларда басылады. Қазіргі таңда 3, 6 және 8-сыныптарға арналған оқулықтар баспа­ханада басылып, буылып-түйіліп дайын тұр. Олардың аймақтарға дер кезінде жетуі – жергілікті әкімдіктер анықтаған тасымалдау­шыларға байланысты.
Жаңа мазмұндағы оқулықтардың сапасы біраз сынға ұшырағаны белгілі. Осындай кемшіліктерді болдырмас үшін 3, 6, 8-сыныптың оқулықтары жалпы саны 14 сараптамадан өтіпті. №159 мектеп-гимназияда 2 баласы оқитын Жұлдыз Балтабекқызының пікірінше, жаңар­тылған білім мазмұны аясында шығарылған оқулықтарда теориялық материалдар азайып, баланың жеке ойлау қабілетін арттыруға көп мән берілген. «Шығармашылық тапсырмалар өте көп, алған білімін тәжірибеде қолдануға мүм­кіндік беріп, баланың потенциалын арттырады. Оқулықтың мазмұны ғана емес, сапасы да артып келеді. Балалар былтыр 5-7 сыныпта оқыған кезде, бағдарламаның басында үйренгенше қиын болды, оқу жылының аяғында оң нәтижесін көрдік. Биыл 6-8 сыныптарға арналған оқулық­тардың мұқабасы да тартымды, салмағы да ескерілген» дейді Жұлдыз Құрманбаева.

ОҚУЛЫҚТЫҢ САЛМАҒЫ ҚАНША БОЛУЫ КЕРЕК? 

Оқулықтар мемлекеттік стандарт негізінде жазылып, пилоттық мектептерде сынақтан өтіп, бүкіл аймақта талқыланған. Қоғамдық бағалау, ғылыми-педагогикалық сараптама мен Респуб­ликалық пәндік комиссияның іріктеуінен өтіп, қолдануға ұсынылатын әдебиеттер тізіміне енген соң ғана, басылымалды жұмыстар жүр­гізіліпті. «Оқулықтардың салмағы ауыр» деп ата-аналар тарапынан көптеген наразылық туындаған еді. Енді жаңа санитарлық-эпидемио­ло­гиялық талаптар бойынша, бастауыш сы­ныпта оқулықтың салмағы 300 грамнан аспауы керек. 5-6 сыныптарда – 400 грамм, 7-9 сынып­тардан – 500 грамм, ал жоғары сыныптарда оқулықтың салмағы 600 грамм болуы тиіс.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,
«Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры:
– Оқулық салмағына қойылатын талаптар арнайы гигиеналық нормативтермен реттеледі. Бірақ та оқушының сөмкесі сонда да ауыр. Өйткені нормативтік ережелерде тек оқулық­тарға талап қойылған, жұмыс дәптері ес­керілмеген. Сондықтан біз «Оқулық» орталығы тарапынан, Денсаулық сақтау министрлігіне өз ұсынысымызды білдірдік. Бұл ұсыныста біз сөмкенің нақты салмағын анықтауды сұрадық. Яғни, кітап-дәптер жиынтығының салмағы 1-3 сыныптарда – 1,5-2 келі, 4-5 сыныптарда – 2-2,5 келі, 6-7 сыныптарда –3-3,5 келі, ал жоғары сыныптарда 4,5 келі болуы керек. Сөмкенің салмағын қоспағанда, бала күнделікті мектепке апаратын кітап-дәптерінің салмағы осы шамадан аспауы тиіс. Бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі қолдады, бұл бұйрық бекісе, соған сәйкес, ереженің орын­далуын талап ететін боламыз. Сондай-ақ жұмыс дәптерінің салмағына қатысты норматив бекітуді сұрап отырмыз. Жұмыс дәптерінің салмағы оқулық салмағының 30 пайызынан аспауы керек. Оқулық форматына келетін бол­сақ, баспалармен ақылдаса келе, мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес, барлық оқулық шығаратын баспалар бір форматты ұстанатын болып келістік. Биыл жаңа мазмұндағы бағ­дарламаға көшетін 3-6-8 сыныптардың оқулықтары жаңа оқу жылына дайын болуы үшін, ең бірінші, 2017 жылдың қараша айында осы үш сынып оқулықтарының 160 авторымен бүкіл елді аралап, мыңдаған мұғалімдермен кездестік. Авторлар өз оқулықтарының концеп­циясын түсіндіріп, оны пайдалану бойынша әдістемелік ұсыныстарын айтты. Мұғалімдер тарапынан айтылған сын-ескертпелердің барлығы ескеріліп, пилоттық мектептерде апробациядан өтті. Жыл бойы «Оқулық» ор­талығының сайтында жарыққа шығатын оқулықтардың макеттері ілініп тұрады. Былтыр 3-6-8 сыныптарға арналаған оқулықтардың үлгісі тұрды, енді келесі жылы жаңартылған маз­­мұнмен шығатын 4,9,10-сынып оқулық­тарының үлгісі ілінген. Яғни, 2019 жылдың наурыз айына дейін осы оқулықтарға қатысты ұсыныстарды қабылдаймыз. Мәселен, өткен жылы 3,6,8-сынып оқулықтары бойынша 4000-нан аса ұсыныс келіп түсті. Республикалық комиссияда қаралған 256 оқулық биыл оқу жылында пайдалануға ұсынылып отыр. Айта кету керек, бастауыш сыныптарда бір пәннен тек 1 оқулық пайдаланылады. Ал орта және жоғары сыныптарда баламалы оқулықтар бар. Яғни, әр пәннен 1-3 оқулық болуы мүмкін. Мектептің таңдауы бойынша, қай оқулықты таңдаса, сонымен оқи береді. Оқулықтардың барлығы бір стандартқа сәйкес жасалған, сондықтан оларды ауыстыра беруге болады. Дегенмен 2020 жылы – орта сыныпта, 2022 жылы жоғары сыныптардың кейбір пәндері бойынша базалық оқулықтар енгізіледі.


