Туризмді дамыту – әр отбасынан басталса…

819
0
Бөлісу:

Велосипедпен еліміздің туын көтеріп, 28 784 шақырым жерді жүріп, 22 ел мен 4 құрлықты аралаған алғашқы қазақстандық жиһанкез Мағжан Сағымбаевты білмейтін жан кемде-кем. Отандық туризмді дамыту жолында еңбек етіп жүрген ол белсенді туризм отбасынан басталу керек деген пікірде. Себебі, жастайынан табиғатпен сырласып өскен баланың денсаулығы ғана емес, рухы да мықты болатынына сенімді. Өткен жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған кейіпкеріміздің алға қойған мақсаттары да айқын. Саяхаттау, жиһанкездіктің қыр-сыры жайында әңгімелесудің сәті түсті.

– Саяхаттауға деген құмарлық бала күніңізден басталған екен. Алғашқы саяхатыңыз есіңізде ме?
– Менің саяхатқа деген қызы­ғу­шы­лығыма анам себепкер болды. Бі­луімше, ең алғашқы саяхатым 3 жа­сымда болған екен. Анам мені Қара теңізге алып барып­ты. Кейіннен Ыстықкөлге үш рет жаяу барып, жаяу қайтқанбыз. Сондай-ақ біздің үйге көптеген шетелдік азаматтар келіп, тегін тұратын. Олардың аузынан көп­­теген аңыз-әңгімелер тыңдап, сая­хат­қа деген қызығушылығым еселене түсті.
Туризм саласында біраз жыл еңбек еттім. Шетелдік қонақтарға Алматы облы­сының әсем жерлерін таныстырып, гид болдым. Әрине, бұл қызмет саяхат туралы идеяға сөзсіз ықпал етті. Қазақ география­лық қоғамы көмегінің арқасында саяхат­тарға шыға бастадым. 2013 жылы автокө­лікпен 8 елді (Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Армения, Түркия, Украина, Молдова) араладым. Алайда бұлай әр елдің, жердің мәде­ниетімен, салт-дәстүрімен, халқымен таныса алмайтынымды ұғын­дым. Содан велосипедпен саяхаттайтын болып шештім. Көп елдердің Қазақстанды білмейтіні қынжылтады. Өзімді елімнің елшісі сезіндім. Әр барған жерімде көк туымызды желбіретіп, мемлекетімізді айтып жүремін. Өзіммен бірге еліміздің көрікті жерлері мен тарихын қамтитын альбомдарды көрсетіп, таныстырдым.
Ең алғаш велосипедпен саяхаттауды бастағанымда 2000-ға жуық адам әлеуметтік желідегі парақшама менен қанаттанып, велосипедпен барған сая­хаттары туралы жазды. Бұдан адамдардың мені үлгі тұтатынын ұқтым. Содан университеттерде жастармен кездесулер өткіздім. Кез келген саяхат – жаңа білім, қайталанбас әсер сыйлайды. Өз көзіммен көргенімді, алған әсеріммен бөлісе отыра, саяхат жасаудың пайдасы жайында айттым. Қоғамда қа­лып­тасқан қасаң пікірлерді бұзу, жас­тардың жаңа жолға бетбұрыс жасауына да әсер ете алаты­нымды түсіндім. Салауатты өмір салтын насихаттау да осылай баста­лады.
– Сіздіңше отандық туризмді дамыту неден басталу керек?
– Қазақстан – әсем табиғатымен, бай тарихымен кез келген туристі өзіне баурап алатын ел. Алайда бар қазынамызды дәріптеп, көрсете алмай отырғанымыз – үлкен сын. Ең әуелі, туризмді дамытуға деген құзырлы органдардың ниеті болуы керек. Екіншіден, инфрақұрылым ше­шіл­мей, нәтижесін де көре алмаймыз. Елімізде емдеу-сауықтыру туризмін өз алдына жеке дамытуға болады. Бұған табиғи климат жақсы жағдай жасауда. Жақында Қапал Арасанда болдық. Өкі­нішке қарай, мұнда орналасқан сауықтыру орны жұмыс істемейтін болып шықты. 70 жыл бұрын Томас Аткинсон Қапал Арасанның шипалы суы туралы жазып, халық ем-дом алатын жер деп сипаттаған. Осындай бар дүние­мізді дамытып, көрсете алмай отырмыз. Заман ағымына қарай Алматы, Астана сияқты ірі қалаларымызда ақпараттық орталықтар ашылып, туризм саласында ілгерілеу бар. Бірақ бұдан да үлкен алғы­шарттар жасауымызға болады.
