Құнды қағаздар – халықаралық тауар

1449
0
Бөлісу:

Қазақстан өзінің бағалы қағаздарын немістің және Еуропаның халықаралық клирингтік жүйелері арқылы сатуға кірісті. Бұл елімізге не береді?

Ұлттық банк дерегінше, қазіргі кезде шетелдік инвесторлар қазақ елінің 444 миллиард теңге немесе 1,3 миллиард доллар сомасындағы құнды қағаздарына ие. Бұл қаржылық реттеушінің ай­налымдағы барлық қысқамерзімді ноталарының тек 10,2 пайызын құрайды. Енді бұл сан еселеп артуға тиіс.
Өйткені Ұлттық банктің мәлімдеуінше, Қазақстанның құнды қағаздарын Clearstream халықаралық есеп айырысу жүйесінде есептелетін бағалы қағаздар тізіміне қосу жобасы табысты іске қосылып отыр. Қазақстан мен Clearstream Banking S.A.Luxembourg-тың бірлескен бұл жобасы ел тарихындағы осындай тұңғыш қадам, алғашқы қарлығаш саналады.
Бұл ретте аталған компания – штаб-пәтері Люксембургте орналасқан, Deutsche Börse Group тобына кіретін құнды қағаздардың халықаралық орталық депозитарийі болып табылатынын айта кеткен жөн. Яғни, қойма сияқты әлемнің әр елінің бағалы қағаздарын сақтайды, олар бойынша мәмілелер үшін есепте­сулерді іске асырады. Ол әлемдегі өзі сияқ­ты халықаралық депозитарийлер арасында алғаш болып, Қазақстанға пост-сауда сервисін жеткізді және біздің ұлттық валютада төрткүл дүниенің әр атыра­бындағы инвесторлар үшін қолжетімділік арнасын ашты.
Бұл ретте үлкен дайындық жұмыстары жүргізілген екен. Атап айтқанда, қазақ­стандық нарықпен байланыс арнасын жолға қою бойынша іс-шаралар жүзеге асырылған. Clearstream тең-директоры Филип Браунның түсіндіруінше, осының арқасында енді қазақстандық заңнама аясында және теңгемен шығарылған барлық мемлекеттік құнды қағаздар бойынша есептерді халықаралық Clearstream есептеу жүйесі арқылы жүргізуге мүмкіндік берілуде. Бұл шетелдік инвес­торлардың Қазақстан қор нарығына қолжетімділігін арттырады.
Айта кету керек, бұған дейін бүкіл әлемге өз бағалы қағаздарын ұлттық валютада сату мүмкіндігіне посткеңестік кеңістікте екі ел ие болған екен. Филип Браун осылайша, қазақстандық капитал нарығы да интернационалдандыруды бастан кешіп жатқанын айтады.
– Біз осы жолда қазақтармен ынты­мақтастық жасауға қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық біздің ТМД елдерінде және Орталық Азия өңірінде жүргізіп отырған жалпы стратегиямызға сәйкес келеді. Кейінгі 20 жылдан астам уақыт бойы Clearstream өңірдегі дамушы нарықтар үшін халықаралық инвестор­ларға деген қолжетімділікті ашты. Бұл оңай шаруа емес. Ол үшін дамушы нарықтың инвестициялық тартым­дылығын арттыру, тәуекел деңгейі төмен болатын тиімді пост-сауда инфра­құрылымын қамтамасыз ету қажет. Дәл осы стратегия сіздерге дейін Армения мен Грузияда өзінің табыстылығын дәлелдеп үлгерді. Біз Қазақстанның капитал нарығы үшін де сондай артықшылық­тарды қамтамасыз ете аларымызға сенімдіміз, – дейді Clearstream тең-директоры.
Есеп айырысулары Clearstream жүйе­сінде жүргізілетін құнды қағаздар құрамына ену шетелдік инвесторлар тарапынан қазақстандық мемлекеттік облигацияларға сұранысты ұлғайтуға, олардың өтімділігін және сыртқы нарықтағы тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақы­шевтың айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есептерді Clearstream арқылы жүргізу біріншіден, ұзақмерзімді қарыздық қаржылар алу көздерін ке­ңейтуге, екіншіден, мемлекет үшін сол қарыздар құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, кірісті қалып­тастыруға септеседі, төртіншіден, қазақстандық құнды қағаздар нарығын одан әрі дамытуға серпін бермек.
– Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуларды Clearstream жүйесі арқылы теңгемен жүргізу – Қазақстан нарығының әлемдік қаржы жүйесіне терең кірігуі-интеграциялануы жолындағы маңызды қадам болып отыр. Бұл шетелдік инвесторларға Қазақ­стан­да жаңа мүмкіндіктер ұсынады және отан­дық нарықтың жаһандық инвесторлар үшін ашықтығын айтарлықтай арттырады. Бұған қаржы ағындарының мобильділігін, яғни қозғалмалылығын жақсарту есебінен қол жеткізіледі, – дейді Данияр Ақышев.
Жалпы еліміз тек Clearstream-мен ғана шектелмейді, онымен бір мезгілде Euroclear халықаралық клирингтік ұйымымен де жұмыс жасай бастады. Reuters агенттігі сарапшыларының байламынша, осы екі жүйе арқасында Қазақстанға қарай шетелдік қаржылар ағынының артуы сайып келгенде, теңгеге қосымша қолдау көрсетуге тиіс. Өйткені Clearstream мен Euroclear арқылы дүниежүзіндегі қалталы адамдар қазақстандық облигациялар мен ноталарды теңгемен сатып алатын бола­ды. Сөйтіп, шетелде теңгеге деген сұраныс артады.
Бірқатар қазақстандық сарапшылар Clearstream мен Euroclear-дың Қазақ­станға келуін және бүкіл әлем бойынша теңгемен есеп айырысуға жол ашылуын үлкен шабытпен қарсы алды.
– Енді Қазақстанның барлық құнды қағаздары халықаралық тауарға айналды. Яғни, әлемдегі кез келген брокер кез келген клиенті үшін отандық KASE-де (немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында) листингте тұрған компанияның облигацияларын лезде сата немесе сатып ала алады. Бұл деген тамаша! Енді елімізге қосымша үлкен инвести­циялар ағындайды. Ал бұл бүкіл эконо­микаға жағымды әсер етеді. Халықаралық инвесторларды equity санатындағы біздің корпоративтік құнды қағаздар, халық тілімен айтсақ, компа­ниялар акциялары мен оларға қатысу үлесі бойынша құжаттар қызықтырмайды. Олардың қызық­тыратыны – біздің қарыздар және соларға қатысты құнды қағаздар. Мем­лекет олар бойынша жақсы проценттік сыйақылар төлейді және еліміздің бедел-репутациясы да жақсы: санкция атау­лыдан аманбыз, – дейді отандық экономист Алмас Чукин.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның қарыздық құнды қағаздарына инвес­тициялар түрінде ауқымды көлемде қаржы келе бастайды.
Ресей Орталық банкі төрағасының бірінші орынбасары Сергей Швецов Euroclear мен Clearstream жүйелерінен тағы қандай пайда барлығын түсіндірді. Оның байламынша, бұл сонымен қатар мем­лекеттік активтерді жекешелендіру үшін қажет.
– Егер бұл аталған халықаралық есеп­тік депозитарийлерді жергілікті акция­лармен тікелей жұмыс істеуге жіберсе­ңіздер, бұл жекешелендіруді бастан өткергелі отырған барлық ком­панияларға септеседі. Олар халықаралық биржаларға шықпай, шығындалмай, жекешелендіруді тек қана жергілікті қағаздарды орналас­тыру түрінде өткізе алады, – дейді кезінде Мәскеу биржасы директорлар кеңесінің төрағасы болған Сергей Швецов.
Ол шетелдік брокерлердің Euroclear және Clearstream арқылы қазақстандық эми­тенттердің (құнды қағаз шығару­шылар­дың) бағалы қағаздарын өздері үшін үйреншікті тәсілмен сатып алуға мүмкін­дік алатынын атап өтті.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*