ОҚУЛЫҚ УАҚТЫЛЫ ЖЕТПЕСЕ КІМ КІНӘЛІ?

«Білім беру туралы» заңға сәйкес, Білім және ғылым министрлігі оқулықтардың аймақтарға жаңа оқу жылы басталғанша жетуіне жергілікті атқарушы органдар жауапты дейді. Заң бойынша, оқулықты тасымалдауға мем­лекеттік тендер жарияланады. Ал оны ең тө­менгі баға ұсынғандар жеңеді де, ол өз кезегінде тасымалдаудың сапасына кері әсер етеді.
– Жақында маған «Сіздерге осындай тасымалдаушы келді ме?» деп бір облыстан хабарласты. Ол тендерді ұтып, ақшаны алған да, жоқ болып кеткен. Алматыдағы бірде-бір баспаға келмеген. Енді сол алаяқты іздестіріп жатыр. Одан бөлек, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік тендерге қатысады, бірақ өзінде бірде-бір көлігі жоқ тасымалдаушылар да кездеседі. Олар бағаны түсіру, демпинг арқылы тендерді ұтады. Біраздан бері тасымалдау­шыларға қойылатын кәсіби талаптарды бекіту керек деп айтып келеміз. Кім көрінген бұл іспен айналыспауы керек. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас», жылдан-жылға бір жағдай қайталанып отыр», – дейді «Мектеп баспасы» ЖШС директоры Ерлан Сатыбалдиев.

КОНТРАФАКТ ОҚУЛЫҚ – БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА ТӨНГЕН ҚАУІП