– Жастар арасында белсенді туризм­нің насихатталуы қалай?
– Қазір бұрынғыдай емес, жастардың қыста тау шаңғы спортына, жазда вело­сипедпен жүруі үйреншікті дағдыға айна­лып барады. Белсенді туризм мен жастарды спортқа баулу мектеп табалдырығынан басталса игі. Бұлай деп отырғаным, бүгінгі заман оқушысының оқу жүктемесі ауыр. Сондықтан оларға міндетті түрде табиғат аясында серуен­деуді, денешынықтыру сабақтарында тау шаңғысы, коньки тебу сияқты спорт түрлерін енгізсе құба-құп.
Сонымен бірге, мектеп жасынан бас­тап балаларға табиғатты аялауды, әрбір тіршілік иесіне қамқорлықпен қарауды үйрету қажет-ақ. Мәселен, мұның бар­лығы қарапайым қоқысты тазалаудан бастала­тынын жеткізу керек.
– Көк туымызды Антарктиданың ең биік шыңына ілгенде қандай әсер алдыңыз?
– Көк туымызды Антарктиданың Массив Винсон (4892 метр) деген ең биік шыңына ілудің өзі ерекше сезім сыйлады. Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ғажайып құрлық. Қиындықтармен де кезіктік. Қуантарлығы, алға қойған мақсаттарымыз бен жоспарларымызды орындадық. Arsh Medіa және KazGeo экспедициясымен бірлесе, 222 шақы­рымнан асатын оңтүстік полюсіне жеттік. Бұл экспедиция Қазақстанның 25 жыл­дық мерейтойы қарсаңында ұйымдас­тырылған еді. Саяхатымыз үш кезеңнен тұрды. Алғашқыда 16 желтоқсан күні тобымызбен бірге ең биік шыңды бағындырсақ, екін­шісінде 31 желтоқсан күні тау шаңғысымен оңтүстік полюске жеттік. Ақырғы кезеңде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
– Австрияда туризм саласы бойынша білім алғаныңызды білеміз. Еуропа туризм саласында несімен алда?
– Австрияда туризмді дамыту мем­лекеттік деңгейде шешілген. Мен оқып жүрген кезде, Австрия Туризм мен ин­дустрия министрінің орынбасары Ал­матыға арнайы барып, туризм мектебін салу жөнінде жоба қарастырғаны есімде. Расында, Австрияның тәжірибесінен үйренеріміз көп. Туризм экономиканы дамытушы вектор деңгейіне жеткен. Меніңше, барлығы маман даярлау мәселе­сінен басталады. Мен білім алған универ­ситеттің оқу бағдарламасы жыл сайын түрленіп отырады. Мәселен, біз білім алған оқу орнының ғимараты салынғанына
6 жыл ғана болса да жаңа оқу талаптарына сай болмағандықтан, бұзылып, қайта салынуда. Яғни, жаңа әдістемелікке сәйкес бейімделу процесі өте тез жүреді. Оқитын орынның да әдістемелікке сай болуы қатаң қадаға­ланады.
– Соңғы рет қайда бардыңыз? Қазір қандай жобамен айналысудасыз?
– Қазір мен Қазақ географиялық қоғамында жоба менеджері болып жұмыс істеймін. Бірнеше жобалар дайындап жатырмыз. Ағылшынтілді аудиторияға арналған Қазақстан туралы үш деректі фильм түсіру жоспарда бар. Мұның бар­лығы елді таныту, туристер тарту мақ­сатында жасалуда.
Жақында Жоңғар Алатауында болдық. Қазақ даласын зерттеген ғалым Томас Аткинсонның күнделігін зерделеп, соның картасымен жеті күн атпен тауды араладық. Алматы облысының біраз жеріне барып, осындай экспедиция өткіздік.
–Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*