Гаухар САЙМАСАЕВА,
«Алматыкітап баспасы» ЖШС президенті:
– Бүгінгі күні оқулық контрафакті үлкен мәселеге айналып барады. Өзіміздің аймақтық өкілдерімізбен хабарласқанымда, Павлодар, Екібастұз қалаларындағы базарларда кон­трафактілі оқулықтар толып тұрғанын айтады. Яғни, оқулықтар баспадан енді шығып, ай­мақтарға енді жіберілгелі жатыр, ал базарда контрафакт толып тұр. Баспалардың бұл мәселемен жеке күресуге шамасы жетпейді. Кортрафактінің саны жылдан-жылға артып келеді. Біріншіден, бұл – көлеңкелі бизнес. Екіншіден, біздің авторлық құқығымыз бұзылып отыр. Бұл жерде мемлекет те үлкен шығынға батады. Ол – төленбеген салық, берілмеген қаламақы. Ең бастысы – контрафакт бала денсаулығы үшін өте қауіпті. Өйткені сапасыз қағаз, қауіпті бояу қолданылады. Ресей ғалымдарының дерегі бойынша, арзан типогра­фиялық бояу өте улы екен. Контрафактілік оқулық мұқабасынан қорғасын, фенол, фор­мальдегид сынды улы заттар табылған. Арзан қағазға басылған қаріптердің бұлыңғыр болатын анық. Контрафактілік өнім көбіне ауыр болып келеді. Егер баспадан шыққан оқулықтың салмағы 350 грамнан аспаса, базардағылардың салмағы 400-500 грамға жетіп қалады. Айналып келіп, сөз баспаларға тиеді. Бұл мәселемен барлық баспа бетпе-бет келіп отыр. Бұдан шығатын жол – бірлесе отырып контрафактімен күресу. Ата-аналар, мектеппен бірлесе отырып, бұндай оқулықтарды алмауға шақырамыз, өйткені бала денсаулығына өте зиян. Оған қоса, контрафакт қылмысын алдын алу үшін заңна­маны қатайту керек. Олардың көпшілігі Ал­ма­тыда басылып шығады. Біздің мәлімет бойынша, бұл өте үлкен жүйе, қазір құқыққорғау орындары осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, ба­зар­дағы оқулықтың бағасы арзандау. Деген­мен ақша үнемдеймін деп жүріп, ата-ана өз бала­сының денсаулығына қауіп төндірмеуі керек.

ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАРДА ЖАҢА СӨЗДЕР КӨП 

Рақымғали АБРАРҰЛЫ,
«Атамұра» корпорациясының президенті:
– 1998 жылдан елімізде жаңа буын оқу­лықтар жарық көріп келеді. Биыл жарық көретін оқулықтардың ерекшелігі – оларға QR-код енгізіп жатырмыз. Код арқылы оқулықты смартфон, планшет арқылы оқуға болатын мүмкіндік жасалып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша, апроба­циядан және бірнеше мәрте сараптамадан өтті. Одан кейін авторлық құраммен аймақтарды араладық. Үшіншіден, бұл оқулықтарда көп­теген жаңадан енгізілген, өзгерген сөздер бар. Бұл сөздерді қате деп түсініп, көптеген хаттар келіп жатады. Мәселен, «машина» – «мәшине», «шекара» – «шегара», «станция» – «стансы», «алма ағашы» – «алмаағаш» болып жазылады. Айта берсек, мысал көп. Бұл – 2013 жылы шыққан орфографиялық сөздікте бекітілген сөздер. Біз соны басшылыққа алдық. Осы тұрғыда түсініспеушілік болмас үшін, барлық баспалар оқулықтарды А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтында лингвистикалық сараптамадан өткіздік. Биыл 5-7 сыныптарда жаңадан енгізілетін «Өлкетану» пәнінің рухани салада өзіндік орны бар, әр өңірдің әдебиетін, тарихын, географиясын, сөз өңірден шыққан ұлы тұрғаларын қамтиды.


ТӨРТ ТІЛДІК ДАҒДЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Руслан ҚАРАТАБАНОВ,
оқулық авторы:
– Жаңа мазмұндағы оқулықтардың ерекшелігі неде?
– Жаңартылған білім мазмұны бірнеше ерекшеліктерімен сипатталады. Біріншіден, бұрын пәнді тақырып бойынша өтсек, ендігі жерде оқушыларды оқу мақсаттары арқылы оқытамыз. Әр тақырыпқа қатысты бір оқу мақсаты белгіленеді, сол оқу мақсаты тақырып мазмұнының тереңдігін білдіреді. Екіншіден, бүкіл бағдарлама спираль тәрізді. І тоқсанда басталған тақырып, ІІ-ІІІ тоқсандарда күрделеніп, күшейе түседі. Бір тақырыпты үздіксіз оқытамыз. Үшіншіден, тақырыпты іс-әрекет арқылы түсіндіреміз. Бұрын біздің іс-әрекетіміз өте шектеулі еді. Оқушылар мұғалімді тыңдап, кітаптан оқып, соны қайталап келетін. Қазір кез-келген білімді игеру үшін бала өз бетімен ізденуі керек, мұғалімнің көмегімен оқулықта берілген ақпаратты әртүрлі формаларға салып, қайтадан аудитория алдында қорғай алуы тиіс. Презентация жасай ма, ауызша баяндап бере ме, білімнің басым бөлігін оқушы өзі игерсе, миында қалады да, бірте-бірте күрделеніп, дамытатын, басқа бір формаға түсіретін тиімді тәсіл. Содан кейін, кез келген пән, тілдік пән болмаса да, «айтылым, жазылым, тыңдалым, сөйлем» сынды төрт тілдік дағдыны дамытуға күш салады. Мәселен, география пәнін оқытқан кезде де, біздің тапсырмаларымыз осы төрт тілдік дағдыны қамтып отыруы тиіс. Бала өз ойын ауызша да, жазбаша да еркін жекізіп үйренеді. Басқаларды тыңдап күрделі мәтіндерді түсіне білуі керек. Әр пән басқа пәндерді қолдап отырады. Мәселен, химияда географияның тақырыптары жүреді, тіл мен география арасында байланыс зор.
– Пәндік байланыс не үшін керек?
– Дүние біреу ғана, бірақ пән-пәнге жұлмалап, бөлек оқытқаннан кейін, бала оны қабылдай алмай отыр. Сондықтан пәндер арасында байланыс болса, оқушының тақырыпты түсінуі, игеруі де жеңілдейді. Пәнді оқушы басқа оқушылармен тығыз қарым-қатынаста игеруі тиіс. Сонда, біріншіден, баланың пәнді қабылдауы психологиялық тұрғыда оңайға түссе, екіншіден баланың қарым-қатынас дағдылары дамиды. Сонымен қатар бала топта жұмыс істеуді үйренеді. Тағы бір ерекшелік, пәнді цифрлы технологиялармен үйлестіріп оқытамыз. Кез келген салада бала компьютерді жетік меңгеріп, оны оқу-танымдық мүддесі үшін пайдалана алуы тиіс.
– Жаңартылған білім мазмұнын оқытатын мұғалімдерге қандай талаптар қойылады?
– Біріншіден, мұғалімнің мамандығы жағынан академиялық білімі болса, екінші жағынан оқушылардың оқу-танымдық әрекетін ұйымдастыра білуі шарт. Топтық жұмыс кезінде оқушылар топ-топқа бөлініп, бірнеше күрделі мәселені қарастырады, соны мұғалім жинақтай алуы керек. Осы тәсілдерді пайдалана отырып сабақ беру тәжірибесі енді-енді қалыптасып келеді. Игеріп алған кезде, ол көп уақытты алмайды. Қазіргі жағдайда білімнің басым бөлігін оқушылар өздері игеруі керек деп жатамыз, бірақ мұғалімнің жинақтаушы рөлін, оқушылардың берген жауаптарын теориямен көмкеріп отыруын ешкім жоққа шығарған жоқ. Оқушылар жауапты жалпақ тілмен береді, ал мұғалім соны академиялық тілге салып, жетелеп, теориялық тұрғыда қолдау көрсетіп отырады. Біздің мұғалімдердің теориялық білімі жақсы, алдағы 2-3 жылда жаңа әдістемені игеріп кетеді деген ойдамын.
«Пән» дегеніміз – ғылымның оқушыларға арналған қысқаша мазмұнын айтып беру әрекеті. «Оқулық» орталығының ресми талабы бойынша, авторлықта міндетті түрде бір ғалым болуы тиіс. Екінші, баланың жас ерекшелігіне байланысты педагогикалық әдіс-тәсілді жетік білетін әдіскер-маман, үшінші, ғалым мен әдіскердің ұсынған тапсырмаларын оқушы мүмкіндіктеріне қаншалықты икемді екенін қадағалап отыратын практик-мұғалім болады. Авторларға дұрыс, бұрмаланбаған академиялық білім, педагогикалық әдіс-тәсіл, балалардың психологиясын білу талаптары қойылады.


Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. link 8 Қаңтар, 2019 at 21:28 Жауап

    262506 953629The next time I learn a weblog, I hope that it doesnt disappoint me as a lot as this 1. I mean, I do know it was my choice to read, nonetheless I truly thought youd have something attention-grabbing to say. All I hear is actually a bunch of whining about something that you could fix for those that werent too busy in search of attention. 676494

  2. Pharamacokinetics 22 Қаңтар, 2019 at 19:16 Жауап

    797479 510142An fascinating dialogue is value comment. I feel that its greatest to write extra on this matter, it may possibly not be a taboo subject however typically men and women are not enough to speak on such topics. To the next. Cheers 32312

Inhibitor assessment in Caco-2 үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау


*